Судья мінбері | Судебная система

Жаңа заңнаманы таныстырудан шет қалмаймыз

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қолданысқа енгізілді. Бұл құжат азаматтық сот процесінің сапасын көтеріп, заманауи форматтардың көмегімен сот жұмысын жетілдіруге, жеделдігін арттырып, әуре-сарсаңын азайтуға, жауаптылықты күшейтуге ықпал етеді деп күтілуде.

Бұл заң көпшілік тарапынан үлкен қызығушылық тудырған, соған сәйкес ең көп талқыланған құжаттың бірі болды. Әрі заңнаманың азаматтардан түскен ұсыныс-тілектерді ескере отырып толықтырылғаны да халыққа бір табан жақын ете түседі. Жаңа өзгерістерді сүзгіден өткізген жандар мұнда азаматтық процеске елеулі ерекшелік енгізетін жаңашылдықтар барын бірден байқайды. Ал осы жаңғыртуларды қоғамның назарына ұсынып, жұртшылықтың құқықтық сауатын арттыру барша заңгердің азаматтық парызы. Мұндай сауапты шарадан Алматы қаласы Медеу аудандық сотыны да шет қалмады.

Азаматтық процестік заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды таныстыруға, насихаттауға бағытталаған мақалалар, түсіндірмелер бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты жарық көріп жатыр. Осы мақалаларда нақты мысалдарды алға тарта отырып бұрынғы кодекс пен қазіргі құжаттағы өзгерістің ара жігі ажыратылып көрсетіледі. Өйткені, заңгерлер болмаса қарапайым азаматтардың ескі құжат пен жаңасын салыстырып отырмасы белгілі. Соған орай біздің соттың судьялары да өз тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып құжаттағы жаңашылдықтарды таныстыруды қолға алды.

Қазірдің соттардың бәрі қашықтан жұмыс істеуде. Дегенмен, әлеуметтік желілер, сайттардың көмегімен заңнамаларды түсіндіру судьяларға қиындық келтіріп отырған жоқ. Керісінше, азаматтардан түскен сауалнамалар жинақталып, судьялардың осы ғаламтор мүмкіндігін пайдаланып жауап беруіне кең жол ашылған. Онлайн жиындар қайта соттар мен қарапайым азаматтарды бұрынғыдай жақындата түскен. Тікелей желілер іске қосылып, байланыс тетіктері реттелгендіктен азаматтардың жолдаған сауалдары жауапсыз қалмайды. Бұл да болса отандық соттың мерейін өсіретін қадамдар.

Т.Жұмамұратов,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

Комментарий