Ассамблея

Талдықорғандағы «Достық үйінде» «Отбасы орталығы» ашылды

Бүгінде еліміздегі Достық үйлері көптеген игі істердің, игілікті бастамалардың ұйытқысына айналар берекелі орда болып отыр. Соның айғағы жақында Талдықорған қаласындағы Достық үйінде “Отбасы орталығының” ашылуы деуге болады. Алматы облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Қалдарбек Досымбет пен Алматы облыстық Қазақстан халық Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай  “Отбасылық сот” пилоттық жобасының аясында дауды сотқа дейін реттеу институтының дамуы мен неке-отбасы қарым-қатынасынан туындайтын дауларды реттеуге бағытталған «Отбасы орталығының» болашағынан күтілер үмт зор болып отыр.

“Отбасы орталығының” ашылуына облыстық соттың судьясы Симузар Курбанова, Талдықорған қалалық сотының судьясы Сара Жаңбырбаева, №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мерей Тоқтағұлова, Соттар әкімшісінің басшысы Манас Бурашев, «Достық Үйі-қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, облыс әкімінің әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Жанна Оразғалиева, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Жомарт Қаратас қатысты.

Өз сөзінде Қалдарбек Досымбет Орталықтың жұмысы татуластырушы-судья, медиатор, психолог пен социолог көмегімен аразданушы ерлі-зайыптылар арасындағы дауды шешуге жәрдемдесетінін және ажырасу деңгейін төмендетуге өз үлестерін қосатынын айтты. Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева «Мемлекеттік отбасылық саясатты дамыту, отбасы институтты нығайту, отбасы және некеге тұру мәселелерінің құқықтық мәдениетті тәрбиелеу, отбасындағы зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыс жүргізу қажеттілігі – «Отбасы орталығының» алға қойған мақсаты», – деп орталықтың ашылуының негізгі мақсатын атап өтті.

Іс-шара соңында облыстық сот, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және ҚХА жанындағы Аналар кеңесі, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Еліміздегі ажырасушылар санын азайтуды мақсат етіп, отбасы құндылығын арттыруды көздейтін орталық жұмысына қатысты кешенді бағдарламалар түзілуде. Сондықтан орталықтың жұмысы жемісті боларына көпшіліктің сенімі мол!

Комментарий