Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

Қоршаған ортаны лас қалдықтардан тазартудың жолдары қандай?

Қоршаған ортаны қалдықтардан тазарту – Қазақстан үшін ең өзекті мәселенің бірі. Елімізде қанша бағдарлама, қанша жоспар қабылданғанымен, әзірге қарапайым халық оның нәтижесін әлі толық көре алмай жүр. Қоршаған ортаны лас қалдықтардан қалай тазартамыз? Бұл тұрғыда мамандар не дейді?

Еренғайып ҚУАТАЙҰЛЫ, альпинист:

– Табиғатты адам өзінің үйі деп санау керек. Үйдің ішінде ешкім қалдық тастап, түкіріп, темекі шегіп отырмайды. Сол сияқты табиғатқа, тауға шыққан кезде де сондай жанашырлық болу керек. Мұның бәрі әркімнің мінез-құлқына, тәрбиесіне байланысты шығар. Біздің альпинистерді дайындайтын арнайы секцияда бапкерлер де әрдайым бұл туралы айтып отырады. Секция мүшелері шыңнан етекке түскен кезде
шашылып жатқан қалдықтарды пакетке салып, алып түседі. Ешқашан бұл біреудің қалдығы деп қалдырып кетпейміз. Негізінен табиғатқа өз қалдықтарын тастайтындар тауға айына не жылына 1-2 рет ғана баратын адамдар. Онда да олар шыңға емес, Медеу, Шымбұлақ, ары кетсе Көкжайлау сияқты жерлерге ғана барады. Ал, апта сайын тауға барып жүретін адамдардың мәдениеті өте жоғары.

Раушан ШӘМІЛҚЫЗЫ, «Тұмар-Транс» компаниясының директоры:

– Пандемияга байланысты біздің елімізде де мемлекеттік билік қана емес, халық та ішкі туризмге бұрынғыдан
көбірек көңіл көп бөле бастады. Осыған байланысты қордаланған қоршаған ортадағы қалдықтар мәселесі де қайтакөтерілуде. Бұл тіпті Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан да айтылып, құзырлы органдарға тапсырмалар берілді. Халықтың экологиялық білімін, мәдениетін көтеру
жайы қайта сөз болып жатыр. Меніңше, адамдарымызға табиғатты қорғауды, аялауды балабақшадан бастап үйрету керек. Оқу бағдарламасына арнайы пән косуды міндеттеп, баланы мектеп жасынан табиғатты сүюге үйрету де артықшылық етпейді.

Еренғайып ҚУАТАЙҰЛЫ, альпинист:

– Олар ешқашан табиғат аясында жүрген кезде қалдықтарын оңды-солды шашып, тастамайды. Біз шығып жүрген 3,5 мыңнан биік шыңдардың ешқайсысында қалдық жоқ, тап-таза. Менің ойымша, альпинистер өте мәдениетті. Керісінше, шыңнан етекке түскен кезде Шымбұлақ, Медеу, Көкжайлауда қалдық жатады. Яғни, ол жерлерге туристер барады деген сөз. Жасыратыны жоқ, шетелдік туристердің мәдениеті бізден әлдеқайда жоғары. Жалпы табиғатты қорғауға қатысты еуропалықтардың бір түсінігі бар. Олар азиялықтар ешқашан табиғатқа жанашырлықпен қарамайды, жүрген жерінде қалдық тастайды дейді. Оны Азияның кез келген еліне барсаң, жиі естисің. Ал Еуропаға барсаң, бәрі керісінше. Олар табиғатқа ерекше көзқараспен қарайды. Мүмкін экологиялық мәдениетті осындай деңгейге көтеру үшін бала күнінен үйретіп, мектепте арнайы пән оқыту керек шығар.

Раушан ШӘМІЛҚЫЗЫ, «Тұмар-Транс» компаниясының директоры:

– Туристерді жан-жаққа апарғанда алдын ала қоршаған ортаны таза сақтау үшін түсіндіріп, қоқыстарымызды жинап шығамыз. Ал табиғатқа өз бетімен келген біздің көптеген азаматтарымыз жолдың бойына көлігінің терезесінен ішкен сусынының ыдысын және өзге де қоқыстарын лақтырып кетіп жатады. Олардың кейбірі мұны тазалайтын арнайы адамдар бар ғой, менің кішкене пакетімнен ештеңе өзгере қоймас деп ойлайды. Ал, ағаш түбіне, жол бойына тасталған мұндай бір затқа қарап кейін өзге адамдар да өз қоқыстарын сонда тастауды әдетке айналдырған. Сондықтан, табиғатты қорғауда анау былай жасайды екен, мынау былай жасайды екен деп шетелге еліктей бермей, ата-бабадан келе жатқан ұлттық салт-дәстүрді қайта жаңғырту жөн шығар. Шетелдік тәжірибеге тек қалдықтарды қауіпсіз түрде өңдеудің жаңа әдісі мен технологиясын енгізуде ғана басымдық берген жөн деп ойлаймын.

Сауалнаманы дайындаған Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Комментарий