Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

БІЗДІ ТАСТАП КЕТЕ БАРДЫ ЖАҚСЫ АДАМ

Қазақ журналистикасында өзіндік із қалдырған, өз болмыс-бітімімен дараланған Бейсен Құранбектің өмірден өткеніне де айдан асты. Осы аз ғана уақыт Бейсеннің халыққа қаншалықты жақын, қаншалықты қымбат екенін көрсетті. Әлеуметтік желіде журналисті жоқтаған жұртта есеп жоқ. Бір-біріне басу айтып, көңіл бөліскен қаралы елдің қайғысы түсінікті. Қамшының сабындай келте өмірде мықты маман ретінде мойындалып, айналасына адал дос, жанашыр аға, кішіпейіл іні бола білген Бейсекеңнің жақсы істерін жазып тауысу мүмкін емес. Жақсы адамның өнегесі өзгелерге үлгі болсын, азаматтың аты ұмытылмасын деген оймен журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Бейсекең жайлы жазылған аға, дос, шәкірттерінің естелігін топтастырып ұсынуды жөн көрдік.

Жанахмет Ағыбаев, «ЗАҢ» Медиа-корпорация» ЖШС директоры:
Ол өзінің өмірлік миссиясын орындады
Бейсен туралы жазу өте ауыр. Кетпеген сияқты, бір күні қайтып келетіндей көрінеді де тұрады. Қазір қандай заман? Көшеге шықсаң, қаптаған көлік пен киім, бірақ, АДАМЫН таппайтын заман. Қу дүние қасиет атаулының бәрін арзандатып жіберген, өзің адам болып қалу үшін адамдардан алшақ жүру керек болған заман. Дегенмен, Бейсен мына жалғанда, жақсысы мен жаманы, адалы мен арамы сапырылысқан, дұрыс пен бұрыстың шегі көмескіленіп кеткені сонша ақ пен қараны ажыратудың өзі қиын болып кеткен дүдәмал заманда да АДАМ, ТҰЛҒА болып қалуға, сол атқа лайықты өмір сүруге болатынын көрсетіп кетті. Қазіргі адамдарда бәрі жетеді. Ақыл асып жатыр, білім алапат, байлық арнасынан төгіліп жатыр. Бірақ, көбінде жүрек жоқ. Бейсекеңде жүрек бар еді,

ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІҢ иесі болатын. Шыны керек, өмірдегі түрлі әділетсіздіктерді көргенде, жүрегі бар адамның өзінің жүрегі қарая бастайды. Бірақ, Бейсен жүрегін сол табиғи, таза қалпында сақтап қалды. Бізде қалай? Елге, ұлтқа жөн сілтер дәрежедегі серкелер өздерінше шетінен құса, шетінен ғаріп. Өмірге сан сұрақ қойып, жауабын таба алмай қамығады да жүреді. Абайша сілтейді. Өздері керемет, тек уақытынан бұрын туған. Бейсен ше? Ол бәріне күліп жүріп-ақ жауап табатын. Сан қырлы мәселемен бетпе-бет келетін, жүздеген адам проблемасын айтып алдына жүгінетін. Бірақ, Бейсекең ешнәрсені де ауырлатпайтын. Әрине, жеңілдетпейтін де, бірақ, бір қисынын келтіріп, тығырықтан шығар жолды көрсететін.

Себебі РУХЫ мықты еді, ешқашан еңсесі түспейтін, сынбайтын, қыңбайтын. Сол сынбаған күйі кетті. Бейсен аспаннан салбырап осындай болып туған жоқ. Ол өзін-өзі өсірді, тәрбиеледі. Оның бойындағы қасиеттердің ішінен ерекше атап өтетінім – ізденімпаздығы. Бейсен талмай оқып жүретін. Ол үнемі өзін өзі дамытып отырды. Ең басты қасиеті осы.

Бейсен бәрінен БИІК еді. Пендешіліктен де, дүниеқоңыздықтан да, мансапқорлықтан да, тіпті жағымпаздықтан да ада еді. Пенде болып біреу туралы ғайбат айтпайтын, қасындағылар айта бастаса, тыйып тастайтын. Дүние жинамады, бар жиған-тергенін жан-жағына жақсылық жасау үшін шашып жүретін. Ұсақ нәрсе сияқты, бірақ Бейсенмен қаншама жыл бірге жүргенде, қалтадағы әмияныма бірде-бір рет қол салмаппын, ол салдырмайтын, бәрін өзі төлейтін. Менің өзім куә болған кездердің өзінде оған қанша қызмет ұсынды, өте лауазымды қызметтер. Бармады. Билікке ұмтылмады.

Бейсеннің тұлғасы тұнып тұрған ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ еді. Қарабайыр қарапайымдық емес, ПАРАСАТТЫЛЫҚТЫҢ ШЫҢЫНА ЖЕТКЕН АДАМНЫҢ қарапайымдылығы. Ол көп адамның тағдырына үлкен өзгеріс жасады, ондайда ешқайда мойын бұрмастан, әлгі адамның шаруасына тура өз міндетіндей білек сыбанып кірісетін. Кім екенін айтпай-ақ қояйын, өздерінің іштері біліп отыр ғой. Бірде Алматыдан Талдықорғанға шықтық, жолда таныс жас жігітті де мінгізіп алдық. Әңгіме барысында жігіттің үйленгісі келетінін, бірақ қалыңдығы әзір келісім бермей жүргенін айтқан. Бейсекең бірден жүргізушіге тарт сол
ауылға деді. Сонымен не керек, түн болғанына қарамай, қыздың үйіне барып өзімен, ата-анасымен қызу
келіссөз жүргізді. Жастар өздері шешсін дегеніме қараған жоқ. Өзіне тән қызуқандылықпен бәрін шарт та шұрт қылып шешіп тастады. Ақыры сол түні бойжеткенді алып қайттық. Қазір олар өнегелі отбасы.
Не істесе де, жан-тәнімен істейтін. Менің Таңырыс қызым Бейсен бір үйге келген кезінде «менен сұхбат
алыңызшы» деп сұрады. Таңырыс ол кезде 3-4 жаста ғана, Бейсенді теледидардан күнде көріп жүрген соң
балаға қызық болып көрінген болар. Бейсекең де ерінбей, баланың деңгейіне түсіп екеуі өте қызықты сұхбат
жасады. Мини «Айтуға оңай» болды. Қызым, әрине, мәз. Міне, содан бері Бейсекең үйге келсе болды, өзі бірден Таңырысты шақырып, қасына отырғызып алып қызу сұхбат құруды дәстүрге айналдырды. Бұл балалардың миын, ойын болашаққа программалау, өте қажет нәрсе, балалармен осылай жиі сөйлесе беру керек дейтін еді.

Бейсен ӨМІРЛІК МИССИЯСЫН орындады. Төсек тартып жатқан кезінде өзі «Алла алам десе де, әзірге қалдырамын десе де, ризамын. Өміріме ризамын, осындай өмір берген Аллаға разымын», – деп еді. Әрине, үлгере алмай қалғаны көп. Басқасын айтпағанда, өзі жоспарлағандай кешенді семинарлар өткізе алмады, отбасына келсек, қыздарының үлкен қызықшылығын көруді де жазбапты оған. Бірақ, миссияның бәрі түпкі мақсатпен, ақырғы нәтижемен өлшенбейді. Ол жол салды, бағыт берді, көрсетті, бастап берді. Демек, жаратқанның алдындағы миссиясы сол болғаны. Ал, тағы бір адамдардың маңдайына осы істерді жалғастыру жазылған болар. Құдай біледі, әрине, дегенмен мен осы миссияны Бейсекеңнің жан жары Гүлмираның жалғастырғанын қалар едім. Ол кісінің ой-өрісі, пайым-парасаты осындай үлкен істі алып жүруге жетеді.

