Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

«Не масқара?!»: Қазақстандағы емханалар көрсетілмеген медициналық көмекті «көрсеттік» деп жазған

Адамды емдемей, тек қалтасына қызыққандардың ісін Денсаулық сақтау министрлігі біледі екен. Соңғы алты айда анықталған 12 мыңдай жалған қабылдаулардың кесірінен, бюджеттің 75 миллион теңгесі талан-таражға түскен.

Елдегі кейбір емханалар ебін тауып жалған қабылдау жүргізіп отырған. Жұрт оңай ақшаға кенелгісі келгендердің ісін әшкерелеп, әлеуметтік желіге бірінен соң бірі жазба жариялап жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Жауаптылар жұрттың шуынан соң, олар іле-шала “алты айда 12 мыңдай қателік таптық” деп отыр.

Айгүл Өтепова елордадағы №13 емханада демікпе ауруымен тіркеуде тұр. Тегін дәрі-дәрмек алады, дәрігерлері де оны бес саусағындай біледі. Әлеуметтік желілердегі қызу талқыдан соң, Айгүл «Дамумед» қосымшасына кіріп, дәрігер қабылдауына жазылған күндерін қарайды. Сөйтсе, оның да сыртынан қабылдау жасалған. Елорда тұрғыны  мұны «алаяқтық» деп отыр.

“Учаскелік дәрігер өзінің шешімін шығару үшін ол ауруды жеке көруі керек, жеке кездесуі керек. Телефонмен хабарласқан толық медициналық консультацияға жата ма, жатпай ма, білмеймін. Менің ойымша, жатпайды. Егер олар «ауруды қабылдадық» деп белгілеп қойса, ол – алақтық. Біздің ақшаны жеу деп санаймын. 17-маусым күні «Дамумед» бағдарламасында менің түнгі сағат 1 жарымда Нұр-Сұлтан қаласының №2 емханасындағы дәрігерге жазылған екенмін. Не масқара?! Түнде емханада мені ешкім қабылдамайтыны белгілі ғой. Кейін тағы қарап отырсам, екпе егілген, дәрі берілген. Мен ешқайсысын алған жоқпын”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айгүл Өтепова.

«Дамумед» – Қазақстанда көшірмесі жоқ, медициналық қызметті бір арнаға тоғыстырған жүйе. Мобильді қосымша арқылы науқастар дәрігер қабылдануына жазылып, ем алып, жедел жәрдемді де шақырта алады. Ал астыртын жазба жазып, жалған ақпар беру тек қосымшаға кіру мүмкіндігі барлардың қолынан келетін іс екен. Жүйе авторлары адамдарды алдайтын емханаларды анықтап бердік деп, мәз.

“Біз қадағалау органы немесе денсаулық сақтау басқармасы емеспіз. Әрдайым жұмысымызды тиянақты, жақсы жасауға тырысамыз. Біз адамдарға шынайы ақпаратты көруге, заңбұзушылықты анықтауға мүмкіндік бердік. Бұл – ашықтық. Цифрландырудың басты мақсаты да осы.  Бұл құрал сияқты. Сондықтан кез келген құрал сияқты, оны дұрыс пайдалану керек”, – деді «Даму» ақпараттық технологиялар орталығы» компаниясының бас директоры Наталья Киль.

Емханалардың мұндай әрекетке баруының мәні мынада: «Дамумед» арқылы ем-дом шаралары жүргізілсе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ақша бөлінеді. «Бармақ басты, көз қыстыға» барған ақ халаттылар осылай оңай олжаға кенеледі. Адамды емдемей, тек қалтасына қызыққандардың ісін Денсаулық сақтау министрлігі біледі екен. Соңғы алты айда анықталған 12 мыңдай жалған қабылдаулардың кесірінен, бюджеттің 75 миллион теңгесі талан-таражға түскен.

“Қазір заңды тұрғыда сараптама жүргізіліп жатыр. Дәрігерлер мен емхана басшыларына қатысты жазаны қатаңдату жағын қарастырамыз. Бұл  өрескел заңбұзушылық. Мұндай қателіктер адамдардың өміріне, денсаулығына қатты әсер етуі мүмкін”, – деді ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

«Тегін емдедік» деп, өздерінің науқастарын сыртынан емдеген медициналық ұйымдар, сәйкесінше медициналық сақтандыру қорына да “қатырдық” деп есеп беретіні сөзсіз. Ал қор бұқараның дауынан кейін ілезде заңбұзушылықтарды анықтадық деп ақталды. Енді өтірік емдеген емханаларға айыппұл салынады.

Айыппұл көлемі медициналық қызмет көрсету құнының 300 пайызын құрайды. Ақ халаттылардың қалай емдеп, қандай ем шараларын жүргізгенін қор өкілдері «Дамумед» арқылы біліп алмақшы. 300 пайыздық ақшалай өтемді емхана басшылары өтеуі тиіс. Ал дәрігерлер тәртіптік жазамен құтылады.

Комментарий