Елең еткізер | АктуальноЭкономика

БЮДЖЕТТІҢ ДҰРЫС ЖОСПАРЛАНБАУЫНА КІМ КІНӘЛІ?

Бүгінгі күні халық қалаулылары мемлекеттік бюджет мәселесін тағы қызу талқылауда. Бұл жолы депутаттар игерілмеген қаржы дауын емес, бұрыс жоспарланған бюджетті қалай дұрыстаймыз деп бас қатырып жатыр. Өз кезегінде біз бюджетті тиімсіз жоспарлағандарға қандай жаза қолдану керек деген сауалға жауап іздеген едік.

Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:

– Жыл сайын бюджеттен бөлінген қаражатты игере алмай немесе қазына қаржысын мақсатсыз жұмсаған әкім-қаралар жайлы жиі естиміз. Бірақ, олардың қаншасы заңмен жауапкершілікке тартылып, болмаса игерілмеген қанша қаржы ел қазынасына қайтарылғаны туралы ақпарат айтылмайды. Сондықтан, мәселені осыдан бастау керек сияқты.

Жалпы, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі» мен «Бюджет туралы» кодексте мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсағандарға жауапкершілік қарастырылған. Игерілмеген қаржыны қайтарудың да заңдық тетіктері бар. Тек, аталған баптар ойдағыдай қолданылып жатыр дей алмаймын. Алайда, көп жағдайда бюджеттен бөлінген қаржыға тікелей жауапты лауазымды тұлғалардың орнына қатардағы мемлекеттік қызметкерлер жазаланып жататыны рас. Бюджеттің барлық кіріс-шығысына облыс әкімінен бастап барлық әкімдер жауап беруі тиіс. Сосын әкімдіктердің барлығында бюджетті жоспарлау бөлімі бар. Осы бөлімде бюджетке қатысты сұрақтардың барлығы қаралады. Сондықтан, бюджетке тапсырыс беруде қандай да бір қателік кетсе, бірінші әкімдер жауап беруі керек. Әкімдіктер өздеріне керекті қаражатты өздігінен бекітпейді. Мұнда жергілікті мәслихаттардың рөлі зор. Қазынадан алынатын қаржы халықтың ақшасы болғандықтан жергілікті билік оны жұмсау үшін халық өкілдерімен келіседі. Яғни, мәслихат депутаттары қандай мақсатқа қанша ақша керектігін өздерінің сессиясында қарап, өз шешімдерін әкімдікке жолдайды. Одан кейін ол ұсыныстар әкімдіктің бюджетті жоспарлау бөліміне түсіп, бұдан әрі әкімнің мақұлдауымен алдағы уақыттың бюджеті жоспарланады. Басқаша айтқанда, мәслихат тапсырушы болса, әкімдік орындаушының рөлін атқарады. Байқасаңыздар, бюджетті жоспарлау жалғыз әкімнің қолындағы шаруа емес. Сондықтан, бюджет тиімсіз жоспарланған жағдайда ол үшін мәслихат депутаттары да заң алдында жауап беруі тиіс.

Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы:

– Бюджет деген халықтың ақшасы. Сондықтан, оған қатысты қандай шешім қабылдасақ та, тікелей халықпен ақылдасу қажет. Шынын айтсам, қазір бізде заң шығару оп-оңай шаруа болып кетті.
Заң шығарушы органда отырған бірлі-жарым депутат бас көтереді де, қалғандары бастарын шұлғып отыра береді. Нәтижесінде, осындай шала-жансар, шикі заңдарымыз шығып жатыр. Осыдан кейін барып, өздері жіберген қателікті түзетеміз, толықтырамыз деп заңдарды көк шимай жасайды. Мысалы, Әкімшілік кодекстің қабылданғанына көп уақыт өткен жоқ. «Мемлекеттік қызмет туралы» кодекс те жаңа. «Бюджет туралы» заңымыз да ескі емес. Мені таңқалдырғаны, мұның алдында депутаттарға бюджетті тиімсіз жоспарлағандарға қандай жаза қолдану керек деген ой келмеген бе?! Негізі бұл мемлекеттік бюджет саясатын жүргізудегі ең маңызды мәселе. Егер әу баста тиісті мемлекеттік органдар бюджетті тиімсіз жоспарласа, оның соңы қазына қаражатын мақсатсыз жұмсауға алып келері анық. Осындай қарапайым мәселені ескермеген депутаттарға халық қалай сенім артады?! Ал, қазына қаржысын тиімсіз жоспарлағандарға жаза қолдану мәселесіне келсек, әрине мұны заңға кешеуілдетпей енгізу керек. Меніңше, мұны тек әкімшілік жазамен шектемей, қажет болса қылмыстық жауапкершілікке тарту жағын да ескеру қажет сияқты. Өйткені, мұның артында қазына қаржысын талан-таражға салу, жымқыру секілді арам пиғылдары болуы әбден мүмкін.

Сауалнаманы әзірлеген Камила ЫСҚАҚОВА, «Заң газеті»

Комментарий