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер:
Жоқтаушысы бар ұл
Өмірден озған адам жайлы естелік айту, пікір білдіру – үлкен жауапкершілік. Ал, көзі тірі адам жайында бір
нәрсе десең, оны түзеуге болады. Сондықтан Бейсен жайлы айтпас бұрын, телевидение туралы түсінік
қандай дегенге аз-кем тоқталып өтейін… Маған кейде бәзбіреулер телевидениені футболмен шатастыратындай көрінеді. Көпшілігі жарытып пікір айтудың орнына, үкім айтып жатады. Анығында телеарна бұл бұқаралық ақпарат құралы емес, ол – өнер, ғылым. Сондықтан, оған көзқарас та ғылыми деңгейде болуы керек. Ал, осы телевидениенің құзыреті мен құдіретін Бейсен Құранбек секілді тұлғалар дәлелдеді. Біз оны Қазақ телевидениесінің атасы Совет Масғутовтың ізін жалғастырушы тұлғалардың бірі деп қарағанымыз дұрыс. Ал, «тұлға қалай қалыптасады?» – деген сұрақтың жауабы біреу-ақ. Ол – патша көңілді көрермен сүйіп тыңдайтын, көретін, сөзіне сенетін адам. Бейсенді көзі тірісінде оны бір кісідей білемін, шәкіртім деп ойлайтынмын. Сөйтсем, қатты қателесіппін. Бейсеннің көзі кеткеннен кейін әлеуметтік желіде оны жоқтаған халықтың жазбаларын оқып, Бейсеннің шәкірт деңгейінен әлдеқайда биік, ірі екенін түсіндім. Сондықтан, бұдан былай Бейсенді ах ұрып жоқтағаннан гөрі, оны ірі телетұлға ретінде танытудың қамын жасауымыз керек. Бейсеннің екінші мәңгілік ғұмыры басталғандықтан, осы бастан ол туралы ғылыми көзқарас
қалыптастыратын сөздерді айтып, естелік қалдырумыз керек. Оның айтқан сөзін, ұстанымын, өзіндік стилін
ғылыммен байланыстырып жүйелейтін кез бұл. Ендігі жерде «Бейсен тану» ғылымын қалыптастырсақ деген
ұсынысым бар. Бейсен Құранбек аты қазақ телевизиясының тарихында алтын әріппен жазылып, ірі тұлғалар
шежіресіне енетініне сенімдімін. Бақұл бол, Бейсеке!

