Жаңалықтар | Новости

Денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен күреске тағы 42 млрд теңге сұрап отыр

Денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен күреске тағы 42 млрд теңге сұрап отыр. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында ведомство басшысы мәлімдеді.

Алексей Цой елдегі коронавирусқа байланысты қазіргі ахуалды баяндады. Оның сөзінше, Қазақстанда карантин режимінің енгізілуіне байланысты жағдай тұрақталып келеді.

Енді жыл соңына дейінгі эпидемиологиялық жағдай болжамын есепке ала отырып, коронавирус инфекциясына ПТР-тестілерін өткізу бойынша зертханалар қуатын арттыру қажет. Министр мемлекет бюджетінен коронавируспен күреске тағы 42 млрд теңге бөлу қажеттілігін атап өтті.

Бұл қаражат ПТР-тестілеу қызметтерін төлеу үшін керек. Тағы 170 млн теңге ветзертхананың 67 маманының іс-сапарын өтеуге қажет, олар 1 тамыздан бастап ПТР-зерттеулер өтікізуге тартылады.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы өңір басшыларына оларды автокөлікпен қамтамасыз етуді, зерттеу жүргізу үшін шалғайдағы ауылдық жерлерден биоматериалдарды жеткізу бойынша қызметтерге ақы төлеуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін министр карантин режимі енгізілген күннен, яғни, 5 шілдеден бастап коронавирус жұқтыру өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға төмендегенін мәлімдеген еді. Бүгінде тәулігіне COVID-19 инфекциясының 1500-1600 жаңа дерегі тіркеліп отыр. Ал қатерлі дерттен айыққандар саны 60 пайызға артқан.

Комментарий