Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

Құрбан айт: Мал базарында баға қандай?

Биылғы Құрбан айт бұрынғыдан өзгерек. Намаз оқу үшін мұсылмандардың жаппай мешітке жиналуына тыйым салынған. Қауіпсіздік мақсатында үй аралап, қонаққа баруға да болмайды. Ал эпидемия жағдайында құрбан шалу – онлайн форматқа көшті. Сонымен қала тұрғындары Құрбан айтты қалай қарсы алып жатыр? Жыл сайын төрт-түлік сатушыларының науқаны басталатын кезеңде мал бағасы шарықтап кетпеді ме? Zanmedia порталы назарларыңызға Талғар қаласынан арнайы репортаж ұсынады.

Талғар қаласындағы пост

Талғарда жылдағыдай жол жиегінде мал саудасы жоқ. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты қатаң тәртіп орнатылған. Тек бір ғана рұқсат етілген “Әділет” базары жұмыс істеп тұр. Естеріңізге сала кетсек, Алматыда полиция қала территориясында Құрбан айт мейрамы кезінде мал әкелуге, мал союға тыйым салынатындын айтып, осы талаптарды қадағалау үшін қаланың айналасында 14 полиция посты қойылатынын айтқан еді.

“Әділет” базарындағы кезек

Айт мерекесіне дайындалған қала тұрғындары әлеуметтік қышықтық пен бетпердені ұмытпай, құрбандық шалатын мал таңдауға келген. Дегенмен базарда адам қарасы көп емес. Оны елімізде құрбандық шалуға тапсырыс беру мен мұқтаж жандардан өтініш алу онлайн режимде жүзеге асып жатқанмен байланыстырдық.

Құрбандық шалатын мал таңдауға келген қала тұрғындары

Эпидемиологиялық, әлде экономикалық ахуалға байланысты ма екен, тұрғындар құрбандық шалатын малдың құны қымбаттап кеткенін айтады.

Ғани Төлеген, Алматы қаласының тұрғыны:

–Қала шетінде мал бағасы қаладан қарағанда арзандау болады ғой. Сондықтан да осы жерге құрбандық шалатын мал іздеп келдім. Бірақ қолымдағы ақшаға түк келмейді. Қазір коронавирус өршіп тұрғанда халықтың жағдайы қиындап кетті. Сондықтан тұрғындардың жағдайына қарап, малдың бағасын түсірулері керек қой.

Талғар қаласында қойдың бағасы 60 мың теңгеден басталады

“Әділет” базарындағы тоқты – 33 000 теңге

Мұндағы малдардың басым бөлігі Нарынқол, Кеген, Жаркент елді мекендерінен әкелінген. Тоқтылардың бағасы 30- 40 мың теңге аралығында. Ал үлкен қойлар 60 мың теңгеден басталады.

“Әділет” базарындағы қой – 60 000 теңге

Тайыншаның бағасы 200 мың теңгеден жоғары. Ал базар төңірегінен сатылатын түйені көрмедік. Оның үстіне қазақ халқы “ұлық мал” санайтындықтан, көбінесе түйені құрбандыққа шалмайды.

Біле жүріңіз: құрбандыққа қандай мал шалынады?

“Әділет” базарындағы малдар

Құрбандық үшін малдың үш түрін: түйе, сиыр, қой не болмаса ешкіні союға болады. Құсты союға болмайды, ал жылқы малы Имам Ағзам жолы бойынша соғыс көлігі саналатындықтан, құрбандыққа жатпайды. Құрбандыққа қой мен ешкінің бір жасқа толғаны, түйенің бес, сиыр мен өгіздің екі жасқа толғаны сойылады. Бұлардың дене мүшелері түгел әрі сау болуы шарт.

Ақбота Ерболқызы

 

Комментарий