Жаңалықтар | Новости

Тұмаумен ауырып жүрген науқас коронавирус жұқтырса не болады?

Алматы қаласының бас санитар дәрігері тұмауға қарсы вакцина егуге қатысты пікірін білдірді, сонымен қатар Жандарбек Бекшин тұмаумен ауырып жүрген науқас коронавирус инфекциясын жұқтырса не болатынын айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.

Бекшиннің сөзінше, бұл өте маңызды мәселе. Өйткені коронавирус пен тұмаудың белгілері, олардың асқынуы да бірдей. Бекшин тұмау, ОРВИ, жіті респираторлық вирустың асқынуы пневмония болып саналатынын жеткізді.

“Осы мәселені басқа ведомство мамандарымен талқыладық. Екпе жұмыстарын белсенді түрде жүргізу керек. Тұмауға бір ай, екі-үш аптадан кейін коронавирус инфекциясы қосылса, пациенттің иммунитеті шыдай алмайды”, – дейді Алматы қаласының бас санитар дәрігері.

Сонымен қатар Жандарбек Бекшин қалада күн сайын коронавирустың бар-жоғын анықтайтын төрт мыңға жуық тест алынатынын және бұны 14 200-ге жеткізу жоспарланып отырғанын мәлім етті.

“ПТР-тестпен қатар популяциялық иммунитетті енгізуді және зерттеуді жоспарлап отырмыз. Олар қазір жүргізіліп жатыр. Бізде жеке зертханаларда тұрғындардың 7000-ға жуық тест тапсырғаны туралы мәлімет бар. Бұл жұмысты да арттырамыз”, – деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері.

Комментарий