Бас тақырып | Тема дняЭкономика

42500 ТЕҢГЕ ЕЛ МҰҚТАЖЫН ӨТЕЙ МЕ?

Бүгінде әлеуметтік желі қолданушылары арасында 42500 теңге төңірегіндегі әңгіме күннен-күнге қыза түсуде. Бірі аталған жәрдемақыны қазақстандықтардың барлығына берілуі тиіс десе, келесілері тек мұқтаждарға берілсін деген ниеттерін білдіруде. Қалай десек те, мемлекеттің осымен үшінші рет халыққа қаржылай көмек беруі құптарлық іс. Осы орайда, біз қоғам белсенділерінің пікірін білген едік.

Мақсат ХАЛЫҚ, GSB UIB директорының орынбасары:
– Мен бірінші кезекте аталған төлемге тоқталғым келіп тұр. Неге екені белгісіз, биілік биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемін ұлғайтқан жоқ. Бұған дейінгі жылдарды қарасаңыз, елімізде жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейі өзгеріп отыратын. Көктемде елімізде төтенше жағдай жарияланып, жағдай қиындағаннан кейін осы мәселе бірден шешілуі тиіс еді. Себебі, инфляция деңгейі күрт өсіп, тауарлардың барлық түрінің бағасы өсті. Жұмыссыздық жағын айтпай-ақ қоялық. Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, биыл инфляция 11 пайызды құрайтын көрінеді. Ал бұл тікелей елдегі күнкөріс деңгейіне әсер ететін мәселе. Менің есебімше, биылғы ең төменгі күнкөріс шамамен 70 мың теңге болуы тиіс. Яғни, Үкімет халыққа 42 мың 500 теңге емес, 70 мың теңгеден төлесе, бұл ел экономикасының шынайы жағдайына көбірек жақын болатын еді. Екіншіден, өткен жолы мемлекет
4,5 миллион адамға төлем тағайындап, халықтың әлеуметтік сақтандыру қорындағы жинағы 400 миллиард теңгеге кеміді. – Бұл жолы да сол қорға салмақ салынайын деп тұр. Қордағы ақша осы төлемді қазақстандықтардың барлығына төлеуге жетпейді. Мұны тиісті орындар есептеп те қойған болар…
Өз басым қазіргі қиын жағдайға байланысты мемлекет халыққа барынша қолдау көрсетуі керек деген пікірдемін. Оған мемлекеттің мүмкіндігі келеді. Ол үшін Үкімет Ұлттық қордан ақша бөлуі керек. Ұлттық қордағы ақшаны сақтағымыз келсе, бюджеттің кіріс – шығысын қайта қарап, басы артық шығындарды қысқарту есебінен төлем алушылардың қатарын да, төлемақы көлемін де ұлғайтуға болады. Мысалы, бір ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының өзіне қаншама қаражат бөлініп отыр. Түрлі конференция, дөңгелек үстелдерге де есепсіз қаражат кететіні де ешкімге жасырын емес. Дәл бүгінгі жағдайда ондай шығындардың бізге керегі жоқ. Сондықтан, мемлекет шығындарының әр тиынына дейін қайта есептеп, артығын халыққа берсе, әлдеқайда дұрыс шешім болар еді.

Жалғасбек АҚБОЛАТ, қаржыгер:
– Кез-келген мемлекет жыл сайын өзінің бюджетін бекіткенде, сол қаржылық жылға сәйкес, барлық шығындарын алдын ала есептеп, болжап отырады. Ол әлеуметтік саланың шығындары, медицина, білім саласына бөлінетін қаржылардың шығындары, бизнесті қолдау деген сияқты есеп-қисаптардан тұрады. Дәл бүгінгі жағдайды мемлекет өзінің алдын ала бекіткен бюджеттік шығындарды қайта есептеуі тиіс. Бұл заңға қайшы емес. Әсіресе, қазіргі кезде түрлі мемлекеттік сатып алулар мен тендерлерге көңіл бөлгеніміз жөн. Мысалы, көпшілік шараларға 500 еріктіні жинауға 16 миллион теңге тендер жарияланады екен. Осындай мысалдар өте көп. Қазіргі таңда, көптеген мекемелер қайтсек бюджеттен бөлінген қаржыны игереміз деп жанталасуда. Ешкім «Мынау басы артық шығын емес пе? Осыған осынша ақша шығындау қаншалықты орынды?» деп бас қатырып жатқан жоқ. Осы
жерде биліктегілер «Дәл қазір елімізде ең өзекті мәселе не?» деген сауал қоятын болса, жағдайды басқа қырынан көретін еді. – Сәйкесінше, әрекет те соған сай болар еді. Иә, қазір бәрімізді алаңдататыны халықтың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайы, бизнесті тығырықтан шығару мәселесі. Демек, мемлекет осы бағыттан қаржы аямауы керек деп есептеймін. Әлемдік экономиканың аяқ алысын бақылап отырған халықаралық ұйымдар Қазақстанның экономикасы 2,5 пайызға төмендейді деп болжап отыр. Бірақ, бұл үрдіс Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән мәселе. Алайда, елімізде жалпы ішкі өнім көрсеткіші азайып, экономикасының төмендеуі мемлекетті әлеуметтік жауапкершіліктен босатпайды. Яғни, 42500 теңге бермеуі керек деген сөз емес. Өйткені Ата Заңымызда мемлекеттің бірінші байлығы – адам. Ал, енді 42500 теңгенің аз немесе көптігіне келсек,
азаматтардың бұған дейінгі ай сайынғы тұрақты табысымен салыстырғанда, әрине, аз. Мысалы, осыған дейін айына 100 мың теңге айлық алып, жұмыссыз қалғандардың өзіне бұл ауыр соққы. Екіншіден, еліміздің тұрғындарының 70 пайызының несиесі бар. Өздеріңіз білесіздер, осыдан үш ай бұрын төтенше жағдайға байланысты несие төлеуді уақытша тоқтатқан болатын. Қазір сол несиені төлейтін кез келді. Жағдай біз күткендей жақсарған жоқ. Мемлекет осы жағын да ескеруі тиіс. Сондықтан, 42500 теңге жағдайды оңалтады деп ойламаймын. Оның үстіне халық қазір бар жинаған-терген қаржы-қаражаттарына қол сала бастады. Ол таусылса не болмақ?

Сауалнаманы дайындаған К.ЫСҚАҚОВА, «Заң газеті»

Комментарий