Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

Экологияға негізделмеген экономика тұрақсыз

Әлемдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дағдарыстардың түп-тамырына көз жүгірткен жан оның бәрінің негізі ашкөздіктен басталғанын оп-оңай аңғарады. Алайда одан кім, қандай сабақ алды деген кезде бәріміз күмілжитініміз анық. Алдымен әлемдегі ең бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды алдына стратегиялық мақсаты етіп қойған Қазақстан арада бірнеше жыл өткен соң 2050 жылға дейін отыздықтың қатарынан көрінуді өзіне меже етіп белгіледі.

ҚР Президентінің 1997 жылы жарияланған «Қазақстан–2030» стратегиясы мен одан кейінгі Қазақстан
халқына арнаған жыл сайынғы жолдауларының бәрінде экологияға қатысты мәселе аз айтылған жоқ.
Алайда Үкіметтің қабылдаған бағдарлама, жоспарларының көбі толықтай іс жүзіне аспай, көпшілігі жарты жолда қалып қойды. «Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртудың 2014–2050 жылдарға арналған бағдарламасы – соның бірі. Бағдарламаның міндеттері ретінде: 1. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу жүйесін жетілдіру. 2. Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жұмыс істеп тұрғандарын қалпына келтіру және санитариялық қағидалардың заманауи талаптарына сай келетін, тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау, сұрыптау, өңдеу және көму инфрақұрылымы күрделі жаңаларын салу. 3. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдау жүйесін жаңғырту. 4. Қалдықтарды пайда болу көзінен бөлек жинауды жаппай енгізу. 5. Коммуналдық қалдықтарды өңдеу жүйесін жетілдіру. 6. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуді «жасыл» экономиканы дамыту қағидаттары мен тұжырымдамасы шеңберінде және соларға сәйкес өңдеуді енгізіп, жүйелі түрде өрістету. 7. Қауіпті қалдықтарды пайда болу көзінен бөлек жинауды жаппай енгізу белгіленген болатын.

Алайда ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 9 маусымдағы № 634 қаулысымен бекітілген бағдарламаның арада екі
жыл өткен соң 2016 жылғы 29 тамызда ҚР Үкіметінің № 484 қаулысымен күші жойылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 577 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы мен ҚР Үкіметінің 2013
жылғы 31 шілдедегі № 750 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға»
көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2013–2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының
72-тармағы негіздеме ретінде алынған бағдарламаны әзірлеу үшін жауапты мемлекеттік орган – ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі болғаны да әлі есімізде. Экологияға негізделмеген экономиканың дамуы тұрақсыз болатынын ғалымдар өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастап жиі айта бастады. 1970 жылдардың аяғынақарай пайда болған «жасыл экономика» және тұрақты даму идеясы 1987 жылы Қоршаған орта және даму жөніндегі халықаралық комиссия дайындаған «Біздің ортақ болашағымыз» атты баяндамада толығымен
қалыптасты. Ал, 1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 42-сессиясында адамзаттың тұрақты дамуының негізгі
принциптері анықтамасына қатысты қарар қабылданды. Ол 1992 жылы Рио-де-Жанейродағы экологиялық
мәселелер бойынша өткен ғаламдық конференцияда маңызды мазмұнмен толықтырылды.

Қазақстан Рио–1992 Йоханнесбург (2002 жыл) декларацияларына қол қойып, қоршаған ортаға байланысты 30-ға жуық халықаралық конвенция мен Киот хаттамасын ратификациялады. Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін «Қазақстан–2030» стратегиясы, 2020 жылға дейінгі Қазақстан дамуыныңс тратегиялық жоспары, ҚР Экология кодексі, Қазақстанның 2007–2024 жылдарға дейінгі тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасы сияқты негізгі құжаттар қабылданып, ҚР Үкіметінің жанынан Тұрақты даму бойынша
кеңес те құрылды. Алайда экологияның мәселесі шешілудің орнына күрделене түскенін көз көріп, құлақ
естіп отыр. 2019 жылы қоршаған ортаның ластану деңгейі бойыншаи Қазақстан әлемдік рейтингте 109
елдің арасынан 25-орыннан көрінгені соның дәлелі.

