Аптадағы сұхбат | Интервью неделиБас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі: “Мақсатымыз – ұстаз бен оқушының қауіпсіздігін сақтау”

– Асхат Қанатұлы, әлемді жайлаған пандемия апаты өмірімізге ешуақытта ойымызға кірмеген өзгерістер енгізді. Індетті ауыздықтау мақсатында енгізілген төтенше жағдай мен карантиндік шектеу шаралары білім беру ісін жаңа форматқа көшіруге мәжбүр етті. Мұндай шешімді қабылдау оңайға түспегені анық. Бірақ, бұдан басқа жол да жоқ еді. Әйтсе де, бұл тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, ата-аналар жалпы, қоғам үшін үлкен тәжірибе болғаны анық.

– Иә, жалғыз бұл емес, бүкіл әлем  бетпе-бет келген төтенше жағдай болатын. Халықтың денсаулығын аман
сақтау үшін жасалған қадамның салдарын ойлап жатуға мүмкіндік болмады. Бастысы, білім беру үдерісін үзбей оқушылардың дер кезінде сапалы білім алуы көзделді. Бұл орайда қайтсек болады деген сұрақ туған кезде қоғамның ұсынысы екі бағытта болды. Көпшілігі төртінші тоқсанды шілде мен тамыз айларына ауыстырайық десе, екінші тарап оқу жылын өз уақытында аяқтайық деді. Біз басым бөлігінің қарсылығына қарамастан, аз ғана каникулдан соң оқуды ары қарай қашықтық режимінде жалғастырамыз деп шештік. Солай болғанына еш өкінбейміз. Өйткені, қазір шілде айы, егер осы уақытта оқу жалғасатын болса, не болар еді?! Біз бұған ғылыми тұрғыда келдік. Шынында да, тоқсандар арасында үлкен үзіліс жасауға болмайды. Ондай жағдайда төртінші тоқсанды өткізу қажеттілігі күн тәртібінен түседі. Сондықтан, қабылдаған шешім дұрыс болып, бізге оқуды тоқтатпауға мүмкіндік берді. Екіншіден, бұл күрделі кезеңде ата-аналар балалардың оқуына көңіл бөліп, олармен бірге оқыды.Үшіншіден, балалар өзін-өзі басқарып, уақыттарын тиімді ұйымдастыруға бейімделді. Мұны мойындау керек. Сол секілді көптеген педагогтер де ширап, онлайн тәртібінде жұмыс істеудің тәсілдерін игерді. Ең бастысы, осы кезеңде біз оқушылар мен мұғалімдердің денсаулығын сақтап қалдық

– Иә, қазір індет жайылып барады. Бұл осы кезеңде жүретін оқу орындарына қабылдау үрдісіне өз зардабын тигізіп отырған шығар. Жағдайдан қалай шығып жатырсыздар?

– Біз қазір жағдайға байланысты шұғыл шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, медициналық
анықтама жайлы шешім қабылдадық. Жаз кезінде білім беру ұйымдарында бір миллионға жуық адам құжат
тапсырады. Бұл өте көп. Осынша адам денсаулық жағдайы туралы анықтама алуы керек. Медициналық
мекемелердің қазір мұндай жұмыспен айналысуға мұршасы жоқ. Барлық ақ халатты абзал жандар індетке
шалдыққандарды емдеу шараларына жұмылдырылған. Сондықтан, үш апта бұрын біз денсаулығы туралы анықтаманы қажет емес деп шештік. Сол секілді тіл орталықтарында да карантинге байланысты IELTS, TOEFL, SAT бойынша емтихан тапсыру мүмкіндігі қысқартылды. Біз электронды сертификаттар қабылдау туралы шешім шығардық. Бұл да біраз мәселені шешуге мүмкіндік береді. Колледждерге жыл сайын кем дегенде 160 мыңдай адам түседі. Оларға дәстүрлі емтихан тапсыру қазіргі уақытта қиын. Сондықтан, талапкерлерді аттестаттың орташа бағасы бойынша қабылдауды шештік. Біз бұл ретте профильдік және
ағымдағы пәндерге қараймыз. Егер талапкерлер медициналық немесе педагогикалық колледждерге баратын
болса, онда қосымша шығармашылық емтихандар өткізуге болады. Сол секілді электронды форматта
қызмет алу сервисін іске қостық. Бұл оқу орындарына түсетін талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Мұны біз ұлттық бірыңғай тестілеуден бастадық. Осы шараның аясында 131 мың адам үйден шықпай құжаттарын өткізді. Оның барысында бұрынғыға қарағанда тапсырылған құжаттар санының өскенін байқадық. Бұған рейтингті төмендетесің деген желеумен кедергілердің жасалмауы ықпал етті деп ойлаймын. Одан ары қарай мектепке, колледжге, жоғарғы оқу орнына қабылдаудың бәрін электронды форматқа көшірдік. Мектеп формасына қатысты шешіміміз де қазіргі жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған отбасылар үшін қабылданды. Сіздер бірнеше жыл бұрын оқу формасына қатысты қабылданған бұйрықты білесіздер.Одан біз бас тартпаймыз, оқу формасы және оған қойылатын талап ешқайда кетпейді. Тек қазіргі жағдайда мектеп оқушылары жылдағыдай арнайы форма алмай, іскерлік стильдегі бар киімін мектепке кие алады. Ең бастысы, таза, жинақы болса болды. Әрине, сатып алынып қойылған формаларын да кие алады. Ешкімге арнайы форма ки деген талап қойылмайды. Осы шешімдердің барлығы қазіргі қиын кезеңде табыс көзінен айырылып, қиналып жатқан адамдарға сәл де болса жеңілдік тудырып, қажетін ашу мақсатын көздейді. Сондықтан, барлығы да өте маңызды шаралар деп есептейміз.

