Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Абай АРАП, Алматы облысы Әділет департаментінің бастығы: «Борышкерлерді айыппұлмен ақылға келтіреміз деу қате»

– Абай Сейдірұлы, Әділет департаментінің борышкерлермен жұмыс жүргізу барысына цифрлық бағдарлама қолданыла бастады. Жалпы сот орындаушылар электрондық жаңашылдықты қаншалықты меңгерген?
– Сауалыңыз өте орынды. Бүгінде технологияның араласпаған саласы жоқ. Осыған сай «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Біз де жаңа технологияның көмегімен жұмысымызды неғұрлым жедел, ашық етуге болатынына көз жеткіздік. Соның нәтижесінде қарызын төлемей бұқпантайлап жүргендерді әкімшілік жауапкершілікке тарту енді бейнеконференц байланыс арқылы жүзеге асырылуда. Мәселен, Іле және Жамбыл аумақтық бөлімдеріндегі борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Қаскелең қаласында орналасқан Қарасай аудандық мамандандырылған әкімшілік сотына шақыру керек. Жер шалғай болған соң борышкердің келмеуі сот ісінің созылуына алып келетін. Әкімшілік іс осылай кейінге шегеріле беретін. Қаскелеңге борышкерді жеткізудің өзі көп уақыт алатыны тағы бар. Әсіресе, көлік кептелісімен сотқа дер кезінде жете алмаған азаматтардың уақыттан ұтылғаны аздай, қаржылық шығынды да қалтасы көтермейтінін айтып талай шағымданғанын құлағымыз естіді. Бұл қарапайым жұртшылықтың сотқа, сот орындаушыларға деген өкпесін көбейтеді, сенімін сетінетеді. Мұндайда не істеу керек? Бізді тығырықтан шығарған электрондық жаңашылдықтар десем қателеспеймін. Енді біз борышкерлерді сотқа шақырып әуре болмаймыз. Олармен смартфон арқылы тікелей байланысқа шығып, сот ісін қашықтықтан басқаруға қол жеткіздік. Алысқа барып әуреге түспей, шаруасы қиындықсыз, жылдам шешілген халық та риза.
– Мемлекеттік сот орындаушылардың саны қысқарып, жеке сот орындаушылардың қатары көбейді. Дегенмен, жеке сот орындаушылардың құзыры әлі де төмен. Айталық, борышкерді әкімшілік жазаға тарту үшін олар мемлекеттік сот орындаушыларға жүгінеді. Онсыз да саны аз мемлекеттік сот орындаушыларға бұл қосымша салмақ емес пе?
– Міне, бізді де толғандырып отырған осы мәселе болатын. Көкейтесті мәселенің дәл үстінен түстіңіз. Енді саралап көріңіз, Іле ауданында – 16, Жамбыл ауданында – 4, Қарасайда – 26 жеке сот орындаушы жұмыс атқарады. Жеке сот орандаушылар борышкерді әкімшілік жазаға тарту үшін өзіңіз айтқандай, мемлекеттік сот орындаушыға жүгінеді. Жамбыл мен Қарасай аудандарында бір мемлекеттік сот орындаушы, Іле ауданында да мемлекеттік сот орындаушы жалғыз. Яғни, 46 жеке сот орындаушының әкімшілік жазаға тарту шарасын 2 мемлекеттік қызметкер жүзеге асыруда. Бұдан бөлек, олар Қаскелеңдегі сотқа борышкерлерді жеткізуі керек. Мысалы сот борышкерді «Қамауға алу» шешімін қабылдады делік. Осы кезде борышкер алдымен (Іле мен Жамбыл) ішкі істер абақтысына жеткізіледі. Бұның барлығы сот орындаушылардың уақытын кетіріп, сонымен қатар, қызметтік көлікті тиімсіз қолдануға алып келеді. Мұндай қиындықтар, Ескелді, Текелі және Көксу аудандарында да орын алған. Себебі айтылған аудандардың әкімшілік істері Талдықорған қаласындағы мамандандырылған әкімшілік сотында қаралады. Бұл аудандарда 5 жеке сот орындаушы және 1 мемлекеттік сот орындаушы қызмет атқаруда. Осы түйткілді шешу үшін, бүгінгі күні борышкерлердің әкімшілік жауапкершілігін қарастыру бейнеконференц байланысы арқылы жүзеге асырылуда. Сот органдарымен бірлесе жұмыс жүргізудің арқасында оң нәтижеге қол жетіп келеді. Әділет департаменті мен Алматы облыстық соты арасында жасалған Меморандум талай түйткілді шешуге ықпал етті. 2016 – 2018 жылдар аралығында өңірімізде 57 мемлекеттік сот орындаушы қысқартылды. Есесіне, осы кезеңде 142 жеке сот орындаушы тіркеліп, оның 116-сы бүгінгі күні өз қызметтерін атқаруда. Қысқартылған 57 сот орындаушыға 106 728 800 теңге қаражат жұмсалуы қажет еді, бұдан бөлек, оларға мемлекет тарапынан қызметтік көлік, оның қозғалысы үшін қосымша қаржы, арнайы қызметтік киім, жұмысқа қажетті техникалық құралдар керек. Осы шығынның бәрі артық қызметкерлерді қысқарту арқылы үнемделіп отыр.
Салыстырмалы түрде алсақ, жеке сот орындаушылар 2016 – 2018 жылдар аралығында мемлекет пайдасына салық ретінде 177 692 482 теңге құйған. Сонымен қатар әр жеке сот орындаушыда кемінде 5 адам жұмыс атқаруда, яғни, 116 сот орындаушы 580 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде, оларға 50 000 – 100 000 теңгеге дейін жалақы төлейді. Ал, мемлекет тарапынан кеңсе де берілмейді, көлікпен де, киіммен де қамтамасыз етілмейді. Сондықтан, бұл өзгеріс те ел үшін тиімді деуге толық негіз бар. Цифрлық мемлекеттік бағдарламаның сот орындаушыларға тигізген пайдасы ұшан-теңіз. Бұдан бөлек, отандық соттарда тәжірибе ретінде басталған түнгі соттардың да тиімділігі жоғары деп ойлаймын. Бұл да азаматтардың жұмыс кезінде сұранбай, өзіне қолайлы уақытта процеске қатысуына жол ашады. Осының бәрі сот органдарының сот орындаушыларға жасап жатқан жеңілдігі деп білеміз. Электрондық қызметтің жұмысты жеңілдеткенінің бір белгісі, қазір соттың «Қамауға алу» туралы қаулысы ішкі істер бөліміне электрондық түрде жіберіледі. Бұл уақытты үнемді қолдануға көмектеседі.
– Иә, мұндай жаңалықтардан хабарымыз бар. Ал, түнгі соттардың ерекшелігі неде?
– Түнгі сот туралы көпшілік жақсы біле бермейді. Тек сотқа ісі түскендер ғана бұл жаңашылдықтың қаншалықты тиімді екенін сезінуде. Сондықтан, сот органдарының бұл бастамасын насихаттап, халыққа жеткізгеніміз жөн. Біз де өз тарапымыздан бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып жаңа технологиялардың жетістігін, артықшылығын жұртшылыққа тұрақты насихаттап келеміз. Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» заңының 53-бабына сәйкес «Атқарушылық әрекеттер жұмыс күндерінде сағат 18.00-ден 22.00-ге дейін жасалады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, жаңа бастама жұртшылықты әуреге салмауды, ісін дер кезінде, талапқа сай шешуді мақсат етеді. Осы тұрғыдан алғанда түнгі соттардың артықшылықтары аз емес.
– Алимент өндіру ісінің ақсап тұрғаны шындық. Берешегі барларға қозғау салудың қандай жолы бар?
