Қоғам | Общество

Коронавируспен күресте халықтың жауапкершілігін қалай арттырамыз?

Елімізде індетке орай карантиндік режим енгізілгелі бері сақтық шараларын, санитарлық нормаларды сақтамаған мыңдаған жеке тұлғаларға, кәсіпкерлерге айыппұл салынды. Тәртіпке бағынғысы келмей індеттің таралуына ықпал еткендерге жазаны әлде де күшейту керек пе?  

 

Нұра Тынысқызы, заңгер:

  • Қазір вируспен күресте әр ел өзінше шешім қабылдауда. Сондықтан халқымызды карантиндік режимге үйрету мақсатында айыппұлды көтеріп, шектеу шараларын енгізіп біз де халықтың жауапкершілігін көтеру жолдарын қарастыруымыз керек. Карантинді соза беру халық үшін де, мемлекет үшін де оңай емес. Сондықтан індетті халық пен мемлекет бірігіп, мемлекет сақтық шараларын сақтау ережелерін уақытылы қабылдап, халық соған бірауыздан бағынып отырғанда ғана жеңе аламыз.

Мәселен қазір 31 шілде күні мешіттерде айт намазы оқылмайтыны айтылуда. Бұл ең алдымен халық қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара. Сондықтан халық бірауыздан бағынуы керек. Жазалау шаралары ғана емес, ел ішінде ақпараттандыру жұмыстары да кеңінен жүргізілуі керек. Сол секілді жиналып құрбан шалмау, айттамау керек. Одан бөлек, эпидемологиялық жағдайға орай үйлену тойы, ас беру, туған күн тойлау, құшақтасып амандасу, бет сүйісу, көрісу секілді әдет-ғұрыптардың барлығының індетті өршітуге себепкер екені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мамандар аузымен ашық айтылып отыруы керек. Қазір қаладағы карантиндік режимді бақылау мақсатында Алматы қаласы әкімдігі, СЭС және полиция қызметкерлерінің арасынан арнайы мониторингтік топтар құрып жатыр екен. Осындай топтардың жұмысы белсендірек болса екен деймін. Карантин бітсе де сақтық шаралары ұмытылмайтындай жұмыстар жүргізілуі керек. Карантиннен соң халық көп келетін, қызмет көрсету орындары, тамақтану орындары, массаж, сұлулық салондары, барлар, мейрамханаларда санитарлық талаптар күшейтілуі керек.

Жалпы індеттен құтылуымыз қазір елімізге сын болып тұр. Осы қауіптен арыла алмаған күйі күзгі карантинге кіретін болсақ жағдай ушыға бермек. Кәсіпкерлер жұмысына рұқсат сұрап, тиісті орындарға хат жазып, жатқанына қарап-ақ кәсіп иелерінің жағдайы мәз емес екенін байқаймыз. Мемлекет тарапынан берілген бірлі жарым қаржы, кәсіпкердің өз бетінше тапқан несібесіне жетпейді. Сондықтан ел ішінде карантиндік режимді сақтауға қатысты жұмыстар көбірек жүргізілуі керек. Америка секілді вируспен бірге өмір сүруге, сақтық шараларын сақтау арқылы індеттен тезірек құтылуға тырысуымыз керек.

 

Болатхан МАХАТОВ, қоғам қайраткері:

  • Халықтың вирусқа сенімсіздігі өзінен өзі қалыптасқан жоқ. Ел ішінде бірлі жарым оқиға кездесе сала барша халықты карантинге жапты. Артынша вирус жұқтырғандар кездесіп жатса да карантинді ашты. Халықтың көкейінде «ее мына вирус соншалықты қауіпті емес екен ғой» деген пікір қалыптасты.

Одан соң қаншама дәрі дәрмекті таратпай қоймаға тығып қою фактілері кездесті. Кешегі халықтың дизенфекция жұмыстарына араласып, көшеге сеуіп жүрген сірке қышқылы қосылған қоспаға бетін жуып жүргені де содан. Өйткені талай жерлерде дизенфекция жұмыстары көзбояушылықпен жүргізіліп, шенеуніктер бөлінген қаржыны «жеп қалуға» тырысып жатты. Қазір саладағы бірнеше басшының үстінен жемқорлық фактілері тіркеліп істі болуда. Соның бәрін көріп отырған халықтың көкейінде «вирус қауіпті болса оған бөлінген қаржы неге талан таражға түседі» деген ой қалыптасты. Ол үшін халықты кінәлай алмайсың. Ақылға сыйымсыз осындай жайттар халықтың көкейінде күдік тудырып, вирусқа сенбеуіне себеп болды. Шыны керек, халықтың көкейіндегі көп сұраққа тиісті орындардан жауап жоқ. Сосын халық та сенбей, маска тақпай емін еркін жүре бастады. Халық ел ішінде өлім жиі тіркеле бастаған соң ғана сенді. Кеше ғана Атырау облысының прокуратурасы аймақтық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғаны туралы фактілер жария етті. Демеушілік көмек ретінде берілген медициналық жеке қорғаныш құралдарын тығып қойған. Тізе берсек мұндай фактілер жетерлік. Осыдан соң халық қалай сенеді? Сосын сенбеген халық жаппай дәріханаға ағылып, дәрі дәрмек тапшылығы туындады. Енді халықтың сеніміне ие болу үшін жұмыстар жасалыну керек. Сонда ғана вирусты жеңе аламыз. Өз басым коронавирустың өршуіне ел ішіндегі жемқорлық фактілері айтарлықтай әсер етті деп ойлаймын. Сондай-ақ маска тақ деді, одан тақпа деді, мәйітті көмудің ережелерінің өзі бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Осындай бірсөзді арнайы ереженің болмауының өзі халыққа күмән туғызады.

Яғни карантиндік ережелерді бұзғандарға ғана емес, жемқорлыққа жол бергендерді де, халықтың көкейінде күмән туғызуға себеп болғандарды да аяусыз жазалау керек. Жемқорлықты жеңбей коронавирусты жеңе алмаймыз.

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий