Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ПАВЛОДАР КЕРЕКУ АТАЛАР КҮН ҚАЙДА?!

Википедия ақпараттық желісіндегі деректерге көз салсақ, Павлодар облысының тарихын 1720 жылы орыстардың Коряковский форпостын салуымен байланыстырған. Ал, Тара қаласынан шыққан көпес Н.Коряковтің атын алған «Коряковский озера» деген көлдің тарихи атауы Құрманкөл, Құрмантұз болғанын ескерсек, қаланың тарихы да арғы ғасырларға кетері анық. 1838 жылы аталмыш форпост Коряковский бекетіне айналып, 1747 жылдан Сібір үшін тұз өндіргені жазылған. Сол кездегі көпестердің зерттеушілері 200 жылға жететін тұз қоры бар деп болжаған екен. Не керек, орыс көпестері мұнымен де тоқтамай, 1860 жылы екінші Александр патшаның жаңа туылған ұлы Павелдің құрметіне бекеттің атауын Павлодар деп өзгертуге ұсыныс жасайды. Патшаға пенделерінің ұсынысы ұнаса керек, 1861 жылы ұсыныстарын қанағаттандырып, бекет Павлодар аталады. Сөйтіп, IX-X ғасырлардағы Қимақ дәуірінен Ертістің Кереку өңірі аталған жер Павлодар болып кете барды.

Сол IX-X ғасырларда Ертістің оң жағалауында «жар» тіркесімен аяқталатын Қызылжар, Керегежар, Қаражар тәрізді өзге де елдімекендер болғаны тарихтан белгілі. Ал, осы Павлодар облысының 10 ауданының 7-еуі әлі орысша аталып келеді. Нақтылап атап өтер болсақ, Железинский, Лебяжинский, Иртышский, Майский, Павлодарский, Успенский, Щербактинсий деп жалғаса береді. Аудандарының өзі осындай орысша атаулармен аталатын облыста ауылдар отарлаудың құрбаны болғаны көзге ұрып тұр. Мәселен, қазіргі 194 елдімекеннің 107-сі орысша одағайлап тұр. Павловка, Петровка, Баброва және тағы басқа. Облыс әкімі Болат Бақауовтың туған ауданы да Железинский деп желпілдеп-ақ келеді. География ғылымының докторы Қуат Сапаров, тарихшылар Қайырболат Нұрбаев, Жамбыл Артықбаев секілді азаматтар бұған дейін де Павлодардың тарихи атауы Кереку екенін тарихпен байланыстыра дәлелдеп, атауын өзгерту жөнінде республикалық басылымдарда ұсыныс тастаған. Оларға қарсы шыққан орыс ағайындар да болған. Осылайша, тарихи шындық өз биігіне шыға алмай келеді. Жас әрі іскер әкім ретінде дәріптеліп жүрген Болат Бақауов мырза да тыңнан түрен сала алмай, тарихи атау әлі қалпына келмей жүр. Осы арада қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерінде Павлодардың бұрынғы атауы Тұзкент екені айтылғанын да көрсете кеткен жөн. Кереку бола ма, Тұзкент бола ма, әйтеуір бір қазақша атауды өндірісті қалаға қайтарсақ, орысша аталып жүрген аудандар мен ауылдарды да қазақшаласақ қолымызды кім қағады? Бұл сауалды газет арқылы Болат Бақауов мырзаға жолдап, жауабын кешіктірмес деп сенім арттық. Айтпақшы, Батыс Қазақстан облысының Зеленовский ауданын өткен жылы Бәйтерек деп өзгерткенде қарсы шыққандар табылған. Бірақ, облыс әкімі Алтай Көлгінов табандылық танытты. Үкіметке ұсыныс жасап, қаулыны қабылдатып алды. Ал, Болат Бақауовқа осындай батылдық жетіспей ақ жүр…
Нұрболат АБАЙҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий