Талқыдағы тақырып

САЙЛАУ КҮНГІ КҮНӘ

2005 жылы сайлау алдында біздің кредиттік оқуымызды грантқа ауыстырып, Нәзікең ғаламат жақсылық жасады. Жақсылық емей немене? Жылына 140 мың теңгеге (ойбу, ол кезде бұл сұмдық ақша) қарызға оқып, оны бірнеше жыл айлығымыздан өкімет өндіріп алу керек болатын. Егер оны төлей алмасам, “әпкем төлейді” деп гарант жасап, келісімшартқа да отырғанбыз.
2005 жылғы сайлау бізге құт болып келді. Елбасының (ол кезде көкеміз ресми Елбасы статусына ие емес болатын) бір қаулысымен-ақ сарт етіп, грантқа ауыстық та кеттік.
Біз – мәзбіз. “Өкіметке қарызданбайтын болдық” деп емес, айына 4 жарым мың теңге (кейін 6 жарым мыңға өсіп, ваще естен тандық) шәкіртақы алатын болдық деп тақиямызды аспанға атып жүрміз.
Ал, жу! Әл-Фарабидің бойындағы дүкеннен сыңғырлап сыралар жетті. Шат-шадыман болып, жырғадық бір…
Ертесі таң атпай деканаттан арнайы “жасақ” (жай айтам, ұстаздар ғой) келіп, “шашымыздан сүйреп тұрғызып” сайлауға апарды.
Тұңғыш дауыс берген сайлауым болғандықтан ба, күні кеше болғандай есімде.
Қаз-қатар тізіліп біз тұрмыз. Дауыс беріп шыққандар тағы тізіліп тұра қалып, ыстық-шай, сусын, тәтті нан алып жатыр. Нанын қойшы, қара шайға, яки қара суға шөліркеп-ақ тұрмыз. Тезірек дауыс берсек-ай, жетсек-ай, суға…
Деканымыз Бауыржан аға түнде не болғанын сезетін сияқты. Бізге аяп қарай ма, қалай өзі? Есесіне ол кісіге тура қарай алмай, жер тепкілеп біз тұрмыз.
Сөйтіп, уақыт өтпей, сағызша созылды. Бір-екі сағаттан кейін жеттік-ау дауыс беруге…
Кіреберісте ұстаздарымыз кезекшілікте тұр екен. Соның бірі (атын айтпай-ақ қояйын) құлағыма сыбырлады. “Қанат, грантқа кімнің арқасында ауысқаныңды (Елбасын меңзеп тұр) білесің ғой. Бізді ұятқа қалдырма” деді. Мен мазмұнсыз бас изедім.
Сөйттім де, көк перденің ішіне кіріп, Жармахан Тұяқбайға дауыс бердім. Дәп бір ерлік істегендей сезімге бөленіп, көк жәшікке қағазды сүңгітіп жібердім.
Мені грантқа ауыстырған Елбасыға, айына үзбей алып тұратын 4 жарым мың шәкіртақыма алғыс ретінде осылай қарымта қайтардым.
Сосын… Сосын, әр шәкіртақы алған сайын ішім біртүрлі болып кететін. Өзімді “күнәһардай” сезінетінмін.
Бүгін қарап отырсам, мен өз таңдауымды (саналсын, саналмасын) жасаппын. Ол таңдау жеке басыма жасалған жақсылықтармен өлшенбейді екен.
Мен дауыс беріп шықсам, ыстық тамақ келіпті. Манағы суды қылқылдата жұтып, шөл қандырып, тамақтан тоя жеп, дым ұялмай жатақханаға тартып отырдым.
Рас, міне, қарын тойдырар сайлауды да көрдік. Отыз жылға жуық уақыт жаманды-жақсылы Назарбаев дәуірінде мемлекет болып тұрдық. Десе де, алда жаңа заман келе жатыр. Сол жаңа заман үшін, әкімшілік ресурстар қанша даусымды ұрласа да (іштей болсын билік елмен санассын деп) осы жолы ең нашар кандидатқа болсын өз аяғыммен барып дауыс бермекпін.
“Баяғы күнәні” тағы бір еселеп қайтпасам, қазір ұялмайтын боп барамын!

Қанат Әбілқайыр

Фейсбуктегі парақшасынан

Комментарий