Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

Қазақстанда қанша бала балабақшаға барады?

Қазақстанда 10 мыңнан аса балабақшаға 906 мыңға жуық бала барады, – деп хабарлайды Finprom.kz.

Зерттеу мәліметіне сүйенсек, мектепке дейін тәрбие мен білім беру саласында көрсетілген қызмет көлемі осы жылдың қаңтар-наурыз айларында 105,6 млрд теңгеге жеткен. Жылдық өсім 24,6 пайызды құраған. Одан бөлек білім беру саласында көрсетілген қызмет көлемі 29,5 пайызға артып, 655,1 млрд теңгені көрсеткен.

Ал мектепке дейінгі білім беру қызметінің үлесі 16,8 пайыздан 16,1 пайызға азайған. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше 2020 жылдың шілде айы бойынша елімізде 10,7 мың балабақша бар. Онда 97 мың педагог еңбек етеді. 906 мыңға жуық бала балабақшаға барады.

Олардың 40,6 пайызы – жеке балабақшалар. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 78 пайызды, ал 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 98 пайызды құрайды. Ал карантин уақытында балабақшалар тәрбиеленушілерді тек кезекші топтар бойынша, яғни 15 баладан артық қабылдамайды.

«2020 жылдың алғашқы тоқсаны бойынша Қазақстанда өңірлердің ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында ең көп қызмет Түркістан облысында көрсетіледі (14,1 млрд теңге). Оның ізінше Алматы қаласы (10,5 млрд теңге) мен Жамбыл облысы (9,1 млрд теңге) тұр. Бұл салада жылдық өсім Қазақстанның 17 өңірінде де байқалған», – делінген хабарламада.

 

Комментарий