Қоғам | Общество

МЫҚТЫЛАР МҰҚАЛМАЙДЫ

Олар тағдырдың тәлкегіне ұшыраса да, өмірді арда тұтатын, мейірімді жүзімен, отты көзімен, сіздер мен біздерге «Шүкіршілік» деген асыл сөздің мағынасын ұқтыратын, тіршілікке жан тәнімен құштар жандар. Олар, айналасы мазасыздау болса да, жан дүниесі тазалыққа, сезімдері іңкәрлікке толы адамдар. Біреулері туғаннан тағдырдың қаталдығына ұшыраса, енді бірі өмірдің ұрымтал сәттерінен опық жеп, адамдардың аялы алақанын аңсайды. Иә, айтуға қимасақ та, олардың мүмкіндігі шектеулі. Бірақ, берілген сынаққа сынбай, мұңды сәтке мұқалмай, ерік-жігерін жанып, айналасындағыларға өмірді қалай бағалау керектігін көрсетіп жүрген мықтылар жетерлік. Солардың бірі – Әсел Қасымхан. Әсел Қасымхан – Алматы облысы, Көксу ауданы, Кировск ауылында 1987 жылы 15 тамызда дүниеге келген. Мықты қызды Талдықорған қаласының жұртшылығы жақсы таниды. 23 жасында жол апатына түсіп, бір аяғынан айырылған ару тіршілік үшін талмай күресіп келеді. Апаттан аман қалғанын Жаратқанның ерекше сыйы деп біледі. Бүгінде тірліктен бақыт тапқан Әсел бір аяғымен темір тұлпарды еркін тізгіндеп, ел қатарлы жұмыс жасайды. Оның бұл әрекеті талайды таңдай қақтырып, тағдырластарына үлкен үміт сыйлайды.

Әсел, сізді есесін ешкімге жібермейтін, ерік-жігері мықты азаматша ретінде танимын. Өміріңіз өзгерген күн артта қалды. Десе де, сол күнгі оқиғаны өз аузыңызбен баяндап берсеңіз. Жол апатына кім кінәлі және олар жазасын алды ма?
– Ол кезде мен студентпін. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін тәмамдап, алыпұшып Талдықорғанға жол тарттым. Бұл университет – менің бала кезден бергі арманым еді, сондықтан, қуанышымды ата-анаммен тезірек бөліскім келді. 2010 жылдың көктемі. Дәлірек айтсам, мамырдың 29-ы. Мен мінген такси көлігі Алматыдан Талдықорғанға кіре берісте Шевченко-Ленин көшелерінің қиылысында апатқа ұшырады. Екінші көлік мен отырған тұстан соқты. Ішінде 3 адам едік. Мен артында, алдында бір қыз және жүргізуші отырды. Екеуі аман, соққы мен жақтан болғандықтан аяғыма қатты зақым келді. Нәтижесінде реанимацияға түсіп, 3 күнде комадан әзер ояндым. Бұл мен үшін қорқынышты түс секілді болды. Кейін анықталғандай, көшеде бағдаршам жұмыс істемей қалған. Ал, бізді соққан келесі көліктің жүргізушісі жас бала. Оны соттайтындай шама болған жоқ. Себебі мен ол кезде тірлікпен күресіп жаттым. Кейін әкем «ондай жағдайдан ешкім сақтанбаған, менің де ұлым бар» деп айыпты жігітке кешірім берді. Жігіттің отбасы «Аяғына дейін барынша көмектесеміз» деді. Басында біраз жыл келіп жүрген, ақшалай жәрдем беріп, сосын жоғалып кетті…
– Содан, жаңа кейіппен өмір бастау оңай болмаған шығар… Алғашқы амалдарыңыз қандай еді?
– Басында біраз уақыт өз көзіме өзім сенбедім. Сау аяғымның бір сәтте жансыз болып қалғаны жаныма қатты батты. Жыладым, қиналдым… Әсіресе түн уағында ауырғаны соншалық, адам сияқты ұйықтай алмайтынмын. Кейін әлеуметтік желіге шығып, көпшіліктен Қытайда жасалатын отаға көмек сұрадым. Сол сәттен бастап көптеген адамдар хабарласып, демеу беріп, қолдарынан келгенше көмектесіп жатты. Арасында қайғымды қалжыңға айналдырып, кекетіп-мұқатқандар да болды. Өзіммен тағдырлас адамдармен таныстым. Біраз уақыттан кейін Қытай мемлекетіне барып ота жасаттым. Нәтижесінде бір аяғымды кесіп тастады. Мен «Барлық ауыртпалық сол аяқпен кетсінші» деп тіледім. Солай да болған сияқты. Отадан кейін ауру басылып, біраз жеңілдеп қалдым. Кейін өз-өзімді жегідей жеуді доғарып, ата-анамның мен үшін қиналғанын көрмес үшін, есімді жиып, жаңа өмір бастадым. Әрине, көшедегі жандардың мені қолмен көрсетіп, сыбырлағандары, аянышты көздеріне үйренісе алмадым басында. Бірақ, кейіннен өзіме: «Менің ақыл-есім дұрыс, санам сергек, ертеңге деген қаншама жоспарым бар. Бұл менің өмірім! Және оны тығылып кеше алмаймын. Алла Тағала мені тірі қалдырды ма, демек, менің көрер жарығым, жақсылығым алда», – дедім. Осылай өзөзіме қуат беріп, өмірімнің жаңа парағын аштым.
– Сол сәтте жаныңызда кім болды? Демеу бергені үшін кімдерге алғыс айтар едіңіз?
– Әрине, ең бірінші ата-анам, нағашыларым, бауырларым болды. Әкем бастапқыда қолына көтеріп алып жүрсе, бауырларым иығымен демеп көмектесетін. Әрдайым аялап отыратын анашымның орны да ерекше.
– Қазіргі жұмысыңыз жайлы айтып беріңізші. Оған қалай келдіңіз?Қызметке орналасуға жұмыспен қамту орталығы көмектесті ме?
– Қазір мен «Жігер» деп аталатын бизнес-орталықта орналасқан коллекторлық агенттікте жұмыс жасаймын. Қызметім өзіме лайық, ыңғайлы, отырып істейтін жұмыс. Ұжымым да өте жайлы, қыздар мен ұлдар әрдайым қолдарын созып, білмегенімді үйретіп, көмектесіп тұрады. Қызметке тұруға танысым көмектесті. Жұмыспен қамту орталығына бірнеше рет өтініш қалдырғанмын, алайда маған хабарласып, ұсыныс тастағаны есімде жоқ.
– Мемлекеттен бөлінетін жәрдемақы жеткілікті ме? Жалпы, кемтар жандарға көңіл қаншалықты бөлінеді? Не сұрар едіңіз көмек ретінде? Қоғамға ренжитін тұстарыңыз бола ма?
– Мемлекеттен алатын жәрдемақым – 45 мың. Шыны керек, бұл ештеңеге жетпейді. Қайта ата-анаммен тұратындықтан олар маған көмектеседі. Бірақ, жеке тұруға қаражатым жеткіліксіз. Себебі, ай сайынғы жәрдемақыға балдақ аламын немесе арба іздеймін, бұлардың да бағасы өсіп кеткен, амал жоқ…Ал мемлекеттен сұрайтыным тек жекеменшік пәтерім болса. Мүгедек ретінде тізімде бармыз, бірақ ол қашан бұйыратыны белгісіз. Өйткені, екінші аяғың бар, демек жұмыс жасай аласың деп, 2-топ мүгедектік туралы анықтаманы әрең берді. Алайда, екінші аяғымның өкшесі қисық біткенін, тіземнің бүгілмейтінін анықтамаларымен көрсеткенмен, нәтиже болмады.
– Сіздің күлкіңіз талай жанға күш беретінін жиі естиміз. Осындай өмірге деген құштарлықты, күш-жігерді қайдан аласыз?
– Негізі, жыласам да, құласам да, көз жасымды тірі жанға көрсетпеуге тырысамын. Көңіл күйім болмаған жағдайда судың жағасына барып, шер-мұңымды сонда шығарамын. Көз жасымды ағын су шайып кетіп, жаным тазарып қалғандай сезінем. Бірақ ел алдында ешқашан басымды төмен түсірмеймін. Одан ешнәрсе өзгеріп кетпейді. Тағдыр ғой… Алланың бұйрығына ешкім қарсы шыға алмайды. Көбіне күш-жігерді ата-анамның жылы жүздерінен аламын. Олардың қуанғаны – мен үшін бәрінен артық. Сондықтан әрдайым басымды көтеріп, тік жүруге тырысамын. Маған әлеуметтік желіден көп хаттар келеді. Кейбірі тіпті: «Аяғың жоқ болса да қалай күлесің? Не үшін боянып алғансың?», – деп жазып жатады. Ондай адамдарға: «Мен сендей адаммын, иә, аяғымнан айырылған шығармын, бірақ ол мені сендерден кем жасамайды. Мүмкін секіре алмайтын, жүгіре алмайтын шығармын, бірақ өмірдің қатал соққысына төтеп бере білдім. 30-ға жуық отаны өткердім. Әлі күнге арпалысып келемін. Мен – тірімін! Демек қалауымша өмір сүремін! Мақсатыма жетемін!» деп жауап беремін. Оның үстіне мен секілді қаншама кемтар адамдар көмекке зәру. Арасында: «Сіз маған үлкен сенім сыйлайсыз! Сізге қарап өмір сүргім келеді!» деген жазбалар да болып тұрады. Егер менің күлкім талай жанға шуақ сыйлап жатса, мен неліктен қабақ түйіп жүремін?!
– Білуімше, көлікті жақсы жүргізесіз. Оны қайдан, қалай үйрендіңіз? Оқиғаға дейін жүргізуші ме едіңіз, әлде, батырлығыңыздың нәтижесі ме?
– Көлік айдауды кішкене кезімде әкем үйрететін. Кейіннен автомектепте оқыдым. Арасында ағаларымның темір тұлпарын айдап тұрдым. Жол апатынан кейін біраз уақыт көлікке отыруға қорықтым. Бірақ, автобуспен жүру де оңай емес еді. Мініп-түсуімнің өзі мұң, тіпті үлкен кісілердің өзі орын беретін. Ағаларым мұны естіп, 30 жасыма темір тұлпар сыйлады. Бүгінде көлігім екінші аяғыма айналды. Иә, айтпақшы, тырнақ пен бет әрлеудің оқуын үйрендім. Жұмыстағы достарыма да жасап жүрдім арасында. Бірақ адам сезеді ғой, өзімді бояп үйренгенім жеткілікті болды. Себебі өзгені әрлегеннен бәлендей рахат алмадым. Қазіргі арманым – жар атанып, ана болу. 9 жыл бұрынғы апаттан кейін мен тек аяғымды жоғалтқан жоқпын, сонымен қатар, махаббатымнан айырылдым. Үйленеміз деп жүрген жігітім әлгі апаттан кейін жоқ болып кетті. Артынан менің таныс құрбыларымның бірімен бас қосқанын естідім. Әрине, ауыр қабылдадым, жазғырдым, қиналдым. Бірақ уақыт емші ғой. Қазір жүрегім тыныш. Жақсы көретін адамым бар. Жанға шуақ, бойға қуат беретін де сол сезім. Алла бақытымыздан айырмасын деп тілеймін.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айзада ОРАЗАЛЫ

 

Комментарий