Серік САРЫБАЕВ, «Жетісу» телеарнасының директоры:
Ізгілік шәрісінің бас сәулетшісі
Бейсекеңнің қайтқанына қырық күн болды. Қызылжарда қой бағып өскен қара бала дәл осылай ел құрметіне бөленеді, мына әлемдегі мейір тамшысындай болады деп ешкім ойламаған болар. Намысқой еді. Журналист боламын деген арманына әскерден оралғаннан кейін ғана жетті. Құрылыс техникумын тастап, ҚазҰУ-дың студенті атанды, спорт  жайлы жазды, газетке орналасты. Несіп Жүнісбаев, Сайын ағаларының мектебінен өтті. «Информбюроның» тезіне түсті, «Хабардың» қазанында қайнады. Құрылысшы болмағаным қандай жақсы, мен салған үйдің бәрі құлап қалар еді, мұндайға қырым жоқ қой, – деп күлетін. Тек ол ізгілік
шәрісінің бас сәулетшісіне айналғанын сезбеген еді. Күйреген үміттер, үгілген сенімдер мұнарасын қайта
тұрғызды. Қазір қайырыла қарар бір мүмкіндігі болса, соңында мейір-күн шуағына шомған, ең биік ғимаратына
адамдық туы тігілген көркем әлемнің іргесін қалап кеткенін көрер еді. Бұған жету үшін талмай еңбек етті, жылына 235 бағдарлама жүргізіп эфирге шығып отырды. 235 тағдыр талданды, 235 адамға көмек көрсетілді! Бір адам бүкіл ғұмырында атқара алмасты Бейсекең бір жылда жасап жүрді. Мұндай еңбекқорлық әркімге үлгі. Ұлтының сапалы болғанын қалады. Содан болар еш қазақты дарынсыз, қабілетсіз демеді. Арқадан қағып қанаттандырды, алға ұмсындырды. Ұзақ талдаудан еш жалықпайтын «Сапалы қазақ» тұжырымының түбі жүзеге асатынына сенімді болатын. Сол үшін де қай істі қолға алса да жанын сала, өзгелерге үлгі болардай етіп атқарды. Бейсен жүргізген «Қазақстан барысы», «Айтуға оңай», «Қарекет», шеберлік сағаттары қандай? Тіпті, кенже дамыған айкидо өнерінде де ол алғашқы болып қара белбеу, бірінші дан алып үлгерді. Бекзада спортты Қазақстанда дамытуға күш салды, федерациясын өркендетті. Осынша жүкті көтере жүріп тынбайтын: «Адамға тілеуіне, пиғылына қарай береді, ниет бұзылмасын» деп баяғының шалдарындай ортаға шырай беріп отыратын. Жалпы, Бейсекеңнің жымимай түскен суретін көрмеппін. Күліп жүретін. Сырқаттанған кезінде де жадырап қарсы алып, жымиып шығарып салатын. Бейсекең ашуланып келсең – сабыр, түңіліп келсең – ақыл, кеңескенге – кемер, сүрінгенге – демеу болатын. Сыршашпа әдеті де жоқ. Кеудеңде өртеген қай күйікті де қысылмай айтасың, қолдау көрсетіп, көкейіне көмеді. Сонысымен сыйлы болды қазағына. Сол азаматтың жүзін топырақ жапқалы шілде болыпты. Елі әлі күнге егіліп жүр. Шығыс ғұламаларының пайымынша: «Бірінші дос – байлық, соған жетемін деп көп адам бақытсыз болады. О дүниеге аттанғанда соның ешқайсысын алып кете алмайды, бекер қалады, көмегі жоқ. Екінші дос – әйел мен бала-шаға, өзге туыстар, жоралар, соларды тым жақсы көреміз, жолында құрбан болуға бармыз. Олардан да еш пайда жоқ, көз жұмған соң сені де, сен жайлы естелікті де көрге көміп, өз тірліктеріне кіріседі. Ал, біз елемейтін үшінші дос – сенім, үміт, махаббат, адамға деген мейірім секілді  қайырымды істеріміз, дәл солар ақырет күні алдымызға түсіп, көктегі қилы
сұрақпен қинаушылардан қорғайды, біз үшін жалбарынып, құтқарушы болады. Аздаған имани ісіңді ұмытпай,
еселеп қайтарар адал дос солар». Міне, Бейсекеңнің қайырымды һәм мейірімді ісі өте көп. Басқамыздан
қайыр шамалы, мәңгілік таразысында бауырымның жүзін сол үшінші досы жарқын етеріне сенім кәміл.
Сондықтан сабыр, ағайын, сабыр. Бауыр-достың нұры пейіш төрінде шалқысын!

Бақтияр ҚАБАСОВ, «Талғар» аудандық газетінің бас редакторы:
Қаймана қазақтың қамқоры
Қазақ журналистикасы қара жамылды. Бейсенінен айырылды. Қазақилығы мен адамгершілігі бір
бойына тұнған жан еді. Басқасын айтпағанда, бір ғана «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы қаймана қазақтың бәріне қол ұшын беруге дайын екенін жүрегінен өткізе білетін еді… Адамдығын танытып, қол ұшын
беретін. Шырылдағанда жаны шығатын… болмысы мен бітімі ерек жан болатын. Содан болар әр көрерменнің
жүрегінде жанашыр кейіппен мәңгілік есте қалады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, Президентіміз бастаған күллі қазақ елі қара жамылып көңіл айтуда. Бұл Бейсекеңнің күллі қазақ алдында абырой-беделінің асқақ екенін аңғартады. Талантты, оның үстіне адами қасиеті биік жанның нағыз толысқан шағында бақилық болғаны зор өкініш. «Айтуға оңай» болғанымен, оның енді ортамызда жоқтығына сену оңай емес. Жақсы ай, жақсы күн, қасиетті ораза айында мәңгілік мекеніне кеткен бауырымыз жұмақтың төріне шығар, бәлкім. Ол жағын Жаратушы ием өзі біледі. Бақұл болыңыз, Бейсен аға! Әттең, дүние бір қамшының сабындай…

Мариям ӘБСАТТАР, журналист:
Кіршіксіз ғұмыр…
2017 жылдың қысы. «Айтуға оңайдың» кезекті түсірілімі болатын күн. Жұмысқа ерте келгенмін. Ондағы
ой – сценарийлерді дайындап, Бейсен ағаның қолына беру. Себебі ол кісі кешіккенді жақтырмайтын. Үнемі
«біреудің уақытын ұрламаңдар, ол – ақшаға сатып ала алмайтын байлық» деп құлағымызға құйып отыратын.
Сол ниетпен есіктен кіре сала компьютерге шұқшиғанмын. Кенет неге екенін білмеймін, терезеге көзім
түсіп кетті. Дала әппақ қарға оранып жатқан. Сірә, көңілімді сол аударды-ау. Ақырын орнымнан тұрып,
пердені ысырдым. Терезесі Ұлттық арнаның тап маңдайшасына қарайтын. Мәссаған, қарап қалсам, әлгіден
бері күтіп отырған адамым, екі жеңін түріп тастап, қар күреп жүр. Бәсе, әлдеқашан кабинетке кіріп қоятын кезі
болған. Кешігудің сыры мәлім болды. «Е, Бейсен ағамыз таңғы жаттығу болсын деген екен ғой» деп топшыладым. Содан ішке кірген соң, шыдай алмай: «Аға, қар күреп жүргеніңізді көрдім, денеңізге қан жүгіріп қалған шығар», – дедім өзімше сөзге тартпақ болып. Сөйтіп едім, «Жоқ, – деді,– байқадыңдар ма, қар күреп жүрген жігіт мылқау. Ал, біз оларға екінші сорттағы адам секілді қарап, мән бермейміз. Таң қараңғысынан тұрып, біз оянам дегенше ауланы тазалап, қарын күреп үлгеретін ол адамдарға ел-жұрттың көңілі жетіспейді. Міне, мен сол үшін оған көмектестім. Ол өзін жалғыз, адамдардан оқшау сезінбесін деп», – деді. Міне, Сіз осындай едіңіз ғой, аға. Сіздің жаныңыз әлгінде өзіңіз күреген аппақ ұлпа қардай кіршіксіз таза болатын. Және өзгелерге де сол жағынан үлгі болатынсыз! Жаныңызға да, тәніңізге де шаң қонғанын қаламайтынсыз.
Ағамен алғаш бетпе-бет танысқан күнім де есімде… Қарасазда. Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығын
тойлауға жан-жақтан жиналған болатынбыз. Алматыдан таң ата шығып, күн ұясына батып кеткен шақта ұмытпасам, Кегенге де жеттік-ау. Бізді сонда қондырып, таң ата әрі қарай жолға шығатын жоспар құрылыпты.
Журналистерді ауыл мұғалімдерінің үйіне бөліп жатыр екен. Кезегімізді күтіп тұрғанбыз. Кенет көпшілік арасынан суырылып шығып, қасыма келген Бейсен аға маған қолын ұсынды. «Мәриям Әбсаттарсың ба?» деп саңқ ете қалды даусы. Қарадым да, бала кезде теледидардан көретін бейнені бірден таныдым. Ал «Мен сенің
жазғандарыңды оқып тұрамын» деген сөзі мені тіпті таң қалдырды. Содан араға бірнеше жыл салып, «Айтуға
оңайда» қайта қауыштық. Бастапқыда қонақ боп қатысатын бағдарламаға, кейін қызметке баруға өз еркіммен
сұрандым. Сонда «сенің телевизияда тәжірибең жоқ» демей, маған тұтас команда бере салды. Өкінішке қарай, мына пәни дүниеге көбіміз адам боп келіп, пенде боп аттанамыз… Өйткені Жаратқан берген
жұдырықтай ғана жүрегімізді дүниеауи тіршілік үшін кірлетіп аламыз. Бейсен ағаның ерекшелігі пендешіліктен биіктігінде.
Дайындаған
Камила ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»

Комментарий