Құқық | Право

Алдағы уақытта робот-судьялар пайда болады

Онлайн өтіп жатқан Astana Finance Days 2020 халықаралық қаржы конференциясы аясындағы «АХҚО құқығы: Теориядан практикаға» атты АХҚО заң конференциясында «Коммерциялық құқық және қаржылық реттеу», «Дауларды онлайн шешу: бүгіні мен болашағы», «Заң технологиялары» мәселелері бойынша беделді сарапшылар мен мамандар өз ойларын ортаға салды.

Заң технологияларында жаңа компаниялар құрылады

Заң технологиялары, стартаптар және кәсіпкерлік бойынша мастер-класста FortRoss Ventures венчурлық қорының бас серіктесі Виктор Орловский Силикон аңғарының әлем бойынша стартапшыларды несімен тартатыны, ондағы бизнес жасау жолы, инновациялық және заң технологиялары мен инвестициялаудың әдіс-тәсілдері туралы әңгімелеп, инновация саласындағы соңғы үрдістерді баяндады.

«Заң технологияларында үлкен өзгерістер болып жатыр. Силикон аңғарында да бұл салада күн санап жаңа стартаптар пайда болуда. Израиль мен өзге елдер де бұл саланы назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Алдағы уақытта осы стартаптардың заң саласына үлкен өзгерістер енгізгенін көп өтпей өзіміз де көретін боламыз», – дейді Виктор Орловский.

Спикердің айтуынша, алдағы уақытта робот судьялар пайда болуы әбден мүмкін. «Робот-судья болуы мүмкін бе? Иә, өйткені машиналық үйрену мен жасанды интеллект белгілі бір мәселеге ғана арналған «тар» мамандықтарды жақсы шешеді. Өз басым адам судьядан гөрі робот судьяға жүгінер едім», – дейді FortRoss Ventures венчурлық қорының бас серіктесі.

Спикер сонымен қатар Силикон аңғарының дамып кетуінің негізгі үш себебін атады: ұмтылыс, қате шешімдер және өте жоғары деңгейдегі коммуникация – адамдар пікір алмасуға әрдайым ашық.

«Білім беру саласындағы цифрлық революцияға куә боламыз. Бұл Google, Amazon немесе Facebook секілді жаңа ірі компаниялардың пайда болуына ықпал етеді. Ал осы салада жетістікке жету үшін толықтай цифрлану керек. Сайт ашып, қосымша жасаумен шектелмей, корпоративті мәдениетті өзгертіп, жұмыс істеу мен ойлау жүйесін өзгерту керек», – дейді спикер.

Өз сөзінде АХҚО құқық академиясы академиялық Кеңесінің мүшесі/ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Атқарушы Директорының Орынбасары Игорь Рогов АХҚО-ның тәжірибесін елдегі өзге де ұйымдарға, соның ішінде білім беру мекемелерінде кеңінен қолданудың артықтық етпейтінін айтты. Оның айтуынша, ағылшын тілін жаппай енгізу білім беру саласын дамытудың бірден-бір кілті.

АХҚО Орта Азия елдеріндегі дауларды да шешуге көмектеседі

АХҚО Соты мен ХТО бағдарламасының вебинарларында Online Astana Finance Days 2020 конференциясына қатысушы ірі корпорациялардың заңгерлері COVID-19 пандемиясы кезінде және одан кейінгі дауларды шешудегі маңызды мәселелерді талқылады.

Мәселен, 2020 жылғы 1 шілдеде «Дауларды онлайн түрде шешу: бүгіні мен болашағы» атты вебинарда Бейжің мен Гонконгтың жетекші төрелік институттарының өкілдері дауларды шешу саласындағы соңғы инновациялар мен трендтер талқыланса, 3 шілдеде АХҚО Сотының төрағасы Лорд Манс және ХТО төрағасы Барбара Доманн QC ханым (Корольдік кеңесші) вебинар қатысушыларының сұрақтарына жауап береді, сондай – ақ АХҚО Соты мен ХТО-ның әлеуетті пайдаланушылары үшін жаңа қызметтер туралы айтып бермек.

АХҚО Сот және ХТО аппаратының тіркеушісі және жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холттың пікірінше, АХҚО Соты мен ХТО Орталық Азиядағы коммерциялық дауларды шешуде таптырмас алаң.

«Біз COVID-19 коронавирус пандемиясымен байланысты тез өзгеретін жағдайды мұқият бақыладық және үздіксіз онлайн-режимде жұмыс істеуді жалғастырдық. АХҚО Соты мен ХТО вебинарлары ерекшеліктерінің бірі, Online Astana Finance Days 2020 шеңберінде, қатысушылар Нұр-Сұлтанда жеке қатысуынсыз әлемнің кез келген жерінен вебинарларға тегін қатыса алады. Вебинарларда жетекші сарапшылар дауларды шешу саласындағы ең заманауи инновацияларды талқылайтын болады. Біз барлық мүдделі тұлғаларды осы вебинарларға қосылуға және АХҚО Соты мен ХТО туралы көбірек білуге шақырамыз, өйткені біз Орталық Азия елдеріндегі дауларды шешу бойынша әлемдік деңгейдегі қызметтерді ұсынамыз», – деді АХҚО Сот және ХТО аппаратының тіркеушісі және жетекшісі.

АХҚО юрисдикциясы дағдарыстан шығудың баламалы жолын ұсынады

BARBRI International Басқарушы директоры Сара Хатчинсон қазіргі цифрландыру мен технологияның ілгерілеуі заң саласын бұрынғыдан бетер өзгерте түсетінін айтады. «Заңгерлер бұрынғы дәстүрлі жұмыс істеу модельдерінен арылады. Қазір компаниялар мен мамандар жаңа өзгерістерге тез бейімделе алатындай болуы керек», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, бұл тұрғыда оқу орындары, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар заң саласының заманауи үрдістерге ере алуы үшін бірлесе жұмыс атқаруы керек. Осы орайда, заңнамалық білім беретін оқу орындары әсіресе, болашақ мамандарды жаңа үрдістерге үйретуі керек.

Спикердің пікірінше, АХҚО-ның ағылшын заңнамасы мен халықаралық стандарттар негізінде жұмыс істеуі жергілікті халық пен бизнестің өзге де баламалы юрисдикцияларды пайдалануға болатынын көрсетеді. Білім беру ұйымдары да жергілікті заңнаманы үйретумен шектелмей, халыққаралық бизнес қатынас пен дүниежүзілік қаржы орталықтарының да тәжірибесін күн тәртіптеріне шығаруы тиіс.

Спикерлердің пікірінше, дағдарыс кезінде АХҚО секілді халықаралық қаржы орталықтарының юрисдикциясы мен тәжірибесі көптеген компаниялар үшін қиындықтан шығудың баламалы жолдарын ұсынады. Осы орайда, тек шетелдік бизнес өкілдері ғана емес, жергілікті кәсіпкерлер де қаржы орталығының көмегіне жүгіне алады.

Сонымен қатар, жергілікті бизнестің АХҚО юрисдикциясына белсенді араласуы отандық бизнес модель мен іс жүргізу тәжірибесіне де оң өзгерістер әкелетіні сөзсіз. Қысқаша айтқанда, АХҚО алаңы шетелдік тәжірибе мен отандық білімнің өзара ұштасатын алаңына айналуы тиіс. ⠀

Автор: Бауыржан Муканов.

Комментарий