Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

ҰБТ басталды: Бүгін 6 512 оқушы білімдерін сынап жатыр

Бүгіннен бастап 5 шілдеге дейін Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді.

Ғимаратқа кірерде тест тапсырушылар арасында екі метрлік арақашықтықты сақтау мен маскалы режим жүзеге асырылады. Талапкерлер дезинфекциялаудың 5 түрлі кезеңінен өтеді. ҰБТ өткізілетін барлық орындар тепловизормен, дезинфекциялық тоннельмен, аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшемен, медициналық бекетпен, санитайзермен және қорғаныс маскаларымен қамтамасыз етіледі.

Биылғы тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде – 131 755 өтініш қабылданған.

Бүгін ҰБТ-ны 6 512 мың адам тапсырады. Бір аудиторияда орта есеппен 18 адам болады. Осылайша, аудитория тек 35% дейін толтырылады. ҰБТ тапсыру үшін түлектерден ПТР-тестілеуден өткені туралы еш анықтама талап етілмейді. Талапкерлер тек маска тағып келуі тиіс.

Сонымен қатар, ҰБТ өткізетін әр пунктте кезекші аудитория болады. Коронавирус инфекциясын жұқтырған балалар сол кабинетте, жалпы аудиториядан бөлек тест тапсыра алады.

Карантин шараларына байланысты тағы бір ескерер жайт, ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа адамдарға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналар ҰБТ өту барысын үйінде отырып, онлайн көре алады.

Бейнежазбалардың барлығына 25 тамызға дейін талдау жүргізіледі. ҰБТ өткізу қағидаларының бұзылуы анықталған жағдайда, яғни көшіру немесе басқа да әрекеттер байқалса, тестілеу нәтижелері жойылады. Білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері де жойылуы мүмкін.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтанда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті базасындағы ҰБТ өткізу пунктінде болды.

Ведомство басшысы талапкерлерді аудиторияларға кіргізу процесін бақылап, оларға сәттілік тіледі.

«Балалардың көңіл-күйі өте жақсы. Менің ойымша, атқарылған барлық шаралар – тестілеу тапсыру уақытын ұзарту, калькуляторларды пайдалануға рұқсат ету, мектептегі қорытынды емтихандардан босату және көптеген тегін байқау сынақтары айтарлықтай септігін тигізді. Аталған пунктіде ата-аналар барынша тәртіпті сақтап, балаларын тестілеу пунктіне әкелген соң бірден кетіп отырды. Бұл өте маңызды болып табылады. Еліміз бойынша таңғы сағат 8-де барлық балалар аудиторияларға кіргізілді, өйткені балаларды көшеде ұстамай, ҰБТ-ны уақытында бастау маңызды. Аудиторияларда да балалар әдеттегіден әлдеқайда аз және балалардың қауіпсіздігі үшін тестілеу тапсырылатын лектердің жалпы саны 5-тен 15-ке дейін ұзартылды. Санитарлық талаптар да толығымен сақталуда» , – деп атап өтті Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін немесе ақылы негізде білім алу бағытында ұлттық жоғары оқу орындарына кемінде 65 балл, ал басқа жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымдарына кемінде 50 балл жинау қажет.

«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім салалары бойынша кемінде 60 балл, «Педагогика ғылымдары» саласы бойынша 70 балл болуы тиіс. Ал «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласына кем дегенде 65 балл керек.

Комментарий