Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

Жануарлардың құқығын қорғайтын заң керек

1 мамырда Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылының орталық саябағында бәзбіреулер екі итті ағашқа асып, өлтірген. Асылып тұрған иттерді кішкене балалар көрген. Одан кейін 1 маусымда әлеуметтік желілерде Атырау облысындағы Еркіндала ауылы тұрғынының видеосы тарады. Видеода ол өз итін әуелі қылғындырып, кейін басын ескі тоңазытқыштың есігіне қысқан. 5 маусымда Алматы облысы Қабанбай ауылының 15 және 16 жастағы тұрғындары күшікті тірідей өртеп, оны видеоға түсіріп, желіде жариялады. Кейін олар мұндай әрекетті ермек үшін істегенін айтты.

Бұл елімізде кейінгі кезде тіркелген жануарды қорлаудың біраз деректері ғана. Ал тіркелмегені, ел естімегені
қаншама?! Мүмкін жануарларға қатысты қатыгездік бұрын да болған шығар, бірақ ақпарат технологиясының қазіргідей белсенді болмағанынан жалпақ жұртқа жария болмады ма екен? Әлде қазір шынында қатыгездік
көбейіп кетті ме?

Психолог Ақнұр Тәуекелдің айтуынша, адам себепсіз агрессия көрсетпейді.

«Алты жасқа дейінгі бала жан-жануарға, тіпті құрт-құмырсқаға зәбір көрсеткенде оған зияны тиетінін білмеуі мүмкін. Ал одан кейін баланың мұндай іс-әрекетін қатыгездікке жатқызуға болады. Бала жан-жануарды қорлайтын әрекетке бармауы үшін ең алдымен ата-ананың тәрбиесі дұрыс болу керек деп ойлаймын. Ата-ана балаларын табиғатты сүюге, жан-жануарларды қорғауға үйрету керек. Ересек адамдар балаларына кітап оқып беріп, жануарлар әлемі туралы фильм көрсетіп немесе зообаққа апарып таныстыру арқылы уақыт бөлуі керек. Баламен түрлі жануар рөлінде ойын ойнап, тіпті үй жануарын асырап, оған қамқорлық жасауды үйрету де артық болмайды. Міне, осындай әрекеттер баланың жануарларға деген махаббатын ашып, қамқорлық танытуына көмектеседі. Меніңше, адекват адам жануарларды ешқашан қорламайды. Ал, бала бойындағы агрессия оның кішкене күнінде көрген ұрыс-керістен, отбасында немесе достары арасында жасалған қысымнан туындайды. Мұндай жағдайда бала өзінің әлсіз емес екенін дәлелдеу үшін өзінен осал жанға күш көрсетеді», – дейді Ақнұр Тәуекел.

Бір қызығы, біз, итбалыққа тас лақтырып, итше тепкілеп жүргенде, Архангельск қаласында итбалыққа арналған ескерткіш бар екенін білдім (6 шілде күні әлеуметтік желіде демалып жатқан адамдар Каспий итбалығына тас лақтырғаны туралы видео пайда болды).Соғыс жылдары Архангельск қаласы аштық құрсағында қалған кезде тұрғындар итбалық аулап, оның етін тағам, терісін киім, ал майын мылтықты майлауға қолданып, аштықтан аман қалған екен. Осылайша жүз мыңдаған адамды аштықтан құтқарған итбалықтардың құрметіне ескерткіш орнатылыпты. Ескерткіштің тақтасына «Сен қанша адамды аштықтан, суықтан құтқарып қалдың» деген жазу жазылған.

Ал, біз, жануарларды қалай қорғап жүрміз? Қазақстанда қазір жануарлар Қылмыстық кодекстің және Әкімшілік
құқықбұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабымен қорғалады. Бірақ, арнайы жануарларды қорғауға қатысты заң жоқ. Дегенмен, ол бізде ғана. Ал, жануарларды қатыгездіктен, қысым көрсетуден қорғау туралы
алғашқы заң 1822 жылы Ұлыбританияда қабылданған. Жануарларға арналған ең қайырымды заңдар мен
ең жақсы жағдайлар Аустрияда екен. Онда иттердің құлағын, құйрығын кесуге, жануарларды цирктегі жұмыстарға салуға, күшіктерді, мысықтарды жануарлар дүкенінен басқа жерде сатуға тыйым салынған. Ал,
иттерге арналған ең алғашқы баспана Жапонияда 1965 жылы ашылыпты. Мұнда алғашқы жылдардың өзінде 50 мыңнан астам жануар осы қонысты мекендепті.

Данышпан Махатма Ганди бір сөзінде: «Әрбір ұлттың моралдық дамуы үдерісін жануарларға қалай қарайтындығы арқылы білуге болады», – деген екен. Ендеше, бойымыздағы мейірім, жауапкершілік, адалдық деген санаулы болмысымыздан айырылмай, өзімізден әлсізге әрқашан қамқор болайықшы.

Қуантар АЛИХАНОВ, ветеринар, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастырылған профессоры:

Жануарларға қатысты соңғы оқиғалар маған да ауыр тиді. Бірақ, мұның бәрі тек бір адамға ғана байланысты
емес. Мемлекеттің араласуынсыз ветеринария мен мал шаруашылығымәселелерін  реттеу, жануарды аяусыз қорлауды доғару мүмкін емес. ҚР Азаматтық кодексіне үңілетін болсақ«жануарлар меншік заты» ретінде
теңелген. Ал, жабайы аңдар «табиғи ресурстар» ретінде, қоршаған ортануы қорғау негізінде мемлекеттің меншігінде болып есептеледі. Демек, елімізде кез келген адам қалаған кезінде ит-мысық асырап алып, қызық болмай қалғанда оны сатып жібере салуына, ұйықтатуға, яғни одан құтыла салуына болады.Ал ҚР Қылмыстық кодексінде  «Жануарларға қатыгездік жасау» бабы бойынша жануарлардың өлуіне немесе мертігуіне әкеліп соққан қатыгездік жасау бұзақылық жас балалардың көз алдында жасалынса, 120
айлық көрсеткішпен айыппұл төлеугенемесе 30 тәулікке қамауға алу бойынша жаза қолданады. Екінші тармағында, егер топтық, арнайы, алдын ала келісілген түрде немесе бірнешемәрте қайталанып жасалған жағдайда 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынып немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұл 316-баптың әлсіздігі, Қылмыстық кодекстің тар ауқымда екенін көрсетеді. Ал ҚР Ветеринария туралы заңында ең негізгі міндет –жануарларды аурудан қорғау, емдеу, жануарлар мен адамдарды ортақ аурулардан қорғау болып табылады. Бұл жерде жануарлардың әр түріне қатысты заңдар жазылған. Бірақ, бұл талаптар көп жағдайда сақталмайды. Алматыда үй жануарын серуендету ережесі бар. Ол 2018 жылдың басында қабылданды және ол жануарды күтіп-бағуға жауапкершілікті арттыруды көздейді. Дегенмен, ережені
қайта қарауды қажет ететін тұстары бар. Қазір бізге жануарларды қорғауға қатысты заң қабылдау қажет.

Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий