Экономика

ҚАРЖЫҒА ЖАУАПТЫЛАР ЖАЗАДАН СЫРТ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК

БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ДҰРЫС ЖОСПАРЛАМАЙ, ТИІМСІЗ ПАЙДАЛАНҒАНЫ ҮШІН ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТУДЫ ЗАҢ ЖҮЗІНДЕ ДӘЙЕКТЕУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛГЕЛІ ҚАШАН. ЖЫЛДА ПАРЛАМЕНТ ПАЛАТАЛАРЫНДА БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ ҚАРАЛҒАН САЙЫН ОСЫ ӘҢГІМЕ АЙТЫЛАДЫ. ӨЙТКЕНІ, ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ТЕКСЕРУЛЕРІНДЕ МАҚСАТСЫЗ ЖҰМСАЛҒАН, ОРНЫН ТАППАҒАН МИЛЛИАРДТАҒАН ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ АНЫҚТАЛЫП ЖАТАДЫ.

Бұл заңсыздықтар үшін Бюджеттік кодекстің 32-бабы бойынша негізінен қатардағы мамандар жауапқа тартылады. Олардың дені өз міндетінің қыр-сырын меңгеріп үлгермеген, тәжірибесі аз жастар. Ал, істің басы-қасында жүрген лауазымдылар көбіне жазадан сырт қалады. Мәселен, былтыр бар болғаны лауазымды тұлғалардың 7 пайызы ғана жауапқа тартылған. Басшылар арасында басқа қызметке ауысып, жазадан сытылып кететіндері де аз емес. Қысқасы, талан-таражға ұшыраған бюджет қаржысы осылайша сұраусыз қалады және бұл жағдай жыл сайын қайталанады.
Осы мәселе Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында тағы көтерілді. Депутат Мейрам Пішенбаев пәрменді шара заңсыздықтың етек алуына ықпал етіп отырғанын, сондықтан аталмыш құжатты жұмыс тобында қарау кезінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін белгілеу жайлы депутаттар ұсыныс қосқанын айта келіп, бұған құзырлы орын өкілдерінің өз ұстанымын білдіруін сұраған еді. Өкінішке қарай, жиында депутат Гүлжан Қарағұсова айтқандай, бұл мәселе жөнінде олардың пікірі ойдан шықпады. Алдымен сауал қойылған Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтің айтуынша, лауазымды тұлғалардың бюджет қаражатын дұрыс жоспарламауына қатысты әкімшілік жауапкершілік белгілеу мәселесі барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірге мұқият талдап, шетелдік тәжірибені жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Шын мәнінде, бүгінде «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда лауазымды тұлғалар жекелеген жағдайда өз міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін жұмыстан босатуға дейін апаратын жауапкершілік белгіленген. Ал, қаралып отырған құжатта әкімшілік жауапкершілікті енгізу үшін осы заңнамада «бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау» деген ұғым айқындалуы қажет. Бүгінгі таңда бұл жоқ. Сондықтан, алдымен тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілік талап етілетін жағдай айқындалу керек. «Мәселе бар болғаны бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау ұғымын айқындауға ғана тіреліп тұрса, оны қалыптастырып, қаралып отырған заң жобасының екінші оқылымына дейін неге енгізбеске» деген Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің сұрағына берген жауабында да вице-министр өз ұстанымынан танбады. Оның сөзінше, оған үлгеру мүмкін емес. Бұл депутаттардың күлкісін тудырды. Алайда, оның Ұлттық экономика министрлігіндегі әріптесінің де айтқаны осы болды. Құзырлы орынның вице-министрі Арман Жұмабековтың мәлімдеуінше, аталмыш тетік алдымен Бюджет кодексіне енгізілуі керек. Содан кейін ғана лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін белгілеуге болады. Қазіргі таңда бұл құжатта лауазымды тұлғалардың 28 жауапкершілігі айқындалған. Бірақ, олардың бәрі Үкімет басшысы және Үкімет алдындағы жауапкершіліктер. Алайда, олардан тиімділік болмаған соң не шара? Осы уақытқа дейін бұл тетік Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте болса ғана тиімді болатыны талай айтылып келді. Енді осындай оңтайлы сәт туғанда нақты ұғымның болмауы үлкен кедергіге айналып отырғаны түсініксіз жайт. Нұрлан Зайроллаұлы бұған келіскісі келмеді. Төраға осынша жылдар бойы бюджетті тиімсіз пайдалану өлшемі мен ұғымдары әдейі қалыптастырылмай келеді деген ойын ашық білдіріп, осы жолы екі министрлік оларды жасау үшін бірге жұмыс істеп, қалай да қаралып отырған заң жобасына енгізу қажет деген кесімді сөзін айтты. Мұны Жұмабеков мырза құп алғанымен, Баеділов мырза бұл тетіктің дайын болатынына күмәнді күйінде қалды. Оның айтуынша, бұл баптар Бюджеттік кодекстің тетіктері. Оларды қаралып  отырған заң жобасына енгізу қисынсыз. Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова оларға қарсы шықты. Годунова ханым бұл мәселеде шектен тыс ізгілік қажет еместігін кесіп айтты. Өйткені, Елбасының өзі бюджет қаражатына қатысты жауапкершілікті қатаңдату туралы тапсырма берген. Аталмыш ұғымдар қазірдің өзінде Бюджеттік кодекс пен «Мемлекеттік аудит және қаржы бақылауы туралы» заңға енгізілген. Бірақ, олардың ешқандай тиімділігі болмай тұр. Құрыққа түсетін негізінен кіші мамандар. Үлкен лауазым иелері жауапкершіліктен сырт қалады. Сондықтан, қаралып отырған құжатта бұл мәселе, депутаттар айтқандай,
нақты шешімін табуы тиіс. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов те осы тақылеттес пікір білдірді. Оның мәлімдеуінше, агенттік бұл мәселені бірнеше рет көтеріпті. Мемлекет қаражатын талан таражға салу тым жиілеп кетті. Сол себепті оған қатысты лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі күшейтілу керек. Тоқетерін айтқанда, бұл мәселе шешілетін уақыт жетті. Мұны Нұрлан Зайроллаұлы да атап көрсетіп, құзырлы орындар өкілдері мен әріптестерін талқыланып отырған заңды екінші оқылымда пысықтау кезінде тиісті заңнамалық тетіктің өлшемдерін жасап, енгізуге шақырды. Бұл жолы вице-министрлердің қарсылығы естілмеді. Осы бағытпен бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына қатысты нақты талап айқындалса, мұны депутаттардың жеңісі деп айтуға толық болар еді. Олар тек осы ұстанымына берік болуы қажет. Жиында аталмыш құжатты Әділет министрі Марат Бекетаев қорғағанды. Марат Бақытжанұлы бұл заң жобасы құқық қолдану тәжірибесі негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру, соның ішінде оны ізгілендіру және әсіре қатаңдығын төмендету мақсатында дайындалғанын жеткізді. Құжатта бірнеше бағыттар бойынша заңнамалық тетіктер дәйектелген. Нақты тоқталсақ, олардың біріншісі әкімшілік құқық бұзушылықтардың кейбір құрамдарын алып тастау. Өйткені, реттеуші органдардың ұстанымына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтардың кейбір құрамдарын азаматтық немесе тәртіптік іс жүргізу арқылы қарауға болады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру және оларды автоматтандыру сияқты іс-шаралар орындалуда. Осыған орай, заң жобасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтардың 32 құрамын алып тастау ұсынылды. Екіншіден, әкімшілік құқық бұзушылықтардың жекелеген санкцияларын жеңілдету және төмендету. Министрдің айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылық санкцияларына жүргізілген талдау оларды әкімшілік жауапкершілікті одан әрі ізгілендіру шеңберінде жеңілдетуге және төмендетуге мүмкіндік бар екенін көрсеткен. Сондықтан, заң жобасында қырықтан астам құрам бойынша айыппұл мөлшерін азайту, он құрам бойынша әсіре қатаңдықты төмендету және алты құрам бойынша ескерту енгізу ұсынылды. Бұл түзетулер мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары негізінде, сондай-ақ, талдауды және статистикалық деректерді ескере отырып әзірленді.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий