Саясат | Политика

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ НЕГІЗГІ БУЫНЫ

БҮГІНДЕ АЙМАҚТАРДА ХАЛЫҚТЫҢ ШЕКЕСІ ШЫЛҚЫП ТҰР ДЕУ ҚИЫН. ҚАРАША ҚАУЫМНЫҢ ЖАНЫНА БАТҚАН МӘСЕЛЕ КӨП. САПАЛЫ АУЫЗ СУ ЖОҚТЫҒЫ, ҚЫС БОЛСА ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛУ, ОТЫН-СУ ТАПШЫЛЫҒЫ, ЖҰМЫССЫЗДЫҚ, БАСПАНАСЫЗДЫҚ – ҚАЙ ӨҢІР ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ БОЛСЫН БАС АУРУЫ. ОСЫНЫҢ САЛДАРЫНАН ҚАЛА ЖАҒАЛАП, МҮМКІНДІГІ ЖЕТКЕНІ БАС ШАҺАРҒА ҚОНЫСТАНУҒА МӘЖБҮР. ҚАЛАҒА КЕЛГЕНІНІҢ ДЕ ЖАҒДАЙЫ МӘЗ ЕМЕС, ДЕНІ КІСІ БОСАҒАСЫН ПАНАЛАП ЖҮР. КӨБІНІҢ КӘСІБІ БАЗАР, АРБА СҮЙРЕУ, ӘРІ КЕТСЕ КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІ…

Ал, аймақтардағы халықтың қамы үшін шағын қалаларды дамыту, ауылдарды көтеру, халықты жұмыспен қамту, алыс елдімекендерге су жеткізу шаралары сияқты қаншама бағдарлама қабылданды десеңізші?! Оларға бөлінген қаржы да аз емес. Мәселен, өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз етуге тәуелсіздік жылдары 540 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бірақ, сол қаржының нәтижесі жоққа тән. Есеп комитеті тек қана былтыр аймақтарға қатысты 315 млрд теңге көлеміндегі қаржы мақсатқа сай жұмсалмағанын айқындапты. Мұның сыртында тағы 28 млрд теңге тиімсіз игерілген. Мұның бәрі сол жүзеге аспай қалған бағдарламалар жайлы хабар берсе керек. Жақында Парламент Сенатындағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзінөзі басқару туралы» заңының жүзеге асырылуы талқыланған «дөңгелек үстелде» аймақтардың ахуалына қатысты біраз мәселе ортаға салынды. Оған орталық және жергілікті атқарушы билік өкілдері, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері қатысты. Жиын тізгінін ұстаған Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мәселенің өзектілігін осы аймақтардағы қауымның сын көтермейтін жағдайымен байланыстырған еді.

