Судья мінбері | Судебная система

Заң өзгерсе де, отбасылық құндылық өзгермейді

Кемшіліктің себебімен күрескеннен гөрі, алдын алған әлдеқайда пайдалы. Әсіресе қылмысты болдырмаудың алғышарты – отбасындағы тәрбиемен өзектес. Қазақстандағы статистика көрсетіп отырғандай кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 90 айызы әкесіз өскен, толық емес отбасында тәрбиеленген балалардың қолымен жасалады. Жанұясында әке-шешенің жылылығын сезінбеген, қамқорлығын көрмеген балалардың да қиыс жолға түсуі оңай. Психологтар сонымен бірге әке-шешенің ұрыс-керісіне куә болып, қатігездікке ұшыраған балалардың да үлкейгенде қатігездік жасауға бейім тұратынын алға тартып отыр. Осының барлығы елдегі тыныштық пен бейбітшіліктің негізі отбасылық құндылықпен өзектес екенін дәлелдейді.

Отбасы институтын дәріптеп, ел дамуының басты белгісі санайтын Сингапур, Оңтүстік Корея сияқты өркениетті елдерде отбасылық психологтар, отбасылық дәрігерлер мен отбасылық соттар бұрыннан тәжірибеде бар. Соған орай шаңырақтағы шуақты, жанұядағы жарасымдылықты дәріптеу мақсатында, ең бастысы соңғы жылдары жиілеп кеткен ажырасу деректерін азайтсақ деген ізгі ниетпен отбасылық сот пилоттық жобасы тәжірибеге енгізілген болатын.

ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асановтың бастамашылығымен жүзеге асырылған бұл жобаға айрықша ден қойылды. Соған сәйкес қанатқақты бастама қолға алынған алғашқы кездің өзінде еліміздің 51 сотында «Отбасылық сот» жобасы жүзеге асырылып, оған кәсіби білікті, тәжірибесі мол 107 судья жұмылдырылғанын еді. Қазылар отбасын сақтап қалуға және олардың құқықтық проблемаларын шешуге барлық жағдайды жасады. Жоғары Сот төрағасы Жақып Асановтың «Тәртіп пен заң өзгерсе де, отбасылық құндылықтар өзгермейтін киелі әрі мәңгілік құндылықтар. Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алады. Көшеде, қоғамдық орындарда орын алатын қатігездіктің түп тамыры отбасында болған жағдайлардың көрінісі» деген сөзі мәселенің маңыздылығын айшықтай түседі.

Отбасылық сот жобасы бірнеше бағытта жұмысын үйлестіріп келеді. Оның алғашқысы – ажырасу деректерін зерттеп, некенің бұзылуына ненің түрткі болғанын анықтауды көздейді. Өкінішке орай, Қазақстандағы әрбір үшінші неке бұзылады. Ажырасу шаңырақтың шайқалуына ғана емес, екі әулеттің сыйластығына сына түсіріп, екі жаққа да қаржылық қиындық тудыратыны белгілі. Ажырасуға арыз бергендердің сылтауы әртүрлі. Көпшілігі мінездерінің жараспағанын, ата-анасының араға түскенін, жұбайының араққа, нашаға салынғанын, жұмыс істемейтінін, құмар ойындарға бейім екенін алға тартып жатады. Әрине, екі жаққа кеткен соң азаматтың екінші рет отау құрып, келіншектің де бақытты отбасы болуына кедергі жоқ. Бірақ, некенің бұзылуы ең алдымен баланың психологиясына кері әсер етеді. Ажырасу жасөспірімдердің мінез-құлқын бұзады. Жасық, ешкімге сенбейтін, жалтақ балалар осындайдан пайда болады. Дана бабаларымыздың «Отыз мектеп жабылып бір әкенің тәлімін бере алмайды» деген өсиетті бекер айтпаған. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін, ұл-қызымыздың болашағын ойласақ ажырасуға асықпай, отбасылық мәселелерді ашумен емес, ақылмен, байыппен, сабырмен шешуге күш салған дұрыс.

Осы орайда бүгінгі күні Республиканың әрбір өңірінде жобаны жүзеге асыру үшін соттар анықталған, олар отбасы-неке қатынастары саласындағы дауларды қарау тұрғысынан мүлдем басқа көзқарастағы бағыт ұстанып отыр. Мәселен, сот дауды сотқа дейінгі тергеу арқылы шешу жолымен шектелмейді, сонымен бірге отбасылық қатынастарды сауықтыру, жалпы отбасын сақтап қалу және дау-жанжалдан арылмай жүрген ерлі-зайыптыларды татуластыру жөнінде шаралар қолданады. Ал бұл үшін соттарда татуластыру рәсімдерін өткізу жөнінде арнайы кабинеттер ашылған. Мұндай отбасылық кабинеттерде білікті психолог мамандар дау-жанжалға қатысушылармен әңгімелер өткізеді, дауды сот тәртібімен шешудің балалар үшін әкеп соғатын психологиялық салдарларын түсіндіреді. Бүгінгі күннің өзінде аталмыш шараның тиімділігін байқап отырмыз.

Ильяс Қосаев,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий