Без рубрикиҚоғам | Общество

Гүлжауһар КӨКЕБАЕВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:«Тұтқындарды сатқын деу тек Кеңес өкіметіне тән»

– Гүлжаухар Кәкенқызы, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тұтқындардың тағдыры тарихтың ең бір қасіретті беттерінің бірі болып қалуда. Олардың арасында әскери адамдармен қатар бейбіт тұрғындар да болды. Бүгінде оның ара-жігі ажыратылды ма?
‒ Адамзат тарихында соғыстар да, соғыста әскери адамдардың тұтқынға түсуі де жиі болып
тұрған құбылыс. Алайда. Екінші дүниежүзілік соғыстағы кеңестік тұтқындардың тағдыры айрықша ауыр да күрделі мәселеге айналғаны рас. Олардың жағдайының ауыр болуы,
бір жағынан, фашистік идеологияға қатысты болса, екінші жағынан, ол Кеңес өкіметінің соғыс тұтқындарының құқықтық статусын белгілеген халықаралық келісімдерге қол қоймауы, соған
орай кеңес тұтқындарын мемлекеттің қорғамауына да байланысты болды. Фашистер басып алған аймақтардағы бейбіт тұрғындардың да бір бөлігі тұтқындалды, бірақ олардың құқықтық жағдайы соғыс тұтқындарына қарағанда басқаша еді. Барлық статистикалық мәліметтерде
тұтқындардың осы екі категориясының аражігі ажыратылып беріледі. Соғыс тұтқындары негізінен Дулаг (тұтқындарды топтап, жолдаушы уақытша лагерьлер) арқылы арнаулы лагерьлерге орналастырылды: қатардағы жауынгерлерге Шталагтарға, ал офицерлер
Офлагтарға жіберілді (кейбір лагерьлерде соғыс тұтқындарының шеніне қарамай, араластыра орналастырды). Кеңестік соғыс тұтқындарының бірталай топтары Освенцим, Дахау, Майданек және басқа ірі концлагерьлерде де болды.
‒ Тұтқындардың ұлттық құрамы қандай?
‒ Кеңестік соғыс тұтқындарының жалпы саны және оның ішіндегі жеке халық өкілдерінің саны бүгінгі күні толық анықталды деп айта алмаймын. Тұтқындар туралы монографиямды
жазған кезде статистикалық мәліметтерді жан-жақты қарастырып талдадым, олардағы мәліметтер әртүрлі. Мысалы, неміс зерттеушісі Х.Штрайт Вермахт қолына түскен кеңестік соғыс тұтқындарының жалпы санын 5 734 528 адам деп көрсетсе, Вермахт Жоғарғы басшылығының құжаттарында 5 165 381 адам деген мәлімет кездеседі. Кеңестік статистиканың өзі әртүрлі мәліметтер береді: КСРО Қорғаныс министрлігі 1988 жылы құрған
комиссия тұтқынға түскен жауынгерлер санын 4 559 000 адам деп анықтаған болса, соңғы жылдардағы мәліметтер бойынша, жалпы 5 млн 59 мың жауынгер тұтқынға түскен, оның ішінде, әрине, румындар мен финдердің тұтқынында болғандар да бар. Кеңестік соғыс тұтқындарының жалпы саны туралы нақты анықталған мәлімет болмағандықтан, олардың ұлттық құрамы туралы мәлімет жоқ екеніне таңдануға болмайды. Қазақстандағы соғыс мәселесімен айналысатын зерттеушілер және архивистер әртүрлі мәліметтерді салыстыра келіп, шамамен 200 мыңдай қазақстандық жауынгер тұтқынға түскен деген пікірге келді. Ал тұтқындардың ұлттық құрамына қатысты әзірге анықталған бір ғана мәлімет бар: соғыс аяқталған соң елге қайтқан 1 368 849 соғыс тұтқындарының атарында 23 143 қазақ болған.
‒ Қазақстаннан ғана емес, одақтың өзге республикаларынан соғысқа қатысқан қазақтардың саны белгілі болды ма?
‒ Фашистік Германиямен соғысқа Қазақстаннан жалпы 1 млн 200 мың адам шақырылған, бұл мәліметке 1939-1940 жылдардағы Польшамен және Финляндиямен соғысқа қатысқандар саны кіргізілмеген. 2000-жылдардың басындағы ресейлік мәліметтер бойынша, 1941-1945
жылдарда қаза тапқандар қатарында 125 500 қазақ болған. Бұл мәлімет те шамамен алынған деп санауға болады. Өйткені бұған майданға бара жатқанда бомбалаудан қаза тапқан, тұтқында қаза болған, хабарсыз кеткен қазақ жауынгерлері енгізілмеген. Бүгінгі күнге дейін «хабарсыз кеткен» деген категорияға енгізіліп жүрген жауынгерлерді енді қаза тапқандар қатарына қосатын уақыт жеткен сияқты. Орталық Азияның кешегі кеңестік, бүгінгі егеменді республикаларының барлығының жағдайы осындай болар деп ойлаймын.
‒ Кеңес Одағының «бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген ұстанымы туралы жеке пікіріңіз қандай?
‒ «Бізде әскери тұтқындар жоқ, тек сатқындар ғана бар» деген пікір Кеңес өкіметінің саяси-идеологиялық ұстанымынан шықты. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердің барлығы
тұтқындар мәселесінде 1929 жылғы «Соғыс тұтқындарын ұстау туралы Женева конвенциясын негізге алды. Бұл конвенция бойынша, соғыс тұтқындары оны тұтқынға алған әскери бөлімнің немесе жеке адамның емес, тұтқындаушы мемлекет үкіметінің билігінде болады. Бұл принцип, біріншіден, соғыс тұтқынын жеке әскери топтар мен адамдардың
жәбірлеуіне жол бермейді. Екіншіден, соғысушы мемлекеттер үкіметтерінің алдына тұтқындарды қорғаудың белгілі бір халықаралық-құқықтық міндеттерін қояды. Үшіншіден, соғысушы елдердің үкіметтеріне соғыс тұтқындарын қорғау ережелерін бұзғандығы туралы бір-біріне айып тағуға мүмкіншілік береді. Конвенцияда әскери адамдардың тұтқынға түскен сәттен бастап репатриацияға дейінгі кезеңдегі барлық құқықтары көрсетілді, тұтқындаушы мемлекеттер үкіметтерінің міндеттері толық түрде белгіленді. Конвенция бойынша: тұтқындар тiркеуге алынып, тiзiмдерi протектор-мемлекетке (Швейцарияға) берiлiп отырады; тұтқын лагерьлерiн Қызыл Крест өкiлдерi тексерiп тұрады; тұтқындарға берiлетiн тамақ мөлшерi тұтқындаушы елдiң тылдағы әскери бөлiмдерiне берiлетiн мөлшерде болуға тиiстi; тұтқындардың өз елiнен сәлемдеме алуға және Қызыл Крест азық-түлiк, дәрумен, дәрi-дәрмек алуға, лагерьдегi ауыр жағдай туралы арыз айтуға құқығы бар. Конвенция бойынша соғысушы елдер тұтқындарының құқықтарының сақталуын бейтарап елдер үкіметтері бақылауға тиіс. Конвенцияда көрсетілмеген жағдайларда соғысушы елдердің бейбіт
тұрғындары мен тұтқынға түскен әскерлері өркениетті халықтардың арасында қалыптасқан адамшылық салты мен заңына негізделген халықаралық құқық ережелерінің қорғауында болуға тиіс. 47 мемлекет мақұлдаған бұл келiсiмге Кеңес Одағы қосылған жоқ. Осы ағат шешiмiн ақтау үшiн КСРО Женева келiсiмi ұлттық және нәсiлдiк кемсiтушiлiктi марапаттайды деген сылтау тапты. Өйткенi келiсiмде «соғысушы жақтар мүмкiндiгiнше әртүрлi нәсiлдер мен ұлттар өкiлдерiн бiр лагерьде ұстамауға тиiс» деген бап бар едi. Ал шындығында, бұл баптың нәсілшілдікке ешқандай қатысы жоқ, ол бірінші дүниежүзілік соғыстың сабағын ескеруден
