Судья мінбері | Судебная система

Бітімге келудің берері көп…

Сот саласы қазір медиацияға, бітімге келуге, сотқа дейінгі татуласуға айрықша көңіл бөліп отыр. Тіпті карантин кезінде соттан бас тартып, медиацияға келудің артықшылығы көп екені ҚР Жоғарғы Соты тарапынан насихатталуда. Жақында ғана мемлекет басшысы қол қойған Азаматтық процестік Кодексте де татуласу рәсімдеріне көңіл бөлінген.

Мәселен жаңа Азаматтық процестік Кодекс бойынша татуластыру рәсімдері сотта да жүргізіледі. Сотқа дейінгі татуласу рәсімі бар, сотқа келгеннен кейін де бітімгер судьяның көмегімен бітімге келуге болады. Бұрынғы Азаматтық процестік Кодекс бойынша  судьяларға тараптарды татуластыруға бес-ақ күн уақыт берілетін. Ал жаңадан қабылданған заң жобасында судьяға 10 күн уақыт беріледі. Бітімгер судьялардың айтуынша бес күн жеткіліксіз. Жер дауы, еңбек дауы, мұрагерлікке қатысты қаралған істерде дауды бес-ақ күннің ішінде шешіп алу оңай емес. Тараптар да бес күннің ішінде судья шақырған бітімге келісе қоймайды. Сондықтан алдағы уақытта “мұндай істерге он күн толығымен жеткілікті болады” дейді мамандал. Яғни Кодексте де азаматтарымыздың бітімге келуіне барынша мүмкіндік беріп отыр. Бұл мүмкіндік медиацияның тынысын ашатын өзгеріс екені даусыз.

Шыны керек ата-бабамыз ежелден қолданған медиация әдісі қай жағынан болмасын пайдалы. Дауласқанды сөзге тоқтатып, татуластыратын, бітімге келу арқылы шығынның орнын толтыратын қазақтың дала демократиясындағы билердің мәмілегерлік институты өркениеттік үлгі ретінде қоғамымызға қайтадан дендеп енгізілуде. Бітімгершілік – дауды шешудің озық әдісі болып табылады. Ұсақ-түйек келіспеушіліктердің бітімгершілікпен шешілуі, қиын істердің сапалы қаралуына ықпал етіп, азаматтардың уақытын үнемдеп, сот барысында орын алатын моральдық, материалдық қиындықтардан құтқарады. Сондықтан бұл заңды халыққа жете түсіндіріп, дауларды сотқа жеткізбей-ақ бітімгершілікпен шешу мәселесін көтеріп, жұмысты оңтайландыра түскен жөн. Сот процестері арызданушы екі тараптың бірнеше ай уақытын алса, медиация процесі таласты тараптарды бірнеше сағат ішінде татуластырып, шешім шығарады. Уақыт үнемдейді. Екіншіден, сотқа емес, медиаторлық көмекке жүгінген азаматтардың қаржылық шығыны азаяды. Құқық қорғаушы жалдаудың, көптеген сараптамалар жасаудың қажеті болмай қалады. Бұл да қаржы үнемі. Үшіншіден, әрі ең бастысы, соттағы сияқты екі тараптың бірі жеңіліп, бірі жеңбей, екі жақтың да көңілінен шығатын ортақ шешім қа­былданады. Сондықтан сот саласында бүгінгі күні жүргізіліп жатқан өзгерістердің, татуластыруға көңіл бөлудің маңызы зор.

Дауанов Нұркелді, Алматы қаласы Бостандық ауданы №2 сотының сот жасауылы

Комментарий