Без рубрикиЕлең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

СОҒЫС ҚҰРБАНДАРЫ ҚАШАН ӨЗ БАҒАСЫН АЛАДЫ?

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты тәуелсіздік жылдары қоғамда түрлі көзқарас пайда болды. Кеңестік дәуірде оның белгілі бір кезеңі ғана Ұлы Отан соғысы деп жарияланып, өзге құрбандары елеп-ескерусіз қалды. Қазір оны қайта қарастырып, әділ бағасын беру керек деген пікір айтылуда. Бұл мәселеге қатысты сарапшылардың көзқарасы қандай?

Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ, тарих ғылымының кандидаты, профессор:
– Қазіргі көзқарас бойынша Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде деп айтуға толық хақымыз бар. Анау Моңғолиядағы Халхин-Голдан бастап Хасан көліндегі соғыс, Батыс
Украина, Беларусь, Молдова, Бессарабияны қосып алудың бәріне қазақ жауынгерлері қатысты ғой. Фин соғысына менің өзімнің туысқаным қатысып, елге 1946 жылы бір-ақ қайтқан. Біз кейде 1941-1945 жылдардағы соғысты Кеңес Одағының Ұлы Отансоғысы деп жазамыз.
Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері деп 1939-1945 жылдардағы соғысқа қатысушыларды айтуға болады. Алайда, осы арада тағы бір мәселені айта кеткен дұрыс. Біз Египет, Вьетнам соғысына қатысушыларды қалай айтамыз? Сондықтан, бұл ғылыми тұжырым ретінде шешілуі керек мәселе. Кезінде Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында «Қазақстан 1941-1945 жылдардағы соғыс кезеңінде» деген арнайы бөлім болған. Мен өзім қызметімді сол бөлімде бастадым. Қазір онда істегендердің бәрі бақилық боп кетті. Мысалы, мен жыл сайын Мәскеудің архивтеріне барып соғысқа, ашаршылыққа байланысты дүниелерді қараймын. Биыл да жақында барамын.
Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы ашылды. Дегенмен, зерттейтін мәселер әлі де көп, тарихта ақтаңдақтар бар. Мәселен, кезінде «Зерде» кітабы деген шықты. Әрбір облыстар ғана емес, республика бойынша жинақтары да шықты. Жеңістің 40 жылдығына байланысты 1985 жылы Мәскеуден берілген нұсқау болған. Онда әр облыс, ауданда осындай кітаптар шығарылу керек делінген. Бұл жұмыстар 1990 жылдан кейін тоқтап қалды да, 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығын атап өтерде тағы шығардық. Алайда, онда Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары сияқты қазақтар ең көп тұратын жерлердің деректері жоқ. Бұл әскери комиссариатта істеген адамдардың немқұрайдылығы.

Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Екінші дүниежүзілік соғыста 60 млн адам қырылса, оның 28 млн-ы кеңес халқы болды. Ол соғыс 1939 жылы Германияның Польшаға шабуыл жасауымен басталды. Сондықтан, біз 1941-1945 жылдардағы Кеңес халқының Ұлы Отан соғысын Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде қарастырамыз. Қазір ол кейбіреулер үшін тағдырлы уақиға болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ, фашистік Германия басып алатын болса, бізде бүгінгі тәуелсіздік болар ма еді? Менің ойымша, болмайтын еді. Ұлы Отан соғысы деген қасиетті нәрсе. Мұның қасиетін кетіре беруге болмайды. Егер бүгін Ұлы Отан соғысының қадірін қашырсақ, ертең
ұлт-азаттық қозғалысты жоққа шығарсақ, онда не қалады? Біз тарихи құндылықтардың маңызын жоғалтпауымыз керек. Сонда ғана тәуелсіздік баянды болады. Егер құндылықтарымызды қара бояумен бояй беретін болсақ, онда бір күні біреулер тәуелсіздіктің өзін қара бояумен бояп тастауы мүмкін, бекер тәуелсіз болған екенбіз деп. Ұлы Отан соғысының ардагері мен өзге соғыстарға қатысқан ардагерлерді теңестіруге болмайды. Жеңілдіктері болсын, бірақ оларды Ұлы Отан соғысының ардагері деп айтуға болмайды. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі болғанын бірде-бір тарихшы жоққа шығармайды. Бұл мереке өз маңызын жоймауы керек, егер біз бейбітшіліксүйгіш халық болсақ және өз тарихымызды сыйласақ. Жеңіс күнін әрдайым атап өтуіміз керек. Ал оның болашағын келешек ұрпақ шешеді.

Комментарий