Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

Қазақстандағы халық саны 1,3% өсті

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің 2020ь жылдың қаңтар-мамырдағы демографиялық ахуалы туралы ұсынған мәліметінде көрсетілген.

2020 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша, еліміздегі халық саны 18735,9 мың адамды құраған.
Оның ішінде 11018,5 мың (58,8%) адам қала тұрғындары болса, 7717,4 мың адам (41,2%) ауылдарды мекен
етеді. 2019 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда, халық саны 246,2 мың адамға немесе 1,3% өскен.

Қарастырылып отырған кезеңде ең көп жалпы өсімі еліміздің 3 өңірінде қалыптасқан: Алматы қаласында – 62 мың адам, Нұр-Сұлтан қаласында – 54,5 мың адам және Түркістан облысында – 35,5 мың адам. 2019 жыл басында Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонайха ауданы (15,4%) қазақтардың үлесі ең аз аудан ретінде тіркелсе, қалалардың арасында Риддер қаласында жергілікті халықтың саны ең төменгі 15,2% құраған.

Қазақстандағы халық саны аз қала Ақтөбе облысындағы Жем қаласы болып табылады. 2019 жылдың 1
сәуірінде бұл қаладағы халық саны 1695 адамды құрады. Ал, 2019 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша, 300 223 тұрғыны бар Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан бойынша халық ең көп қоныстанған аудан болып табылды.

Қазақстандағы ең халық саны көп қалалық аудан Алматы қаласының Бостандық ауданы болып табылады.
Мұндағы халық саны 2019 жылдың 1 сәуірінде 344 802 адамды құрады 2019 жылы Қазақстан Республикасында АХАТ органдарында 402 310 нәресте тіркелген, бұл 2009 жылмен салыстырғанда, 12,9% көп. Қалалық мекендерде туғандардың саны 239 496 адамды (59,5%), ауылдық жерде дүние есігін ашқан сәбилер саны 162 814 адамды (40,5%) құрады.

2019 жылдың нәтижесі бойынша, 208 038 ұл (51,7%), 194 272 қыз (48,3%) туған. Туған кездегі жыныстардың арақатынасы 100 қыз балаға шаққанда 107 ер баланы құрады. Туудың жалпы коэффициенті 1000
адамға 2019 жылы – 21,73 (2009 жылы – 22,14) туғандарды құрады, қалалық мекендерде – 22,09 (2009 жылы – 21,62), ауылдық мекендерде – 21,22 (2009 жылы – 21,75) құрады. Қазақстан өңірлерінің ішінде туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында (1000 тұрғынға шаққанда 29,72 туғандар), Түркістан облысында (27,87) және Шымкент қаласында (27,89) байқалды. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (12,46), Қостанай (13,15) және Павлодар (15,35) облыстарында көрініс тапты. Барлық ұрпақты болу кезеңінде (15-49 жас) бір әйелдің орта есеппен алғанда дүниеге әкелген балаларының санын көрсететін туудың жиынтық коэффициенті 2019 жылы республика бойынша 2,90 құрады және 10 жыл ішінде 9,4% өсті, тиісінше қалалық
мекендерде – 2,75 және 5,4%, ауылдық мекендерде – 3,17 және 16,1% құрады.

Елдің өңірлері бойынша ең жоғары туудың жиынтық коэффициенті  деңгейі Түркістан (4,29), Маңғыстау
(4,02) облыстарында, ал ең төмен деңгейлері Алматы қаласы (1,78) мен Қостанай (1,81) облысында байқалды. 2019 жылы бірінші туылғандарға туудың жиынтық коэффициенті 2009 жылмен салыстырғанда төмендеді, ал екінші және келесі туулар үшін өсті. 2019 жылы әйелдердің бала туу кезіндегі орташа жасы 28,9 жасты (2009 жылы – 27,4) құрады, қалалық мекендерде – 29,2 (2009 жылы – 27,6), ауылдық мекендерде – 28,5 (2009 жылы – 27,3). Қазақстанның көпшілік өңірлерінде  бала туу кезіндегі әйелдердің орташа жасы жоғары болды, Алматы қаласында 29,8 жасты, Нұр-Сұлтан қаласында 30 жасты құрады.

Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий