Қоғам | Общество

«Тараз неге дүрлікті?»: әкімшілік базар алдындағы наразылыққа қатысты түсініктеме берді

Әкімшілік мамандарының ақпаратынша, алаңға шыққан адамдардың барлығы базар жұмысшылары. Олар базар әкімшілігінен сауда орындарының ашылуын талап еткен.
Жамбыл облысының әкімдігі Тараз қаласындағы «Ауыл береке» базары алдындағы халық наразылығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әкімдіктің мәліметінше, аталмыш базар қызметкерлері арасында коронавирус жұқтыру деректері тіркеліп, сонымен бірге мониторингтік топтар санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігінің ережелері бұзылғанын анықтаған.

«Осыған байланысты Тараздың мемлекеттік бас санитар дәрігері анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 20 және 21 маусым күндері базарлардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл ақпарат базар иелеріне жеткізілген. Алайда,  базардың әкімшілігі өз қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізбей, оларға ештене ескертпеген болып шықты. Сол себепті, қызметкерлер өз наразылығын білдіріп, түсініспеушіліктер болды», – дейді әкімдік өкілдері.

Нәтижесінде наразы халықпен әкімнің орынбасары кездесіп, оларға бұған дейін анықталған заңбұзушылықтар жойылған жағдайда ғана жұмысқа оралуға болатынын жеткізді.
Ұзамай өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі базардың кәсіподақ жұмысшыларымен кездескен.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде базар алдында жиылған халықтың видеосы тараған болатын. Бейнежазбада адамдардың ысқырып, бір нәрсеге разы болмай айқайға басып жатқанын көруге болады. Видеороликтің астындағы жазбада оқиғаның Тараза қаласында болғаны ғана жазылғанымен, халықтың наразылығына нақты не себеп болғаны айтылмаған.

Комментарий