Жаңалықтар | Новости

Медициналық сақтандыру қоры 300 мың ПЦР-зерттеудің ақысын төледі

Медициналық сақтандыру қоры наурыз-маусым аралығында коронавирус инфекциясын анықтауға арналған 300 мыңға жуық ПЦР-зерттеудің ақысын төледі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы хабарлады.

«Аталған уақыт аралығында полимераздық тізбекті реакция немесе ПЦР әдісімен жасалған зерттеулердің жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрады. Оның 200 мыңға жуығы стационарларда, 97,9 мың тест емхана дәрігерлерінің жолдамасы бойынша жасалған», – деп хабарлайды Қордың Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

Айтуынша, МСҚ ПЦР-тестілеудің қолжетімділігін арттыру мақсатында зертханасы бар 502 емдеу ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оған қоса, емханалар жанынан ашылған мобильді бригадалар да  СOVID-19 жұқтыруы ықтимал деген пациенттердің тест тапсыру мүмкіндігін арттыруға септігін тигізіп отыр.

Хабарламаға сүйенсек, Денсаулық сақтау министрлігі бүгінде зертханалар саны 59-ға артты. Нәтижесінде олардың лабораторлық тест жасау мүмкіндігі тәулігіне 32 мыңға дейін жетіп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, халықтың белгілі бір санаттары ПЦР тесті тегін тапсыра алады. Тексеруден тегін өтетін санаттар:

  • COVID-19 инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін деген күдікпен провизорлық стационарға жатқызылған пациенттер;
  • Өткір респираторлық жұқпалы ауру мен пневмония белгілері анықталған азаматтар;
  • Коронавирус жұқтырғандармен жақын байланыста болғандар;
  • Жоспарлы түрде стационарға жатып емделетін пациенттер;
  • Тыныс жолдары, эндокриндік және жүрек-қан тамыры жүйелері ауруына байланысты динамикалық бақылауға алынған пациенттер;
  • Жүкті әйелдер
  • Карантинге жатқызылған симптомсыз сырқаттар

Бүгінгі таңда Қордың қызмет көрсетушілер алдында қарызы жоқ. Қызмет ақысы салалық министрлік бекіткен тариф бойынша, медицина саласындағы ақпараттық жүйелер арқылы төленеді.

 

МСҚ Алматы филиалының баспасөз қызметі

Комментарий