Жер жаннаты - Жетісу

Талдықорғанда қос ғұламаның мерейтойы аталып өтіледі

Биыл қос бірдей ғұламамыздың мерейтойы. Қатар келген Ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдығы мен әлемді мойындатқан әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын еліміздің барлық аймағында кең көлемде атап өту жоспарланған еді. Алайда пандемиялық жағдайға орай, әлеуметтік арақашықтықты, сақтық шараларын ескеріп әзірге тұлғалардың мерейтойын атап өту кейінге шегеріліп отыр. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған іс-шараларды жоғары мазмұнды деңгейде өткізу мемлекеттігімізді айқындайды. Осы орайда ұлы тұлғаларымыздың мерейтойы мемлекеттік деңгейде қолға алынып отырғанын айта кету керек. Яғни мерейтойлық шаралар республика көлемінде өтпек.
Мәселен Талдықорған қаласында карантинге дейін Ұлы Абайдың 175 жылдығы және Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай тарихи-танымдық жобаларының таныстырылымы өтті. Жас суретші-дизайнер ғұламалардың бейнесі мен айтқан сөздері жазылған графикалық суреттерді көпшілік назарына ұсынған.
«Jetisy ART» жобасы аясында тарихи тұлғалар мультипликациялық кескін ретінде бейнеленіп, олардың афоризмдері мен нақыл сөздері жазылып, әлеуметтік желілер арқылы таратылған. Жоба авторы Еркеғали Иманғалидың айтуынша, мұндай әдіс кішкентай балалар мен жастардың жылдам қабылдап, қос ұстаздың шығармашылығын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Абай мен Әл-Фараби бейнесінің 20 түрлі нұсқасы әзірленген. Бұл суреттер көшедегі жарнамалық биллбордтарға, ғаламтор мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, үлкен аудиторияны қамтуды көздейді. Жоба авторлары биылғы жылы басқа мерейтойларғада арналған графикалық суреттер әзірлемек. Мәселен Жеңістің 75 жылдығы және Алтын Орданың 750 жылдығы сынды тарихи даталарды дәл осындай әдіспен насихаттаған. Жас дарынның бастамасы Талдықорған жұртының да көңілінен шыққан.


Жалпы республика көлемінде қос тұлғаға арнап 500-ден аса мәдени-рухани іс-шара жоспарланған. Осыған орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Біз енді кем дегенде ол кісілердің еңбектерін он тілге аударуымыз керек. Одан кейінгі іс-шара ЮНЕСКО төңірегінде Париж қаласында жоспар бойынша қараша айында өтетін болады. Республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен жарты млрд қаржы бөлінді. Осы Нұр-Сұлтан қаласында «Абай әлемі» деген үлкен орталық салсақ деген жоспарымыз бар. Оған қосымша қала әкімшілігі өздерінің есебінен Абайдың ескерткішін салатын болады. Абай мен әл-Фарабидің мерейтойы күнтізбесі шетелді де қамтиды. Кембридж университетінің музейінде Ұлы ақынға арналған іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәскеудегі Үлкен театрда «Абай» операсының қойылымы жоспарланған. «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби қорығы мен ақын есіміне қатысы бар мұралар қайта жаңғыртудан өтеді» деген болатын. Енді елордадағы республикалық оқушылар сарайы әл-Фарабидің атымен аталады. Ел астанасында ұлы ойшылдың еңселі ескерткіші орнатылып, шаһар көшелерінің біріне әл-Фараби есімі беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ жақында «Тамаша» телеарнасы жабылып, оның орнына халықтың рухани танымдық көкжиегін көркейтуді көздеген Абай арнасы ашылатыны да белгілі болып отыр. Сондай-ақ Абай ауданының инфрақұрылымының жағдайын жақсарту, Қазақстанның шетелдегі елшіліктері негізінде, сондай-ақ Қазақстандық ұлттық университеттерінің серіктес ЖОО «Абай орталықтарын» құру, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі өңірлік жоспарлар бекітілген болатын. Қазір карантиндік жағдай жеңілдесе шаралар жоспар бойынша өтеді деп күтілуде. Соның ішінде Алматы облысы, Талдықорған өңірінде де жоспарлы шаралар аз емес көрінеді.


Қазір елімізде Фараби танушылар саусақпен санарлық. Сондықтан басқа елдің ғалымдарымен байланыс орнату мәселесі де көтерілуде. Жалпы Әл-Фарабидің 1150-жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Конституцияның және Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығын тойлауға республикалық бюджеттен 3,8 миллиард теңге жұмсау жоспарланған еді. Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов Мәжілісте 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымында «Маңызды ұлттық жобаларды жүзеге асыру мақсатында бюджеттен 3,8 миллиард теңге қарастырылған. Бұл Абайдың 175 жылдығы, әл-Фараби мерейтойы, Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы”,- деген болатын. Әзірге карантиндік шаралар көп іс-шараға қолбайлау болып тұрғанымен онлайн түрде республика бойынша барлық мектептің оқушылары «Абай оқуларын» өткізіп, ақынның шығармашылығын жатқа оқудан сайысқа да түскен болатын.

Қуаныш Ермекова

Комментарий