Қоғам | Общество

КОСМЕТИКА НАРЫҒЫНДА ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ҮЛЕСІ ТӨМЕН

БЫЛТЫР DAMU RESEARCH МАРКЕТИНГ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ АГЕНТТІГІ «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ТАПСЫРЫСЫ БОЙЫНША ЕЛІМІЗДІҢ ПАРФЮМЕРИЯ ЖӘНЕ КОСМЕТИКА НАРЫҒЫНА ЖАСАҒАН ТАЛДАУЫН ЖАРИЯЛАҒАН ЕДІ. ОНДАҒЫ МӘЛІМЕТКЕ ҚАРАҒАНДА, 2017 ЖЫЛЫ БҰЛ НАРЫҚТЫҢ АУҚЫМЫ 222,1 МЛРД ТЕНГЕНІ ҚҰРАҒАН. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ 80 ПАЙЫЗҒА ЖУЫҒЫ ТҮРЛІ ДЕҢГЕЙДЕ КОСМЕТИКАЛЫҚ БҰЙЫМДАРДЫ САТЫП АЛАТЫН КӨРІНЕДІ.

Өкінішке қарай, жыл сайын қарқынды түрде дамып келе жатқан бұл нарықта әлі де отандық өндірісшілердің үлесі төмен. Жоғары сұранысқа байланысты сапасы күмәнді өнімдер сауда сөрелерінде жиі кездесіп жатады. Жасалатын қоспалары ғана емес, қалай дайындалғанынан да ешкім хабарсыз болып жатқандықтан, жұртшылық арасында одан зардап шегушілер де аз емес. Бұл туралы косметика нарығында 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс жасап келе жатқан Гүлшаш Әубәкірқызы: «Бұл нарықтағы әрбір ойыншының мақсаты мен бағыты әртүрлі. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс жолда екенін білмеймін. Дегенмен, оларға қарап, бағасы барлық халыққа қолжетімді өзімнің жеке брендім болса деп ұзақ уақыттан бері армандап жүргенмін. Осы мақсатта ішкі ағзаны тазарту арқылы бетті әрлеу туралы ойымды ғалымдармен бөліскен болатынмын. Ұзақ жылдық зерттеулердің нәтижесінде бүгін енді оның нәтижесін халыққа жариялауға қол жеткізіп отырмын. Біздің басты ұранымыз табиғи сұлулықты сақтап, қалпына келтіру. Өйткені, беттегі дақ болсын, бөртпе болсын, бәрі ішкі органдардың қызметіндегі өзгерістен пайда болып жатады. Өз басым оны кесуді, тесуді құптамаймын. Мүмкіндігінше ішкі жақтан емдеп, сыртқы жақты сақтауға кеңес беремін. Қазір қарап отырсақ, көптеген адамның бет-пішінінде жасандылық көп. Өз түріне ұқсамайды. Жүрген жерімде «Алладан шебер мүсінші жоқ. Алладан артық емеспіз. «Сақтансаң – сақтаймын» деген ғой, мүмкіндігінше табиғи сұлулықты қалпына келтіру керек» деп үнемі айтамын. Мәселен, қазір қыз-келіншектер арасында танымал болып жатқан қас, кірпікті біз өзіміз өсіріп шығарамыз. Қолданатын заттың бәрі табиғи өнімнен жасалған», – дейді.
Гүлшаштың жаңалығын естіп, қуанышын бөлісуге келген Қазақстанның халық артисі Роза
Рымбаеваның айтуынша, оның үстіндегі киім-кешектің бәрі Қазақстанда тігілген. Жазғы демалысын да әрдайым Алакөлде өткізетін әнші «Енді отандық косметиканы қолдануға дайынмын. Өзімізде жасалған дүниені ең бірінші өзіміз қолданайық. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің бәрі өз елінде өндірілген өнімді тұтыну арқылы, осындай жағдайға жеткен. Біз де өз ақшамызды өзімізге салайық, әйтпесе олар ешқашан өспейді. Өзімізді өзіміз қолдамасақ, басқа кім бізді қолдайды», – дегенді айтты. Құрамына Oriflame, Avon, Mary Kay, Faberlic, Amway, Forever Living Products, Нerbalife, LR Health & Beauty, Tiens сияқты 9 косметикалық компания кіретін Қазақстанның тікелей сауда қауымдастығының деректеріне қарағанда, сатылымдағы тауарлардың 26 пайызын денсаулыққа, 24 пайызын теріні күтуге арналған өнімдер, ал 16 пайызын парфюмерия өнімдері құрайды. Яғни, косметика нарығының ширек бөлігін құрайтын бет күтіміне арналған өнімдердің 12 түрі енді өз елімізде
жасалмақ. Олардың арасында бет тазалаудан бастап, жуу, әжімнен қорғау, құрғақ теріні ылғалдандыру, әртүрлі бөртпелерден, аллергиядан, күннен қорғайтын жақпа майлар да бар.
Осы арада Зейнолла Сәлік пен Жанат Зейноллақызының «Қазақ этнографиясы» деген кітабындағы «Кейбір қыздар 14-15 жасында бет-аузына неше түрлі опа-далап, бояу жағады. Аса ерте боянған, түрлі жасану бұйымдарын көп қолданған қыздар кейін 30-40 жасқа келмей жатып, беттеріне едәуір әжім түсіп, еріндерініңқызылы кете бастайды. Кейбір жас қыздар жас ерекшеліктеріне байланысты беттеріне, әсіресе маңдайларына безеу шыққан кезде, жасану бұйымдарына артық бой ұрмай, дұрыс емделуі керек. Адам терісі өсіп келе жатқан дененің ең үстіңгі қабығы болғандықтан, ол әрқашан таза жүруі тиіс. Жуынып-шайынып, денені шаң-тозаңнан тазарту қажет. Әсіресе, теріде қандай болсын жара пайда болса, оны тездетіп дәрігерге көрсетіп, емдету керек» деген сөздері еріксіз еске түседі.
Сондай-ақ, денсаулықтың маңызы туралы халқымыз «Көңілі сұлудың – өңі сұлу» десе, әлемнің әйгілі тұлғалары «Әдемілік – азат жанның және мықты денсаулықтың жемісі» ( Л.Шеффер), «Адам жүз жыл жасай алады. Біз өзіміздің күйгелектігімізден, өзіміздің тәртіпсіздігімізбен, өзіміздің ағзамызға бейберекет қарауымызбен осынау қалыпты мерзімді анағұрлым азайтып аламыз» (И.П. Павлов), «Денсаулық – байлықтан қымбат» (Д.Рей), «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» (А.Шопенгауэр) деп текке айтпаса керек.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий