Шоу бизнес

“2,5 миллионы күмәнді”. Instagram-парақшасында жалған фолловер жиналған жұлдыздар рейтингі жасалды

Instagram желісіндегі парақшасына жалған фалловерлер жинаған қазақстандық жұлдыздар рейтингі жарияланды. Мұндай рейтингіні 3nukte парақшасы жасаған, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Instagram-парақша бұл рейтингіні қандай бағдарламамен жасағаны белгісіз. Рейтингіде жұлдыздардың фалловерлері үшке бөлінген: шынайы, күмәнді және массфолловинг. Соңғысы бот арқылы жазылушылар санын көбейту дегенді білдіреді.

Бұл парақшаның рейтингінде әнші Қайрат Нұртас көш бастап тұр. Оның Instagram-парақшасына 5 миллион адам жазылған.

“5 миллион оқырманның 2,5 миллионы – сапалы аудитория. Шынайы оқырмандар – 45,34 пайыз, күмәнді – 36,67 пайыз, массфолловинг – 14 пайыз”, – деп жазылған парақшада.

Ал екінші орында Ерке Есмахан тұр. Әншінің Instagram-парақшасын 5,3 миллион адам бақылап отырады екен. Сол фалловерлердің 2 миллионы – сапалы аудитория. Шынайы оқырмандар – 51,71 пайыз, күмәнді – 29,16 пайыз, массфолловинг – 15,34 пайыз.

Instagram желісінде тағы бір белсенді жұлдыз Баян Мақсатқызы 3nukte_ парақшасының рейтингінде үшінші орында тұр. Продюссерге 4,2 миллион адам жазылған. Мақсатқызының шынайы оқырмандары – 33,15 пайыз екен, ал күмәнді аккаунттар – 43,05 пайыз, массфолловинг – 18,86 пайыз.

Әнші, актриса Аша Матай да жалған фалловері көп жұлдыздар рейтингіне енген. Ол төртінші орында. Аша Матайдың Instagram-парақшасында 4,1 миллион фалловер бар. Рейтингіге сүйенсек, оның ішінде шынайы оқырмандар – 41,37 пайыз, күмәндісі – 36,97 пайыз, массфолловинг – 17,47 пайыз екен.

Ал бесінші орында “МузАРТ” тобының солисі Сәкен Майғазиев тұр. Танымал әншінің Instagram-парақшасына 3,5 миллион адам тіркелген.

“Шынайы оқырмандар – 31,24 пайыз, күмәнді – 55,83 пайыз, массфолловинг – 9,07 пайыз”, – деп жазылған 3nukte_ парақшасының рейтингінде.

Рейтингіге енген жұлдыздар бұл туралы пікір білдірмеген. Тек Сәкен Майғазиев “Қызық екен” деп қана ой қосқан.

Комментарий