Бас тақырып | Тема дняЕлең еткізер | Актуально

«Бесеудің хаты»: зиялылар Президенттен төтенше жағдай режимін қайта енгізуді сұрады

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ауруханада жатқан жазушы Смағұл Елубай бастаған, әдебиет, мәдениет саласының төрт өкілі қостаған ашық хат жолданды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біз, бір топ зиялы қауым өкілдері елімізде COVID-19 індетінің, оның өзгеріске ұшыраған пневмониялық түрінің өршуіне байланысты, Сіздің атыңызға Үндеу жасауға мәжбүрміз.

Әлеуметтік желілерден түсіп жатқан деректерге қарағанда, Қазақстан коронавирус дертінің таралуы жағынан әлемде бірінші орынға шыққан. Соңғы аптада жұқпалы індеттен қаза болғандар саны да күрт артып бара жатқанын көріп отырмыз.

Ресми дерек көздері адам шығындары туралы деректерді цензуралап тастады. Алайда, тек журналистер мен жазушылар, мәдениет қайраткерлері арасынан аз уақытта аты белгілі қырыққа жуық адамның көз жұмғаны ахуалдың күрделеніп кеткенін көрсетеді.

Сонда қарапайым халықтың ішінде не болып жатыр? Бір ауылда бір күнде үш-төрт жаназа болып жатқаны жан шошытады. Бір отбасынан екі-үш адам, тіпті, төрт адамға дейін қауіпті тажал тырнағына ілінгендері де кездесуде.

Ауруханалар болса лық толы, ауруларды қабылдамайды. Шақыртулардың көпшілігінен «Жедел жәрдем» үлгере алмауда. Аптекаларда – дәрі тапшылығы. Бар дәрі-дәрмектің бағасы шарықтап барады. Азық-түлік тауарларына да бағаның артып кеткенін байқап отырмыз. Халық коронавируспен күресте қауіппен бетпе-бет қалып отыр. Жағдай бақылаудан шығып барады!

Қалыптасқан қиын ахуалға байланысты, Сізден Қазақстан аумағында жедел түрде қайтадан Төтенше жағдай енгізуіңізді, карантиндік режимді күшейтуді, фармацевтика саласына бақылауды арттырып, дәрі-дәрмек тапшылығын жоюды, дәрі-дәрмек нарығында бағаны қолдан көтеріп отырғандарға қатаң жазалау шараларын қолдануды талап етеміз.

Үйде емделіп жатқандарға онлайн түрде орталықтандырылған дәрігерлік кеңес ұйымдастырылғаны да жөн болар еді. Сондай-ақ, халыққа әлеуметтік көмек жасау мәселесі қарастырылғаны аса өзекті. Жұмысы тоқтап қалған шағын және орта кәсіпкерлік те мемлекет қолдауына мұқтаж. Қалайда пандемияға қарсы жедел шаралар қабылдануы қажет!

Құрметпен,
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, (ауруханадан);
Бейбіт ҚОЙШЫБАЙ, жазушы, қоғам қайраткері;
Қазыбек ИСА, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, Халықаралық С. Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР Президент жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі;
Марат ТОҚАШБАЕВ, жазушы-публицист, Қазақстан Педагогикалық Ғылым академиясының академигі, профессор;
Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қол қою жалғасуда.

Комментарий