Судья мінбері | Судебная система

Жемқорлықты жою басты мақсат!

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданды.

Бұл Заңның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң негiзгi принциптерiн айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгiлейдi.

Cыбайлас жемқорлық дегеніміз – бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Сыбайлас жемқорлықты білдіретін белгілердің бірі пара алу не беру болып табылады.

Пара – бұл лауазымды тұлғаның басқа бір тұлғадан лауазымына қатысты көрсететін қандай да бір қызмет түріне берілетін ақша немесе өзге игіліктерді алуы. Пара деп саналатын нәрселер:

Заттар – ақша, оның ішінде валюта, банк түбіртектері мен құнды қағаздар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдар, автокөліктер, пәтерлер, саяжайлар мен қала сыртындағы үйлер, азық-түліктер, тұрмыстық техника мен аспаптар, өзге тауарлар, жер учаскелері және өзге жылжымайтын мүлік.

Қызмет түрлері және олжа – емделу, жөндеу және құрылыс жұмыстары, санаторлық және туристік жолдамалар, шетелдік сапар, ойын-сауықтар мен басқа шығындарды өтеусіз немесе төмен бағамен төлеу.

Мемлекеттің мүддесіне, халықтың мемлекетке, заңдарымызға деген сеніміне нұқсан келтіретін лауазым иесінің теріс әрекеті жазасыз қалмау керек. Азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілері туралы кедергісіз ақпарат алуы, оның ішінде, мемлекеттік органдардың сенім телефондары мен веб-сайттары арқылы кедергісіз ақпарат алуы үшін жағдайлар жасалғаны көпшілік назарында болуы тиіс.

Қанат Сырлыбаев, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының төрағасы

Комментарий