Аймақтар | РегионыЖаңалықтар | Новости

Абай Құнанбайұлының ғибратты ойлары

Өмірдің мәні неде? Адам болу үшін қайтпек керек? Адамзат өзі жаралғаннан бері бас қатыратын бар жұмбақтың шешуі – халықтың ұлы перзенті Абайда.

Ол қара сөздерімен халықты тәрбиелеп, адамгершілікке, имандылыққа шақыра білді. Оның «Он үшінші», «Отыз сегізінші» қара сөздері – соның дәлелі.

Мәселен:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп

Және хақ жолы осы деп әдiлеттi», деген өлең жолдары соның дәлелі болса керек.

Сондай-ақ, ұлы ақын иманның тек тілде ғана емес, істе, амалда екенін алға тартады.

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес.

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса тәңірі үшін»,- деп жырлайды ақын.

Абай Құнанбайұлының қара сөздерінде діни ғибратты ойлар да айтылған.  Әсіресе, сенім мен әдепке қатысты аят пен хадистерді қазақи мәнерде түсіндіреді. Мәселен, «Он үшінші қара сөзінде» иманға сипаттама береді.

«Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек», – деп жазады ғұлама.

Абай иманға тек пайдакүнемдік мақсатпен немесе елге жақсы көріну ниетімен келуді құптамайды. Ол адам өмірінің мәні сеніммен тікелей байланысты екенін алға тартады. Адамның барлық қайғы мен тауқымет, азаптарын сол иман мен оның жалғандығымен түсіндіреді.

Ал адам болу үшін қайтпек керек?

Абай атамыз отыз сегізінші қара сөзінде: “Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – зұлымдық”, – дейді.

Өмірдің мәні неде?

“Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қата жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды. Және һәмманы жаратқан Құдай бар, ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды, жазғыруы да, жарылғауы да пенде ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп – бәріне сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін! Олар сендім десе де, анық сенген кісіге уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді”, – дейді ғұлама отыз төртінші қара сөзінде.

Демек, Абай атамыздың философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Комментарий