туған болатын (бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бір баракқа орналастырылған австриялықтар мен славяндар үнемі қақтығысумен болды). Кеңес өкіметінің Женева келісіміне қол қоймауының нақты себептері баршылық, соның ішінде ең негізгісі лагерьлерді халықаралық ұйымдардың тексеруін қаламағаннан болуы мүмкін.Әрине, сталиндік өкімет елді тұтастай түрмелер торына айналдырғанын еске алсақ, онда жеке адамның құқығын
қорғау, тұтқынға адамшылықпен қарау міндеттеріне Кеңес Одағының үрке қарауының мәнін түсіну қиын емес. Ал Кеңес өкіметінің патшалық Ресейдің шетелдермен жасаған барлық келісімдерінің күшін жоюы енді Кеңес Одағының 1907 жылғы Гаага келісіміне де қосылмайтынын көрсетеді. Осылайша, КСРО өз азаматтарын халықаралық құқық негізінде қорғану мүмкіндігінен айырды. Әлбетте, фашистiк Германияда Женева келiсiмiне қол қойған елдер тұтқындарының жағдайлары бiрдей болған жоқ. Олардың арасында ең жағдайы ауыры поляктар болды, алайда олар да Қызыл Крестен көмек алып тұрды, белгiлi бiр құқықтары болды, сондықтан жаппай қырылуға ұшыраған жоқ.‒ Соғыс тұтқындарының құқықтық
жағынан қорғалуы мәселесіне қоғамдық ұйымдар қаншалықты назар аударып отырды?
‒ Германияның архивтерінде зерттеу жүргізген кезімде 1941 жылдың маусым-тамыз айларында екі жақтың бейтарап мемлекеттер үкіметтерінің және Халықаралық Қызыл Крест қоғамының делдалдығымен соғыс тұтқындарының құқықтық статусын анықтау туралы
мәселені талқылағанын білдім. Сол барлық ноталар мен жеделхаттардан Кеңес Одағының тұтқындағы өз азаматтарын қорғауға тырыспағаны көрінеді. 1941 жылы 17-шiлдеде Кеңес Одағы Швецияға Германия алдында Кеңес өкiметiнiң мүддесiн қорғау туралы өтiнiш жасады.
19-шiлдеде Швецияға жiберген нотасында Германия тұтқындар мәселесiнде Гаага келiсiмiн қолданған жағдайда Кеңес Өкiметi осы келiсiмдi мойындайды деп көрсетiлдi. Кеңес Одағы соғыс тұтқындары мәселесiнде ең соңғы, жаңартылған және мемлекеттердiң басым көпшiлiгi
қолдаған Женева келiсiмiн қолданғысы келмедi. 1941 жылдың 8 тамызында Гитлердiң жауап-нотасы жiберiлдi. Бұл құжатта «соғыс тұтқындарына қатысты келiсiм туралы сөз қылмастан бұрын Кеңес өкiметi өз әскерлерiнiң және басқа мекемелерiнiң немiс тұтқындарына көзқарасын түбiрiнен өзгертуге дайын екенiн дәлелдесiн» деген сөздер болды. Әрине,
1929 жылғы Женева конвенцияға қолтқойған мемлекеттер бұл конвенциясының шарттарын оған қол қоймаған мемлекеттердің де тұтқындарына қолдануы керек болатын. Алайда Кеңес өкіметінің Женева конвенциясынан мүлде бас тартуы фашистер үшін өте қолайлы сылтау болды. 1941 жылдың 8 қыркүйегiнде фашистер әскерiне де кеңестiк тұтқындарға өте қатал түрде қарау, оларға ешқандай аяушылықтың болмауы туралы бұйрық келдi. 1941 жылдың тамыз айында АҚ Мемлекеттік хатшысы Г.Хелл Москвадағы АҚШ елшісіне Кеңес Одағының
1929 жылғы Женева конвенциясына қосылатын ниеті бар-жоғын анықтауды тапсырды. Алайда АҚШ елшілігінің әрекеті нәтижесіз аяқталды, Кеңес өкіметі бұл мәселені сөз етуге құлық танытпады. Соғыс тұтқындарының құқықтық жағынан қорғалуы туралы мәселеге дүниежүзiлiк соғысқа әлi тартыла қоймағанелдердiң қоғамдық ұйымдары да назар аударды. 1941 жылы 23-шiлдеде Анкарада Халықаралық Қызыл Крест комитетiнiң өкiлi М.Жюно мен Кеңес Одағының өкiлi С.А.Виноградов кездестi. М.Жюно соғыс тұтқындарының тiзiмiн алмасудың нақты тәртiбi туралы Германияның ұсыныстарын жеткiзе отырып, Кеңес Одағының Женева келiсiмiне қосылуы өте маңызды қадам болар едi деген ойды қайталады. 1941 жылдың тамызында Қызыл Крест кеңестiк тұтқындарға өз елiнен сәлемдеме жеткiзiп,
көмектесуге ниет бiлдiрдi. Бұл ұсынысты да В.Т.Молотов қаржы жоқ деген сылтаумен қайтарып тастады. Өз кезегiнде немiстер де канадалық Қызыл Крестiң кеңестiк тұтқындарға дәрумендер жеткiзу туралы ұсынысын қабылдамады. Екiншi дүниежүзiлiк соғыста Германияның да, Кеңес Одағының да соғыс тұтқындарына қатысты халықаралық құқық ережелерi мен заңдылықтарын сақтамағаны даусыз. Демек, кеңестiк соғыс тұтқындары екi тоталитарлық мемлекеттiң, екi диктатордың арасында жаншылып, қорғансыз, мүсәпiрлiк жағдайға түсiрiлген.
‒ Германия соғыс тұтқындарына 1 млн теңге өтемақы береді деген әңгіменің ақ-қарасын ажыратып бере аласыз ба? Олар кімге және қалай берілмек?
‒ 2015 жылдың 21 мамырында Бундестаг (Германия Федеративтік Республикасының парламенті) Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тұтқында болған кеңес жауынгерлерінің әрқайсысына 2500 евро көлемінде өтемақы беру туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік бюджеттен жалпы мөлшері 10 млн евро қаржы бөлінді. Бұл заң сол жылдың 14 қазанында күшіне енді. Өтемақы алуға өтініш бергеннен кейін соғыс тұтқыны қайтыс болып кетсе, өтемақы оның жұбайы мен балаларына төленетін болды. Өтемақы төлеуді іске асыру Орталықтандырылған қызметтер мен шешілмей қалған мүліктік мәселелердің федералдық мекемесіне тапсырылды. Қазақстан Республикасы Президентінің архиві елімізде осы
хабарды таратып, соғыс тұтқындарын іздестіріп, 17 адамға өтемақы алып берді. ‒ Германия Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқында болған адамдарға қатысты арнайы интернет сайт
жасап, оны олардың соғыстан кейінгі өміріне байланысты мәліметтермен толықтыру үшін ҚР мемлекеттік орталық архивіне сұраныс жасаған көрінеді. Бұл мәселеге қатысты ойыңызды
білсек?
‒ Қазақстан Республикасы Президентінің архиві Екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарының санын және атыжөнін анықтаумен айналысқан және арнаулы сайт ашқан, осы жоба бойынша ғылыми кеңес құрған болатын. Сол ғылыми кеңестің мүшесі ретінде бұл жұмыстарға кең араласқан болатынмын. Ал Германияда жеке-жеке мемориалдардың сайттары бар, олардан бірқатар мәліметтерді алдық.
‒ Біздің елімізде тұтқындар мәселесін зерттеушілер неге аз?
‒ Тұтқындар мәселесін зерттеуге ғалымдардың аса бір қызыға қоймауы Германия архивтеріне барып жұмыс істеу қажеттілігінен туындайды. Әрине, неміс архивтерінде жұмыс істеу үшін неміс тілін білу керек және апталап, айлап Германияда архивте жұмыс істеу үшін
қаржы керек. Осыдан екі жыл бұрын бір топ зерттеушілер менің жетекшілігіммен қазақстандық соғыс тұтқындарының тағдырын зерттеу мақсатында ғылыми жоба
дайындап, Білім және ғылым министрлігі өтізген жобалар сайысына берген болатынбыз. Алайда оған қаржы бөлінген жоқ, бұл сайыстың қанша дау тудырғанын өздеріңіз білесіздер.
‒ Соңғы кезде Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында Кеңес Одағына Қытайдан оқуға келген қазақтардың да сұранып, майданға аттанғаны мәлім боп жатыр. Бұл қандастарымызға қатысты сіз қандай да бір деректерді кезіктірдіңіз бе?
‒ Кеңес өкіметінің 1934 жылғы «Шыңжаң жастарын КСРО-да оқыту туралы» шешімі бойынша мыңдаған жастар Қазақстанның, Өзбекстанның және Ресейдің бірқатар жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алған. Алайда оқуға келген қазақ жастарының өз еркімен
майданға аттануы туралы ақпаратты кездестірмедім. Заңдылық жағынан қарасақ, олар басқа елдің азаматы болғандықтан кеңес әскері қатарына шақырылуға тиіс емес еді ғой. Бірақ олардың әуелі кеңес азаматтығын алып, содан кейін майданға аттануы әбден мүмкін.
‒ Кеңестік дәуірде соғыс тұтқындарының ұрпағы мен туыс-туғаны да көп қысым көріп, бірқатар мәселелерде құқықтары шектеліп келді. Мұндай мәселе әлемнің өзге елдерінде болды ма?
‒ Соғыстың алғашқы айларында кеңес әскерлері жанталасып, ауыр қорғаныс ұрыстарын жүргізіп, еріксіз шегінуге мәжбүр болып, топ-тобымен қоршауда қалып, тұтқынға түсіп жатқан кездерінде 1941 жылдың 16-тамызында Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің № 270 жарлығы
шықты. Бұл құжатта кеңес әскерлері қатарында жасқаншақтық, қорқақтық көрсетіп, жауға тұтқынға түсу жиілегенін атай келіп, жауынгерлерге жауға соңғы мүмкіндігі қалғанша қарсылық көрсету бұйырылды және тұтқынға түскен қолбасшылар мен саяси қызметкерлердің жанұясы қудаланатыны туралы айтылды. Шегінуге немесе жауға тұтқынға түсуге дайын тұрғандарды табанда атуға рұқсат берілді. Жау қолына тұтқынға түсіп қалған
жауынгерлерді сатқын санаған көзқарас тек Кеңес өкіметінің ғана саясатына тән құбылыс болды. Ал халықаралық қауымдастықта соғыс тұтқындарына адамшылықпен қарау дәстүрі қалыптасқан еді. Соғыс тұтқындарының Отанға қайтқаннан кейiнгi тағдыры да өте қайғылы болды. 1943-1947 жылдарда бес жарым миллионға жуық соғыс тұтқындары мен Германияға жұмысқа айдалған азаматтар елге оралды. Олардың 20 пайызы ату жазасына немесе 25 жыл
лагерьде жазасын өтеуге кесілді, 15-20 пайызы 5-10 жылға лагерьлерге жіберілді, 10 пайызы Сібірдің алыс аудандарына жер аударылды, 15 пайызы соғыста қирап қалған аудандарда ауыр жұмысқа салынды, 15-20 пайызы туған жерлеріне оралды, ал қалғандарының тағдыры белгісіз. Бұл қайғылы статистиканың түпкі себебі Кеңес өкіметінің тұтқынға түскен өз азаматтарының барлығын сатқындар деп санауы еді.
‒ Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий