Бас тақырып | Тема дняЭкономика

ТАБЫСЫНАН АЙЫРЫЛҒАНДАРҒА ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛЕДІ

Карантиндік режимге байланысты қазақстандықтарға ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең 42 500 теңге әлеуметтік төлем берілетіні туралы шешім шыққаны жуырда ғана еді. Айналдырған екі-үш күннің ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры көктемдегі төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге алған, қазіргі карантиндік шаралар кезінде табысынан айырылуы мүмкін деген 700 мың қазақстандыққа арнайы SMS-хабарлама жіберіп үлгерген.

Осыдан төрт ай бұрынғы төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге алу үшін тиісті орындарға өтініш берген қазақстандықтардың саны 8 миллионды шамалаған болатын. Соның ішінде 4,6 миллион адамға аталған әлеуметтік төлем тағайындалыпты. Дәлірек айтқанда, 42 500 теңге алғандардың 40 пайызы жалдамалы қызметкерлер болса, 400 мыңы кәсіпкерлер. Осылайша, өткен жолы
мемлекет әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғанды қаржылай қолдау мақсатында 194,2 миллиард теңге аударған болатын. Екі рет төленген төлемнің бірінші кезеңінде 3,7 миллион, екінші кезеңінде 2,9 қазақстандық аталған төлемді алыпты.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасына сай карантин кезінде табысынан қағылғандарға берілуі тиіс 42 500 теңгенің бұл жолы қанша адамға төленетінін әзірге болжау мүмкін емес. Алайда, соңғы ресми ақпарат көздеріне сүйенсек, осы жолы жұмыс берушілерге көбірек салмақ түсетіні айтылуда. Яғни, жұмыс берушілер карантинге байланысты табысынан айырылған қызметкерлерді тіркеп, тізімін жасауы керек. Бұдан әрі өтініштерді қыркүйек айына дейін тиісті орындарға жіберіп үлгерулері тиіс. Бірақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, бұл барлығы осы тәртіппен іске асады деген сөз емес. Өтініш жолдаудың өзге де жолдары қарастырылған. Атап айтқанда, бүгінде өтініштерді қабылдау үшін екі бірдей сайт және телеграмм бот іске қосылды. Естеріңізде болса, өткен жолы студенттер де 42 500 теңге алған еді. Енді тек ресми жұмысы жоқ студенттерге берілмейді. Есесіне, өз қаражаты есебінен демалысқа шыққандарға төленбек. Мысалы, санитарлық дәрігерлердің тыйым салуына байланысты қызметін тоқтатқан ұйымдардың қызметкерлері. Сондай-ақ, тізімде – жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, фрилансерлер және жеке практикада жүргендер де бар.
Ал, жұмыссыз қалған немесе 5 шілдеден бастап өз жұмысын тоқтатқандар жұмыспен қамту орталығына жүгінулері керек. Бұл туралы Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов: «Өйткені ол кезде өтініш берушіден жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан-хабарласпағаны сұралады. Ал, ол арада сізге бос жұмыс орындары және жұмысқа орналасудың басқа мүмкіндіктері ұсынылады. Егер сізге ыңғайлы жұмыс болмаса, сіз жұмыссыз ретінде тіркелесіз, ол кезде сіз төленетін Әлеуметтік сақтандыру қорынан
жұмыссыздық үшін 6 айға әлеуметтік жәрдемақы алуға автоматты түрде жүгіне аласыз», – деп түсіндірді. Яғни, қалыптасқан жағдайға байланысты қысқартуға ұшырап немесе жұмысы тоқтағандар әуелі жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Өз кезегінде, тиісті орындар оның жаңа жұмысқа орналасуына көмектесіп, бұл мүмкін болмаған жағдайда оған алты айға дейін жұмыссыздық бойынша арнайы төлем тағайындайды. Ол төлемнің мөлшері оның бұған дейінгі еңбек ақысының 40 пайызын құрайды. Демек,
мұндай азаматтар 42500 теңге берілмеуі мүмкін.
Жоғарыда осы жолы жұмыс берушілерге көбірек салмақ түсетінін айттық. Енді соны тарқатып түсіндірер болсақ, бірінші кезекте жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің мәліметтерін тексеруі керек. Бұдан әрі өтініш беру үшін компанияның БСН, қызметкердің
ЖСН және оның банктік шотының 16-сандық нөмірі қажет болады. Сондай-ақ, бір мезетте 20 адамға дейін сұрауға рұқсат етілген. Тағы бір қаперге түрте кететін жайт, бұл жолы аудандық, қалалық және салық мекемелері бәрін жіті тексеретін болады. Егер қандай да бір заңбұзушылық немесе жалған ақпарат ұсынылғаны анықталса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры сотқа
шағымдана алады. Бұл дегеніміз, өткен жолғыдай негізсіз алынған төлемдерге кешірім жасалмайды, кері қайтырылады деген сөз.
Мамандардың болжамынша, карантинге байланысты қабылданған шешім бойынша әлеуметтік төлем алатындардың саны да, өтініш берушілерде алдыңғыға қарағанда аз болады. Оның үстіне қазір шектеулер төтенше жағдай кезіндегідей қатал емес. Талаптар да айтарлықтай жеңілдеген. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға БӘТ-ті қайта төлеудің қажеті жоқ. Кейбір азаматтарға арнайы сайтқа кірудің немесе телеграмм ботқа жазудың да қажеті шамалы. Себебі, бұл шаруалармен жұмыс беруші айналысып, сізге тек төлемді алу ғана қалады.
Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий