Жаңалықтар | Новости

Өз ғалымдарымыз ойлап тапқан дәріге неге сенім жоқ?

Өзімізге сенуден қалдық па? Отандық ғалымдар коронавирусқа қарсы дәрі ойлап шығарды. Бұл әрине қуанышты жаңалық. Алайда шетелдік баламасынан екі-үш есе арзанға түсетін вирусқа қарсы препаратты еліміздің денсаулық сақтау министрілігі қолданысқа енгізуге асығар емес. 16 жылын сарп етіп, емге шипа болар дәріні шығарған ғалымдардың еңбегі қазір еш кеткендей болып тұр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Науқастарға беріп тиімділігі дәлелденсе де, жұқпалы дертке шалдыққарды емдеуге оның қажеті болмай қалған. Дайын өнімді пайдалануға не кедергі болды?

Алматыдағы инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығының мамандары туберкулезді емдеуге арналған препарат ойлап шығарды. Құрт ауруы өкпеге жылдар бойы зақым келтірсе, короновирусқа бірнеше күн жеткілікті. Сондықтан, екеуінің арасында ұқсастық бар деген мамандар жұқпалы індеттен жылдам құтылуға болатынын алға тартуда. Қолданысқа енбеген дәрінің басты ерекшелігі адамның иммунитетін көтеріп, ағзаның індетпен күресуіне жағдай жасайды. Ал, тұтынғаннан кейін антибиотиктердің тиімдігі арта түседі екен.

Гүлшара Ахметова, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор:

“Туберкулезге қарсы қолданғанда біздің препараттан кейін ішкендер үш айдың ішінде микробактериясы жойылды. 6 айда өкпесіндегі өзгерістер барлығы кетті. Адамдар дендері сау болып кетті”.

Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова отандық ғалымдар ойлап шығарған дәрілерді денсаулық сақтау министрлігі қолдан жасалған кедергілер арқылы өндіріске енгізбей отыр деген пікірде. Мынандай қысылтаяң кезеңде шұғыл әрі жылдам шешім қабылдау керек. Алайда ведомсвто шетелдік дәрілерге басымдық береді, дейді.

Ирина Смирнова, Парламент мәжілісінің депутаты:

“Біздің отандық ғалымдар ойлап тапқан дәрілер өте жоғары сапада. Бұл препараттар елімізде таралған індеттің алдын алып, талай адамның өмірін сақтап қалар еді. Мәселен АҚШ-та дәрілерді енгізуге бір тәуілік уақыт жұмсайды. Қытай мен Ресейде де шұғыл шешім қабылдайды. Бізде клиникалық зерттеулерге 300 күн керек”.

Препараттың құны шамамен 5 мың теңгенің айналасында. 50 миллилитрлік құтыны 5 күн ішуге болады. 10 күн ішсе індеттен құлан таза айығып шығады, дейді ғалымдар. Ал шетелдік баламасының құны 13-15 мың теңге көлемінде. Клиникалық зерттеуге дейін дәріге не себепті рұқсат бермей жатқандығын анықтау үшін денсаулық сақтау министрлігіне сұрау салдық. Алайда, нақты жауап әлі келген жоқ. Егер институт мамандарының сөзі дұрыс болса және уақытында тіркелсе жүздеген жанның өмірін сақтап қалуы мүмкін еді.

Комментарий