– What’sАpp желісі арқылы кейбір сыныптар мектепке барады, кейбірі қашықтан оқиды деген жазбаларға қатысты не айтасыз?

– Келесі оқу жылына дайындық толықтай өз деңгейінде жүріп жатыр. Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайдың қиындығы ескеріліп отыр. Әзірлік үш бағыт бойынша жүруде. Бірінші бағыт – кейбір өңірлерде белгілі деңгейде эпидемия қаупі төнген жағдайда қашықтан оқыту. Екінші нұсқа – кейбір пәндерді қысқартып, кабинеттік жүйені сақтамай, қатал санитарлық талапты сақтау жағдайында сабақ өткізу. Бірқатар елдер осындай жүйені енгізуде. Үшінші нұсқа – штаттық режим, онда үзіліс, сыныптың толықтырылуы бойынша шектеулі режим болады. Бұл да көптеген елдерде жүзеге асырылуда. Таяуда біз базалық нұсқа бойынша шешімге келеміз, егер ешқандай ерекше жағдай қалыптаспаса, мектептер өздерінің қалыпты жағдайында
жұмыс істейтін болады. Бірақ, көріп отырғанымыздай, эпидемиологиялық жағдай тез өзгереді. Сондықтан, оған мектептер дайын болу керек, оларда тиісті жағдай жасалу керек. Кез келген жағдайда қашықтан оқытуға сақадай сай болуымыз керек. Арқаны кеңге салуға болмайды.

– Қанша жерден сақадай сай болсақ та, бұлардың қай-қайсысы болсын дәстүрлі білім беру жүйесін алмастыра алмауы хақ. Қолданылып отырған шаралар білім сапасына белгілі деңгейде кері ықпалын тигізері сөзсіз, келісесіз бе?

– Бұл рас. Қашықтан оқыту, әсіресе, бастауыш сынып оқушылары үшін қиындық тудырады. Жоғары
сынып оқушыларында бұл тұрғыда қалыптасқан машық, дағды бар. Ал, төменгі сынып оқушыларына
мұғалімнің сабаққа қатысуы, олармен тікелей жұмыс істеуі, қадағалауы қажет. Сол секілді инклюзивті оқытуда да біршама қиындықтар тууда. Сондықтан, біз базалық бағытты таңдау барысында оқушылардың осы ерекшеліктеріне маңыз беруіміз керек. Сол секілді табысы аз отбасылардың балалары да айрықша назарды қажет етеді. Мәселен, олардың көбінде онлайн режимде сабаққа қатысу мүмкіндігі жоқ. Тоқетерін айтқанда, оқушылардың қай санатына болмасын білімнің бірдей деңгейдегі қолжетімділігі қамтамасыз етілу керек. Құрамында ғалымдар, мұғалімдер, тәуелсіз сарапшылар бар арнайы құрылған жұмыс топтары оқушылардың барлық санатының ерекшеліктеріне, мүмкіндіктеріне назар аударып, тиімді шешімге келуі керек. Бұл ретте, әрине, басты мақсат педогогтар мен оқушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін сақтау болу керек.

– Ал, оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіледі? Жергілікті жерлерде осыған орай бірқатар проблемалар туындайтын секілді…

– Жалпы, қоғамда оқулыққа қатысты алаңдаушылық көп. Әсіресе, оның сапасыздығы жөнінде пікір аз емес.
Жұртшылықтың бұл ойын жоққа шығармаймыз. Министрлік осы ретте нақты қадамдар жасап, бұл үрдіске
біраз өзгерістер енгізді. Жалпы, оқулықтың сапасы тек баспаның немесе авторлардың, сол секілді оқулық орталығының бірінің ғана кінәсі десек, қателесеміз. Өйткені, оқулық дайындау кешенді процесс, сондықтан, бұл процеске авторлар да, баспалар да, министрлік те, оқулық орталықтары да және Ыбырай Алтынсарин атындағы академия да жауапты. Оқулықты дайындау процесі алдымен бағдарламадан басталады. Сондықтан, бағдарламаның тиімді болуы, сараптамадан және сынақтан өтуі маңызды рөл ойнайды.
Жақсы ғалым міндетті түрде мектепке арналған оқулықтың авторы бола алады деп айту өте қиын. Өйткені,
мектептің өзінің ерекшеліктері бар, балалардың жасына, сана-сезіміне сай, жалпы тәжірибені түсініп, оқулық
жазу күрделі мәселе. Авторлар дайын болу керек және олар сұрыпталып, сертификаттаудан өту керек. Сондай-ақ, оқулыққа сараптама жасауға да айрықша маңыз берілуі керек. Сараптаманы кім жүргізеді, мысалы, қазіргі уақыттағыдай екі аптаға келіп, осы уақыт ішінде ондаған оқулыққа сараптама жасау мүмкін бе? Мұндай жағдайда оларды талдау, таразылау былай тұрсын, көз жүгіртіп оқудың өзіне үлгермесі анық. Қандай мықты сараптамашы болсын, екі аптада жұмысты толыққанды қарап, тиісті бағасын бере алмайды. Сонымен қатар, мың жерден жақсы мұғалім болса да, жақсы сараптамашы болады деп те айта алмаймын. Сондықтан, бұл шараның толыққанды әрі сапалы жүруін қамтамасыз ететін тетік жасалу керек. Біз бүгінде осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Ары қарай баспаның жұмысы да өзгертуді қажет етеді. Оларға
оқулықтарға қатысты талаптар қойылып, олар сапалы орындалу керек. Оқулықты бір жылда дайындау мүмкін
емес. Ал, бізде бір уақытта бірнеше сыныпқа арналған оқулықтар дайындалады, әр сыныпта оннан астам пән
бар. Барлық баспа басшыларымен кездесіп, екі сағат отырып осы жағдайды талқылап, ортақ мәмілеге келдік. Жаңа бағыт бойынша жұмысты жүргізіп жатырмыз. Алдағы оқу жылына арналған оқулықтар басылуда. Орташа есеппен елу пайыздан көбі дайын тұр. Мектептерге жеткізу жұмысын да бастап кеттік. Тоқетерін айтқанда, оқулықтар мәселесін өз назарымызда ұстап тұрмыз. Жекеменшік мектептерді оқу-лықтармен қамтамасыз ету заңнамаға сәйкес олардың өз шаруасы.

– Карантиндік шараларға байланысты электронды оқулықтардың пайдаланылуы мүмкін бе?

– Оқу қандай форматта жүрсе де, біз оқушыларды қағаз нұсқадағы оқулықпен қамтамасыз етуіміз керек, бұл
өте маңызды. Белгілі сыныптар жаңа оқулықтар алады, мысалы 11-сынып толықтай жаңартылған бағдарламаға көшеді. Сондықтан, ол оқулықтар сатып алынып, жеткізіледі. Қазіргі таңда олар жеткізілуде. Сонымен қатар электронды нұсқадағы оқулықтардың қолжетімділігі де қамтамасыз етілуі керек деп санаймын.

– Ал, мұғалімдердің дайындығы қандай? Шыны керек, төтенше жағдайда жұмыс істеу көптеген педагогтер үшін күтпеген шешім болғаны даусыз. Бұл да сабақтың сапасына өз  әсерін тигізгені анық.

– Мұғалімдер үшін бұл сынақ болды. Біз қазір педагогтер курсын өткізуді бастадық. Ең маңызды мәселе
педагогтердің жаңа жағдайға дайындығы. Оқыту қандай бағытта жүрсе де, педагогтерге жаңа дағды қажет. Біз
оны төртінші тоқсанның мысалынан көрдік. Сондықтан, бес модульдан тұратын аталмыш курс IT біліктілік,
ақпараттық құралдармен жұмыс істеу, цифрлық педагогика, жаңа жағдайда жұмыс істеудің әдістемелері жөніндегі дәрістерден тұрады.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ
«Заң газеті»

Комментарий