Жаңалықтар | НовостиОйталқы | Разъяснения

Ана мен балаға берілетін жәрдемақы: кімге және қанша төленеді?

2020 жылы ана мен балаға берілетін жәрдемақы мөлшері өзгерген болатын. Кімге және қанша төленеді? Назарларыңызға Zanmedia.kz Электрон үкімет порталының мәліметін ұсынады.

Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты мемлекеттен берілетін жәрдемақының мөлшері де өзгеріп тұрады. 2020 жылы 1 АЕК 2 651 теңгеге, өмір сүру құны 31 183 теңге болды.

Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы

Бала туғанда төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 2003 жылы енгізілген. 2020 жылы біржолғы жәрдемақының мөлшері мынадай болды:

  • Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 100 738 теңге;
  • Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 167 013 теңге;
  • Егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.

Бір жасқа дейінгі ай сайынғы жәрдемақы

Бір жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері отбасындағы балалар санына қарай сараланады.

Жұмыс істемейтін әйелдерге:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 15 270 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 18 054 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 20 811 теңге;
  • төртінші және одан да көп балаға – 8,90 АЕК немесе 23 594 теңге.

Ал декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы төлем мөлшері былай есептеледі: соңғы екі жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастайсыз.

Жүктілікке және босануға байланысты төлем

Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері былай есептеледі: орташа айлық табысты жұмысқа қабілетсіздік күндер санының тиісті коэффициентіне көбейтіп, кейін шыққан сомадан 10 процент зейнетақы жарнасын алып тастайсыз. Коэффициент 4,2-ге тең.

Мысалы, соңғы бір жыл ішінде табысыңыз 1 800 000 теңге болды. Осы соманы он екі айға бөлген кезде, орташа жалақы шығады.

1 800 000/12 = 150 000 теңге;
150 000 теңге * 4,2 = 630 000 теңге;
Осы сомадан 10% зейнетақы жарнасын шегересіз. 630 000 – 63 000 = 567 000 теңге.
Яғни, жүктілікке және босануға байланысты біржолғы төлем 567 000 теңгеге тең болды.

Ақбота Ерболқызы

Комментарий