Судья мінбері | Судебная система

Тараптар үшін судья пікірінің маңызы зор

Сот саласы жылдан-жылға жаңа реформалармен толығуда. Биылғы жыл да өзгеріссіз болмады. Соттар қызметіне орай, еліміздің Азаматтық процесстік кодексіне бірқатар түзетулер енгізілді. Ондағы басты мақсат сала жұмысын заманауи форматтар арқылы одан әрі жандандырып, артық сот рәсімдері мен шығындарды қысқарту болды.

Мұндай жаңашылдық бізге не береді десек, ең алдымен азаматтық істегі құзыретіміз кеңейді. Яғни, процесстік тұрғыдағы тәуелсіздігіміз нығайды. Мысалы, осы уақытқа дейін талап арыз шеңберінде ұсынылған дәлелдерге ғана сүйенсек, енді өз бастамамызбен қарауымызға түскен істің мән-жайын тараптармен талқылай және соған сай зерттеу жүргізіп, ақ пен қараның аражігін жан-жақты анықтай аламыз. Бұл қадамның өз кезегінде терең сараланған әділ шешімдер қабылдауға зор мүмкіндік беріп қана қоймай, соттар атына айтылар түрлі сынның азаюына да ықпал етері анық. Сот процессі барысында тараптар үшін уәждеріне қатысты дауға сай судья пікірінің маңызы зор. Олай дейтініміз, судьяның мұндай әрекеті сотқа жүгінуші азаматтардың құқықтық сауатының артуына оң әсер береді. Тараптар талап арызды дұрыс жазып, іске қатысты дәлелдемелерді дер уақытында ұсынудың маңызын түсінеді. Заңдағы түзетулер соттарды жүктеме мен басы артық рәсімдерден арылтуға жағдай жасауда.

Азаматтық процестік кодекске енгізілген өзгерістер жалпы алғанда істің толық және уақытылы қаралуын қамтамасыз етеді. Мұнда бітімгершілік институтының да қолданыс аясы біршама кеңейтілген. Мәселен, қолданыстағы Кодексте медиацияның бірінші, апелляциялық, кассациялық саты соттарында судья шешім шығаруға кеткенге дейін, сондай-ақ, сот актісінің орындалуы кезінде жасалатыны бекітілген. Ал, өзгерістер судьяның медиациядағы ролін жан-жақты ашып берді. Нақты айтқанда, соттың тараптар берген татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхатын процесс барысында қарау мүмкіндігі бекітілді. Соған орай, іске қатысатындарға сот отырысының уақыты мен орны хабарланады. Бұған қоса жаңа заңда іс қараған судьяның медиациялық келісімді бекітетіні де нақтыланған. Татуласу үрдісіне берілетін уақыттың ұзаруы да медиацияның жүзеге асуын одан әрі ұлғайтады.

Заңның өзгертіліп, толықтырылуы бүгінгі күн талабы десек, ҚР Жоғарғы Сотының бастамасымен дайындалған құжат қоғам сұранысы мен құқықтық қарым-қатынастарды жаңа бағытта үйлестіру қажеттілігінен туды. Кодекске күрделі емес дауларды тараптарды шақырусыз қарауымен байланысты процестік әрекеттерді оңтайландыруға бағытталған нормалар енгізілді. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібіндегі істерді электронды форматта қарау азаматтар үшін де тиімді. ІТ жүйелерді қолдануда алдыңғы елдер қатарындамыз. Оған карантиндік жағдайда елдегі сот отырыстарының жүз пайыз онлайн режимде өтуі дәлел. Бізде барлық сот процесі аудио және бейне жазбаға түсірілгенімен таспалардың құқықтық мәртебесі заңда көзделмеген болатын. Жаңа заңның талабымен жазбаларға электронды хаттама мәртебесі белгіленді.

Толықтырылған Кодексте соттар жұмысының заманауи форматта өркендеуіне баса назар аударылған. Мысалы, бұдан былай сот бұйрықтары сот мөрімен арнайы куәландырылмай-ақ, оған электронды түрде қол қою жеткілікті болады. Және сот актісінің көшірмесі өндіріп алушының арызымен сот орындаушыға тікелей жолданады. Мұндай игі қадамдар ең алдымен сотқа келушілердің уақытын үнемдеп, әуре-сарсаңды азайтады. Сала жұмысын одан әрі жаңғыртуға бағытталған заң нормалары аза-маттардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы соттар жұмысын жаңа деңгейге көтеруде. Осылайша, жеделдік пен ашықтықты жан-жақты қамтамасыз ету нәтижесінде халықтың сот төрелігіне деген сенімі мен құрметін бүгінгіден ары арттырарымыз хақ.

Жанар Ибрагимова,

Алматы облыстық мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий