Қоғам | Общество

«2 мыңның дәрісін 40 мыңнан сатып отыр» – отбасымен індетке шалдыққан дәрігердің жанайқайы (ВИДЕО)

«Барлық жерде жасырып, қымбатқа сатып жатыр! Чек бермейді. Бұл не деген сұмдық?! Сендер немене, халықты қырайын деп жатырсыңдар ма?..» – дейді ол.

Өзін Қамбарбеков Асқарбек Керімұлы деп таныстырған травматолог дәрігер елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Асқар Мамин және Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың атына видеоүндеу жолдады. Айтуынша, елдегі барлық дәріханаларда дәрі-дәрмектің бағасы «аспандап» кеткен, деп жазады Skifnews.kzақпарат порталы.

«Мына COVID деген ауру бәрімізді жаулап бара жатыр. Менің семьям да ауырды. Қазір әйелім ауырып жатыр. Өзім де ауырып, жазылдым, міне. Бүгін аптекаға барғанбыз. Осыдан 5-6 күн бұрын дәрі кішкене қымбат болатын. «Мейлі ғой, аптеканың азаматтары пендешілікпен кішкене қосқан шығар» деп ойлағанбыз.

Қазір барып, жағамды ұстап келдім. Масқара! «Дексаметазонның» бір ампуласын 1600 теңгеден сатып отыр. Бір пачкадағы 25 штугы 2 мың теңгедей тұратын. Сонда неше есе қосып сатып отыр?! 25 штугы 1600-ден болғанда, 40 мың теңге болайын деп тұр…

Дәрінің бәрін қымбаттатып жіберген. Барлық жерде жасырып, қымбатқа сатып жатыр! Чек бермейді. Бұл не деген сұмдық?! Сендер немене, халықты қырайын деп жатырсыңдар ма?..» – деген маман өз салдасындағы былықты айта келіп, эмоцияға да ерік берді.

Осындай сорақылыққа жол беріп қойған жоғарғы жақтағы шенеуніктердің «намысын қамшылайтын» сөздер айтқан Асқарбек Қамбарбеков олардан, ең бастысы, дәрі-дәрмектің бағасын қатаң қадағалауды сұрап отыр.

Комментарий