– Алимент өндіру туралы атқару құжаттары әлеуметтік маңызы бар атқару өндірісі екендігі барлығымызға мәлім. Ата-бабамыз ешқашан жетім мен жесірін жылатпаған! Неге? Өйткені ата-бабаларымыздың иманы күшті болды. Обал мен сауапты ажырата білді. Ажырасу дегенді ар санады. Өкінішке орай, кешегі және бүгінгі қоғам, кеңестік идеология әйел мен еркектің құқын тең жасаймыз деп көптеген құндылықтарды жоғалтты. Отбасына жүрдім-тұрдым қарайтындар көбейді, ана мен балаға зорлық-зомбылық жасайтындар саны артты. Әрине, мемлекет ана мен бала құқығын қорғауды әрқашан бірінші орынға қойған. «Алимент төлеу – қарыз емес, парыз!» Осыны отбасынан безініп жүрген әрбір азамат санасына түйіп жүруі керек. Алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлер үшін, қаншама аналар және балалар материалдық көмектен қағылып жүр. Егер әр әке өзінің бұрынғы жанұясын тиісті деңгейде асырап, тұрақты түрде көмек көрсетіп отырса, сот орындаушылардың да жұмысы бірқатар жеңілдейтін еді. Бұл жерде екінші мәселе бар, яғни, «медиация» тәсілімен ажырасқалы тұрған жанұяны татуластыру. «Құстың сүтінен» басқаның бәрін ішіп отырған ханның үйінде де ыдыс-аяқ сыңғырлайды. Отбасының берекесі отағасына байланысты. Бұл бағытта Әділет Департаменті прокуратура органдарымен бірігіп жұмыспен қамту басқармасы арқылы жұмыссыз жүрген борышкерлерге бос жұмыс орындарын ұсынуда. Жыл басынан бері 6 борышкер жұмысқа орналастырылды, арасында ұсыныстан бас тартқан борышкерлер де жеткілікті. Бұл жерде айта кететін жайт, алимент өндіру туралы атқару өндірісі бойынша 70 пайызға жуық борышкердің тұрақты жұмыс орны жоқ. Олардың жеке меншігінде қандайда бір мүлік тіркелмеген. Сонымен қатар олар сот шешімін орындаудан қасақана жалтарып жүр. Қазіргі кезде мемлекеттік сот орындаушылардың өндіруінде тұрған алимент өндіру туралы атқару құжаттарының барлығы заңның 138-бабына сәйкес және 100 нақты қадамның 27 қадамына сәйкес жеке сот орындаушылардың орындауына берілген. Сондықтан, аталған санаттағы атқару өндірістерінің өндіріп алушыларына айтарым, сіздерге қатысты қандайда бір заң бұзушылықтар жоқ, ары қарай атқару өндірістері жеке сот орындаушылармен тиісті деңгейде орындалады.
– Борышкерлерді әкімшілік жауакершілікке тарту жағы қалай жүзеге асып жатыр?
– Борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту барысында сот тарапынан «Қамауға алу» және «Айыппұл» жазалары қолданылады. Бірақ, борышкерлерге айыппұл салу соншалықты тиімді дей алмаймыз. Өйткені, борышкер алимент бойынша қарызын төлей алмай жүріп айыппұлды қайдан төлесін? Жалпы, Алматы облысы бойынша 2018 жылдың 12 айында бар- жоғы 141 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, олардың ішінде 47-сіне айыппұл салынып, 94-іне «Қамауға алу» түріндегі жаза қолданылған. Ал, 2019 жылдың басынан, яғни, үш айдың ішінде 152 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 23 тұлғаға айыппұл салынып, 129 азамат «Қамауға алу» жазасын алған. Осы сұхбатты пайдаланып, сот шешімдерін орындамай жүрген борышкерлерге қарызын созып жүре берсе Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ескерткім келеді.
– Сұхбатыңызға көп рақмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан
Айтақын БҰЛҒАҚОВ,
«Заң газеті»
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Комментарий