Судья мінбері | Судебная система

Жол-көлік ережесін бұзғандарға жаза барынша қатайтылды

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда орта есеппен жол қозғалысынан жылына екі мың адам өмірі қиылса, солардың жартысынан көбі жаяу жүргіншілер екен. Ресми деректер жол көлік оқиғаларының 90 пайызы жүргізушілер кінәсінен орын алатынын да жоққа шығармайды. Бұл мәліметті келтіріп отырғанымыз, мемлекет басшысы біздің елде жол апатынан зардап шегетіндер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан көз жұматындар санымен пара-пар екендігін, сондықтан, бұл тұрғыдағы заңнамаларды қайта қарау қажеттігін айтқан болатын.

Соған орай, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң биылғы қаңтарда күшіне енді. Бұл заң қылмыстық сот ісін жүргізуді және ең алдымен, қылмысқа қарсы күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртуды, адам құқықтарын қазіргі қылмыс дәрежесіне сай қарсы әрекет жасай алатындай деңгейге көтеруді көздейді.

Енді өзгерістерге келсек, ҚР Қылмыстық кодексімен алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын жүргізетіндердің жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұза отырып, абайсызда денсаулыққа зиян келтiргені, адам өліміне, екі немесе одан да көп жанның өліміне соқтыратын іс-әрекеттер жасағаны үшін жаза барынша қатайтылды. Нақты айтқанда, Қылмыстық кодекстің 14-тарауы 345-1-баппен толықтырылды. Онда мас күйде көлiк айдап, жол ережесін бұзып, адам денсаулығына орташа зиян келтірсе, белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны нақтыланды. Сәйкесінше, ауыр зиян келтірсе немесе адам өліміне әкеліп соқса, жаза түрі бұдан да қатаң болады. Бірақ, заңның ескертпесінде осы бапта көрсетілген адамдарға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамдар жатпайтыны көрсетілген.

Сонымен қатар, қолданыстағы Кодекспен 346-бап толық өзгеріске ұшырады. Мысалы, бұрынғы заңдылыққа сай, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және масаң күйдегі адам көлік құралын басқарса лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айырыла отырып, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатын.

Қазіргі заң бойынша, жоғарыда көрсетілген үш жыл мерзім – өмір бойына, ал, екі жүз айлық есептік көрсеткіш – бес мың АЕК-қа дейiн, қоғамдық жұмысқа тарту не елу тәулікке дейнгі қамаққа алу – бес жылға бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды, яғни, жауаптылық барынша күшейтілді. Көлікті басқа адамның мас күйде басқаруына жол бергендер де осындай жауапкершілік арқалайды.

Жол-көлік оқиғалары ең алдымен, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, одан кейін экономикалық шығын алып келеді. Сонымен қатар, зардап шеккендер мен олардың отбасы мүшелеріне моральдық соққы болады. Сондықтан, қоғамдағы қозғалыстың ең негізгі бөлігі болып табылатын жүргізушілерге қатысты заңнама талаптарының қатаюын уақыттың өзі талап етіп отыр.

Динара ДЖУЗБАЕВА,

Әуезов аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий