Судья мінбері | Судебная система

Өзгерістер өмірден алынған

Азаматтық заңнамадағы өзгерістер тек заңгерлер қауымын қызықтырып отырған жоқ. Қарапайым халықтың білгісі келетін, сала мамандарының түсіндіруін қажет ететін жаңашылдықтар бұл құжатта аз емес. Соған орай қазіргі кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 10 маусымында қол қойған «ҚР Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» заңын түсіндіру, өзгерістерді таныстыру бойынша кешенді жұмыстар қолға алынып жатыр.

Бұл заңды қабылдаудағы басты мақсат – сот процесін барынша оңтайландыру, заманауи технологияның көмегімен сот процесін жеделдету, сапалық жақтан көтеру, сот үшін де, тараптар үшін де әуре-сарсаңды, артық рәсімдерді арылту.

Жаңа өзгерістерді енгізу барысында судья, заңгерлерден бөлек, қарапайым халықтың да талап-тілегі ескерілген аңғару қиын емес. Мәселен бұрын шешім шығарар алдында судьяның кеңесу бөлмесіне кетуі қалыпты үрдіс болатын. Бұл азаматтардың түсінбеушілігін тудырғаны рас. «судья кеңесу бөлмесіне неге кетеді? Кіммен кеңеседі?» деген сауалды тараптар талай рет қойған. Мұның барлығы сот жұмысына қатысты күмәнді көбейтіп, судьялар қызметіне деген сенімсіздікті тудырары ақиқат. Осы жағдайлар ескеріліп, жаңа өзгерістерге сәйкес, сот кеңесу бөлмесіне шығады деген ұғым алынып тасталды.

Тағы бір елеулі өзгеріс – судьяның поцестік еркіндігіне қатысты болды. Бұған дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес судья шешімді тек тараптар ұсынған дәлелдер мен көрсеткен талап шеңберінде ғана шығаратын. Жаңа толықтырулар кезінде бұл шектеудің де шешімі табылды. Осылайша енді судьяның тараптар ұсынған, жинаған дәлелдер мен дәйектерге сүйеніп қалмай, істің ақ-қарасын ашуға көмектесетін дәлелдер сұратуына, қосымша құжаттар алдыруына, сауалдар қою арқылы мәселенің ұыр-сырын анықтауына еш кедергі жоқ.

Осыдан көріп тұрғанымыздай – бұл заңнама судьялардың құзыретін кеңейтуімен, ақиқатты ашуға жан-жақты мүмкіндік беруімен бағалы болып отыр.

Г.Бейсенова,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

Комментарий