Осы ретте ауыз суға бөлінген аталмыш қаржы көлемі жайлы ақпаратты ортаға салып, бұл бағдарлама Бермуд үштағаны сияқты жұмбақ жағдайда құрдымға кеткеніне назар аудартты. Ауылдағы өзге де жедел шешуді қажет ететін өзекті мәселелерді тізе келіп, өңірлердегі барлық әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуге тиіс әкімдердің жауапкершілікті жоғары жаққа сілтейтініне базына айтты. Дариға Нұрсұлтанқызының сөзінше, шын мәнінде жергілікті билік – мемлекеттік басқарудың негізгі буыны. Әкімшілік реформа жергілікті билікке елеулі өкілеттіктер берді. Соған сәйкес мәслихаттар ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі бюджетті дербес қалыптастыра алады. Коммуналдық меншікті дербес басқару, жер ресурстарын басқару саласын бақылау, лицензиялаудың, аттестаттаудың, басқа да бақылаулардың түрлері бар. Алайда, өңірлердің бірінші кезектегі міндеттері тиісті деңгейде шешілмей отыр. Олай болса мәселе неде?
Жиында айтылған әңгіме ауанынан түйгеніміз, бұл құзыреттерді жүзеге асырудың тетіктері дұрыс жасалмаған. Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жүйесіне реформа қажет. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашевтың айтуынша, бұл істі алдымен өзіне жауапкершілік ала білетін, алға қойған міндеттерді әдеттен тыс жолдармен шешу арқылы соңынан адамдарды ерте алатын, білікті, өр мінезді депутаттар сайлаудан бастау керек. Бұл ретте Міржақып Дулатовтың «жақсы адам болу үшін депутат болудың қажеті шамалы, депутат болу үшін міндетті түрде жақсы адам болуы керек» деген сөзі еске түседі. Сондықтан, әуелі мәслихат депутаттарына іріктеу талаптарын нақтылау керек. Бұл ретте олардың топқа әсер ету қабілеті, мәселенің түпкі қорытындысын зерделей алуы әрі тәуекелшілдігі назарға алынуы тиіс. Сонымен қатар, оларды Мемлекеттік басқару академиясында оқыту қажет. Екіншіден, үлкен құзыретке ие, түрлі мемлекеттік шараларға осы ұйым атынан өкіл ретінде қатысып, елдік маңызы зор мәселелерді шешуге үн қосатын Мәслихат хатшысының атауын өзгерту. Қазіргі хатшы деген атау бұл лауазымға техникалық сипат беріп, оның ықпалын, мүмкіндігін кемітеді. Сондықтан, ол Мәслихат төрағасы деп аталғаны жөн. Сонымен қатар, тексеру комиссиясы Мәслихат құрамына өткені дұрыс. Қазір ол өз алдына дербес ұйым ретінде жұмыс істеуде. Бұл жағдай Мәслихат рөлінің төмендеуіне, қаржы-экономикалық мәселелеріне қатысты пәрменді ұстаным таныта алмауына соқтырады. Депутаттардың Парламенттегі заң шығару үрдісіне қатыстырылуы да тиісті деңгейде шешуді қажет етеді. Бұл көптеген мәселелер бойынша қабылданатын құжаттардың теріс салдарының алдын алуға мүмкіндік береді. Заңдардың жергілікті жерлерде толыққанды насихатталып, олардың тиімді орындалуына ықпал етеді. Бұл пікірді жиынға қатысушылардың біразы құптай сөйлегенімен, кейбіріне қатысты қарсылық айтылды. Мәселен, Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Мұқашев мырзаның тексеру комиссиясына қатысты ұстанымын құптамады. Оның айтуынша, тексеру комиссиясының жұмысын тиімді атқару үшін қаржы қадағалау ісінің қыр-сырын меңгерген маман қажет. Ондай кадр Мәслихаттарда жоқ. Екіншіден, Мәслихаттар бюджетті жасап, бекітуге қатысатындықтан, олардың орындалуын тәуелсіз түрде бақылай алмайды. Тексеру комиссиясының дербес ұйым ретіндегі жұмысы бюджет жоспарының орындалуына бақылауды күшейтумен қатар, қаржы тәртібінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекет қатысатын инвестициялық жобалардың дер кезінде жүзеге асуына мүмкіндік береді. Жиында сөз алған Ұлттық экономика министрі аймақтарға енгізілген төртінші деңгейлі бюджет олардың өз мәселесін жергілікті халықты тарта отырып шешуіне мүмкіндік бергеніне тоқталды. Оның 70 пайызын республикалық трансферт, қалған бөлігін сол аймақтардағы көліктен, кәсіпкерлерден ұсталған салықтар құрайды екен. Қазір бұл жүйе пилоттық түрде елдегі өңірлердің жартысына жуығына енгізіліп отыр. Келер жылға ол бойынша жұмыстар қалған өңірлерде қолға алынбақ. Министрдің айтуынша, бұл мәселеге көптеген аймақта интернет желісінің толыққанды дамымауы кедергі болып тұр. Кең жолақты ғаламтордың тартылмауынан жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары қаржылық рәсімдерге қатысты шараларды уақытында қабылдай алмай, кейбір мәселелердің дер кезінде шешім табуы қиын болып отыр. Бұл әңгімеге қатысты да сенаторлар тарапынан қарсы пікірлер табылды. Мәселен, сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтың айтуына қарағанда, бюджеттің төртінші деңгейі бойынша қаржы бөлу рәсімі күрделенген. Ондағы, тіпті құлаған бір бағанды қалпына келтіретін мекемені анықтау үшін конкурс өткізу талабы ауылдықтардың күнделікті тұрмысына қолайсыздық тудырып отыр.
Ал, оның әріптесі Серік Жақсыбековтың сөзіне сүйенсек, кен орындары орналасқан көптеген елдімекендерге осы өндірістерден алынатын салық бұйырмай отыр. Олардан ауаға тарайтын улы қалдықтардың зардабын тартып отырған халықтың бұл үлестен қағылу себебі түсініксіз. Аймақтарға тек қана көліктен, кәсіпкерлерден түсетін салық қана тиесілі. Бір ауылдың бюджеті жылына 122 млн теңгеден аспайды. Егер өздерінде орналасқан кен орындарынан түсетін алым сол өңірдің өзінде қалатын болса, ондағы көптеген әлеуметтік маңызы бар мәселелер шешімін тапқан болар еді. Бұрын-соңды Парламент қабырғасында өтпеген бұл кездесу біраз мәселенің бетін ашты. Сондықтан, жиын қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленетін болды. Дариға Нұрсұлтанқызы олар мерзімі мен жауапкершілігі көрсетілетін нақты сипатқа ие болуы тиістігін, сенаторлар олардың іске асуы барысына тұрақты мониторинг жүргізумен қамтамасыз етілуі қажеттігін тапсырды.
Кездесу соңында Парламент Сенаты жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес пен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды. Демек, осындай кездесулер, бірлескен іс-қимыл дәстүрге айналмақ.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

 

Комментарий