Ал, Үкіметтің биылғы 10 шілдедегі кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:«Жыл сайын 5 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Оларды өңдеу көлемі еліміз бойынша тек 15% ғана. Бұл жеткіліксіз. Мәселен, Еуропалық одақ елдерінде орташа деңгей – 30 пайыз. Үкіметке жедел түрде заңнамалық база әзірлеп, «Waste to energy» технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық
жағдай туғызу қажет», – деді.

Яғни, Президент бастап, Үкімет қоштап тағы бір шаруаның басы шықты. Енді бұл бастаманың да науқандық шараға айналып, аяқсыз қалмауы ең алдымен Президентке сын болғалы тұр. Өйткені, 2019 жылғы 12 маусымда сайланып, Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде қойған бірыңғай экологиялық саясатты қалыптастыру жөніндегі міндеттің жауапкершілігі ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінде. Ал, кейбіреулер айтып жүргендей қордаланған мәселені шешу жаңа Экологиялық кодекстің жобасын қабылдап, экологиялық білімді оқу бағдарламасына енгізуге ғана тіреліп тұрған жоқ. Қоғамдық сананы өзгерту жаңа бағдарлама қабылдап, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін дамытуға бюджеттен қомақты қаржы
бөлумен ғана шешілмейді. ҚР Тұңғыш Президенті айтпақшы, мінді мойындау – мінсіздікке жасалған қадам. Егер билік жауапкершілікті өз мойнына алмай, халыққа артатын болса, ол тағы да нәтижесіз іс болып қалуы әбден мүмкін.

Дерек пен дәйек

  • Экологиялық мониторингтің нәтижесінде Ақтөбе, Атырау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен
    қалаларында атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейі анықталды.
  • Зиянды заттар шығарындылары 2018 жылдың деңгейінде тұрақталып, шамамен 2,5 млн тоннаны
    құрады.
  • Елдегі 3,2 мың полигонда 125 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жинақталған. ҚТҚ жыл
    сайын 5 млн тоннаға толығады.
  • Коммуналдық қалдықтардың жыл сайынғы өсімі 5% құрайды.
  • Полигондардың 83 пайызы экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейді.
  • 2019 жылы ғарыш мониторингі аясында 9 мыңнан астам рұқсат етілмеген үйінділер анықталды.
  • Халықтың 70%-дан астамы қалдықтарды жинау және шығару қызметтерімен қамтамасыз етілген.
    2016 жылы енгізілген өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі (ӨКЖ) тетігінің арқасында ҚТҚ өңдеу
    үлесі 2,6-дан 15%-ға дейін артты.
  • Қайта өңдеудің жоғары үлесі Маңғыстау (33%), Алматы облыстарында (23,3%) және Шымкент қаласында (22,7%), ал төмен үлесі Ақмола (3%), Шығыс Қазақстан (3,3%), Батыс Қазақстан (8,6%) облыстарында байқалды.
  • Қалдықтарды жинаудағы еліміз бойынша орташа тариф 200 теңгені құрайды.
  • «Waste to energy» технологиясы – электр желісінде сатылатын, қоқысты жағып, одан электр энергиясын өндіретін механизм.
  • Құрамында ПХД бар майлы 40 мыңнан астам трансформаторлар мен конденсаторлар, 82,6 тонна
    және 4 100 литр ескірген тыйым салынған, пайдалануға жарамсыз пестицидтер және тағы басқалар бар
    жойылуы қиын органикалық ластауыштар (ЖҚОЛ) жинақталған.

(Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің атқарылған жұмыстар туралы халық алдында берген есебінен)

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий