Бас тақырып | Тема дняСаясат | Политика

ТОҚАЕВ ЖЕТІСУ ЖЕРІНЕ ТАБАН ТІРЕДІ

Жетісу жеріне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен келді. Талдықорғандағы Салтанат сарайында қоғаммен кездесуді ашқан Мемлекет басшысы «Бүгін еркін әрі елдегі өзекті мәселелерді қамтыған салихалы сұхбат жүргізелік» деп, жетісулықтардың көкейіндегі көп мәселенің тетігін дөп басты.

Өңір тұрғындары атынан алғашқы сөзді Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт алып, ел бірлігін сөз етсе, «Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы Римма Салықова аймақтағы кәсіптің көрсеткіштеріне тоқталды. «Алматы облысында 120 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Соңғы жылдары іске қосылған 5000 кәсіпорында 26 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Біз австралиялық әріптестерімізбен бірлесе отырып Қазақстанның әртүрлі табиғатына ыңғайлы әрі сапалы материалдар шығаруды жолға қойдық», – деді ол.
Тұтастай алғанда Жетісу жерінде бой көтерген құрылыстың саны да, сапасы да өзге өңірлерден оқ бойы озық тұрғанын статистикалық мәліметтер растайды. Бір жазда Талдықорғандағы екі ықшам ауданда 5-9 қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Оқушылар сарайы, көп салалы аурухана және Жастар саябағы заманауи озық үлгілерді паш етіп тұр. Талдықорғанның бұлайша түрленуін Алматы облысы әкімі Амандық Баталовпен байланыстырмау мүмкін емес. Мемлекет басшысы Алматы облысының қайта жаңғырған Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы өңірді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.
«Бүгінде Жетісу аймағы қарқынды дамып келеді және ауыл шаруашылығы өндірісі көлемі жөнінен көш басында. Өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 86 пайызға жетіп отыр. Дегенмен, Алматы облысында да бұрынғыша ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Әкімдік елдімекендердің перспективті дамуын есепке алып, сумен қамту жүйесінің құрылысы мен қайта жөндеу жөнінде кесте жасап, жұмыстар жүргізуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептердің проблемасына тоқталып, Үкіметке және облыс әкімдігіне 2021 жылға дейін мектеп құрылысына қатысты түйткілді шешуді тапсырды. 14 мектептің құрылысына 2018–2019 жылдары республикалық бюджеттен 15,4 миллиард теңге бөлінгені, бірақ, аймақ тағы да 20 мектепке зәру екені және бұл үшін 2020–2021 жылдары 29 миллиард теңге бөлу керектігі де осы сапарда сөз болды. Бұдан кейін баспана мәселесіне ойысқан Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлі күнге дейін 41 мың адам баспана кезегінде тұр. Оның 11 мыңы – бірінші кезекте мәселелері шешілуі тиіс тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар. Жас мамандар мен жас отбасылар үшін тұрғын үй құрылысын белсенді түрде жүргізу қажет. Әкімдік жас мамандарды баспанамен қамту үшін өзге өңірлердің үлгісімен «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаны жабатын тұрғын үй сертификаттарын беру тетігін іске қосуы қажет», – деді.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығына қажетті жерлерді мақсатты пайдалану, суармалы жүйелерді модернизациялау мен ирригацияларды қалпына келтіру сияқты мәселелер сөз болды. Сондай-ақ, жер учаскелерін бөлу және оларды тиімді пайдалануға бақылауды қамтамасыз ету ісінде облыстың агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін көліктік қызметтерге тарифтерді төмендету керектігін атап өтті. Жалпы, Алматы облысы – стратегиялық аймақ. Еліміздің маңызды көлік торабы мен логистикалық орталығы болу үшін әлеуеті жеткілікті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль магистралі құрылысының аяқталуына байланысты Алматы облысы Азия мен Еуропаның арасын жалғайтын көлік қозғалысы үшін қақпаға айналды. Сонымен қатар, облыс жолдарының 22 пайызы сын көтермейтін болғандықтан, бұл мәселе өзекті күйі қалып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында мемлекеттік наградалар еңбек адамдарына, әсіресе, ғалымдарға, құрылысшыларға, қарапайым жұмысшыларға берілуі керектігін ескертіп, өңір дамуына үлес қосқан түрлі сала өкілдерін марапаттады. Сапар барысында Тоқаев Алматы облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Қайнар АКБ» аккумулятор шығару зауыты және Қаратал ауданындағы сервистік әкімдік, мектеп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру шаруашылықтарында болып, тұрғындармен кездесті.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Заң газеті».
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Комментарий