Жаңалықтар | Новости

625 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмекті құжат өткізбей-ақ автоматты түрде алады

121 мың отбасына, яғни 625 мың қазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мемлекеттік мекемелерге жүгінбестен, автоматты түрде ұзартылды.

Сондай-ақ, 13 мың адам атаулы әлеуметтік көмекке eGov.kz порталы арқылы жүгінді. Бұл ағымдағы жылдың II тоқсанында АӘК алушы болмаған азаматтар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмекті алғандарға үшінші тоқсанда да 1 шілдеден бастап оны ұзартуды көздейтін бұйрық қабылдады. Бұл шара азаматтардың әкімдіктер мен жұмыспен қамту орталықтарына жаппай жиналуын болдырмауға мүмкіндік берді. Осылайша азаматтардың коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі азайтуды көздейді. Өтінішті алғашқы берген кезде жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері мемлекеттік органдардың ақпараттық дерекқорларындағы құжаттарды тексерді.

Сонымен бірге, учаскелік комиссиялар өтініш берушілердің мәліметтерін мессенджерлер арқылы көзбе-көз кездесу өткізбестен тексерді. «АӘК ұзарту кезінде кейбір кірістер ескерілмеді. Мәселен, тәуелсіз жұмыскерлердің 2020 жылғы II тоқсандағы жиынтық табысын есептеу кезінде айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшеріндегі табысы төтенше жағдай кезеңіндегі шектеулер салдарынан кірісі жоғалған жағдайда бірыңғай жиынтық төлемді және әлеуметтік төлемдерді төлеуге байланысты кіріс ретінде қарастырылмады. Сонымен қатар, азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтарға және төтенше жағдай кезінде коммуналдық шығындарды өтеуге бөлінген ақшалай төлемдер есепке алынған жоқ» деп мәлім етті министрліктен.

Бұған дейін, 1-тоқсанда АӘК алушыларға төлем тағайындау сол кездегі төтенше жағдайға байланысты 2-тоқсанда ұзартылған болатын. Осылайша, екінші тоқсанда 561 мың қазақстандық АӘК-ті мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ, автоматты түрде алды.

Еске сала кетейік, 14 шілдеде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне АӘК-ті қолда бар мәліметтер негізінде проактивті тағайындауды тапсырды.

Комментарий