Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ДЕНСАУЛЫҚ– ӨМІР САПАСЫНЫҢ ӨЛШЕМІ

Елімізде әрбір азаматтың медициналық сақтандыру жүйесіндегі нақты мәртебесі айқындалды. Бұл сақтандырылғандар мен сақтандырылмағандардың денсаулық сақтау саласы бойынша қандай қызмет алатынын білдіреді. Пандемияға байланысты барлық қазақстандықтар 1 сәуірден бастап шартты түрде сақтандырылған болып есептелген болатын. Сондықтан, сақтандыру қорына ақша аударған, аудармағанына қарамастан, оларға қызмет көрсетілді.

1 шілдеден бастап Қазақстанда міндетті медициналық сақтандырудың сақтандырылмаған азаматтар үшін
жеңілдікті кезеңі аяқталды. Заң бойынша осы кезеңнен бастап Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру ресми түрде енгізіліп отыр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының аға менеджері Ақтолқын Сұлтанованың айтуынша,
осыған орай қазақстандықтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде сақтандырылғандар мен сақтандырылмағандар деп екі сыныпқа бөлініп отыр. Ендігі жерде медиициналық қызмет сақтандыру қорына жарна аударғанына орай көрсетіледі. Бірінші топ медциналық қызметтің барынша толық пакетіне ие бола алады. Оларға арнайы мамандар қабылдауы бар консультатативтік-диагностикалық қызмет, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, стационарға орналастыру көмегі, жоспарлы стационарлық көмек көрсетіледі. Соңғысының ішінде қымбат тұратын оталар, диагностикалық қызметтер, оңалту, қалпына келтіру ем
түрлері бар. Екінші топқа тек кепілді медициналық қызмет деп аталатын тегін медициналық қызметті алады.
Оған жедел жәрдем, санитарлық авиация, алғашқы медициналық шұғыл, төтенше стационарлық, паллиативтік көмек пен әлеуметтік маңызы бар және бірқатар созылмалы аурулар жағдайындағы медициналық көмектің толық ауқымы жатады.

Мысалы, ауырған адам өзі бекітілген учаскелік ауруханадағы терапевтің бірінші қабылдауы кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көлеміне кіреді. Егер терапевт оның көз дәрігеріне бару қажеттігін анықтаса, сақтандырылған емделуші арнайы маманға кез келген ауру бойынша тегін қарала алады.

Ал, сақтандырылмаған емделушіде мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан, ай сайын адамдар өзінің сақтандырылу мәртебесін тексеріп отыру керек. Бүгінде елді жайлаған індетке сәйкес жұртшылықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы сақтандырылмағандардың емделу мүмкіндігі алаңдатады. Сұлтанова ханымның айтуынша, мұндай қобалжуға еш негіз жоқ. Өйткені, Covid-19-ға шалдыққан адамдарға кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көлемі бойынша қызмет көрсетіледі. Себебі, коронавирус – жұқпалы ауру. Онда кез келген азамат сақтандырылған, сақтандырылмағанына қарамай, кімде бұл індеттің белгісі бар, солардың барлығы емханадан бастап, стационарға жатып емделуге дейін көмек ала алады. Сол секілді пандемия кезінде де ПЦР тестің теріс болған жағдайында пневмония коронавирустың сенімді көрсеткіші болады.

Мұнда да ем пациенттің сақтандырылған, сақтандырылмағанына қарамастан жүргізіледі. Айта кететін бір мәселе – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘМС) жарна төлеуден босатылғандар бар. Бұл жөнінде де қоғамда сауал көп. Әсіресе, олар кімдер және бұл үрдіс қашанға дейін жалғасады, деген сұрақ жиі қойылуда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылғандар – шағын және орта бизнес нысандары. Бірақ, олардың бәрі емес. Бүгінгі таңда ел көлемінде 29 шағын және орта бизнес өкілдері босатылыпты. Олардың қызметтері де шартты түрде сақтандырылғандар болып шығады.

Босатылғандар санатында заң кеңесшілері, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, атқарушылар және медиаторлар, коммерциялық қызмет бойынша кеңесшілер, туристік агенттер мен туроператорлар, санитарлық-эпидемиологиялық, сырқаттарға арналған және санаториялық-курорттық ұйымдар, жеке мектепке дейінгі, бастауыш және орта оқу орындары, жеке дәрігерлік, стоматологиялық ұйымдар, концерттік, театрлық залдар, фитнес клубтар бар. Бұл ұйымдар 1 қазанға дейін өз
жұмыскерлерін сақтандырылғандар тізіміне енгізу керек. Ол үшін мемлекеттік табыс туралы комитеттің сайтына кіріп, арнайы сілтемеге өтіп, электронды-цифрлық қолдың көмегімен өз қызметкерлерінің мәліметтерін жүктейді.

Бұл тізімді ай сайын жаңалап отыру керек. Егер бұл санаттағы адамдар сақтандырылғандар қатарына қосылмаса не істеу керек? Егер сіз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарнадан босатылған кәсіпорында жұмыс істесеңіз де, өзіңізде сақтандырылғандар мәртебесі жоқ екенін анықтаған болсаңыз, Qoldau 24/7 қосымшасын жүктеп алу керек.

Жалпы, мемлекет МӘМС жарнасын азаматтардың он бес санатына төлейді. Олар – балалар, есепте тұрған жұмыссыздар, жұмыс істемейтін аяғы ауыр әйелдер, үш жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста
отырған ата-аналар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыздар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының
ардагерлері, пенитенциарлық жүйеде жазасын өтеп жатқан сотталушылар, тергеу изоляторында отырғандар,
«Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері,мүмкіндігі шектеулі жандар, жоғары оқу орындары және колледж студенттері, магистранттар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмекті алатын жұмыссыздар.

Егер сіз осы топтың бірінде болып, бірақ, емхана жүйесі сақтандырылмағансыз деп көрсетсе, онда медициналық ұйым емделушісін қолдау қызметіне жүгіну немесе Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасына арыз жіберу, сақтандыру қорының 1406 байланыс орталығына, өз аймағыңыздың медициналық сақтандыру қорының филиалына хабарласуыңыз керек.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий