Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ТАТУЛЫҒЫМЫЗҒА СЫЗАТ ТҮСІРМЕУ – БАРШАМЫЗҒА СЕРТ

Еліміз 130-ға жуық ұлттар мен этностар тұратын көп ұлтты мемлекет екені белгілі. Тағдыр тоғыстырып, тарих табыстырған талай ұлтты бір шаңырақтың астына біріктіретін Ассамблея сияқты ұйым құру туралы ойын Тұңғыш Президент Н.Назарбаев алғаш рет 1992 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан халқының бірінші форумында білдірген еді. Н.Әбішұлының айтуынша, бұл – қоғамдық келісімді сақтайтын, халықтар достығын мұрат еткен ерекше ұйым болуға тиіс.

Осылайша, Тұңғыш Президенттің «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы» Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында елдегі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында аталған қоғамдық институт құрылып, ол ҚР Президенті жанындағы кеңесші органға айналды. Жалпы, Ассамблея секілді ұйым бұрын ешқандай мемлекетте болмаған. Ал, бүгінде бұл идеяны тәжірибе ретінде алып, қолданысқа енгізген елдер бар. Осы арада ерекше айтарымыз, этникалық тілдер мен мәдениетті мемлекеттік қолдау елімізде тиімді жүргізіліп келеді. Мәселен, бүгінде 88 мектепте сабақ өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі. 100ден астам мектепте 22 этностың тілі өзіндік пән ретінде оқытылады. Бұған қоса, этностың тілін оқытатын лингвистикалық, мәдени орталықтар жұмыс істеп, өзге тілдегі басылымдар жарық көріп тұр. Атап айтқанда, телеарналарда 11 тілде хабар таратылып, кәріс, ұйғыр, орыс тілдерінде газеттер жарық көреді. Бұрынғы посткеңестік елдерде жоқ орыс, өзбек, ұйғыр, кәріс, неміс театрлары жұмыс істейді. Міне, өзге этносқа деген өзгеше көзқарас пен құрмет біздің елде ерекше екенінің дәлелі осындай. Ал, енді «Алмақтың да салмағы бар» демекші, олардың тарапынан «мемлекет құраушы ұлт қазаққа деген құрмет қандай, елге, жерге қалай қызмет етуде?» деген сауалдарға жауап іздегенде, ойланып қалатынымыз және рас. Бұған осы соңғы он жылдың көлемінде орын алған келеңсіз оқиғалар дәлел.
Жалпы, осындай жағдайларда «өзге елдерде ұлттар достығы қалай шешілген?» деген сауал мазалап, алыс-жақын мемлекеттердегі жағдайларды сараптадық. Алысқа бармай-ақ, көрші Ресейдегі жағдайға тоқталсақ, оларда 180 ұлт пен этнос өмір сүреді. Яғни, олар да көпұлтты мемлекет. Бірақ, біздегідей өзге ұлттардың тілін оқытатын мектептер жоқ. Ұлттар достығын насихаттайтын ассамблея да жұмыс істемейді. Ол елде ежелден өмір сүріп жатқан миллионға жуық қазақтың баласы қазақ тілінде сауат аша алмайды. Енді 60-тан астам ұлттар мен этностар өмір сүретін Қытайға келсек, бұрын қазақ мектептері, мешіттері болып еді, соңғы жылдары оларды да жауып тастады. Бір ғана қытай тілінде оқытып, мемлекеттік идеологияны ғана насихаттайды. Мемлекетті құраушы ұлты миллиардтап саналатын ірі державалар осындай саясат ұстанып отырғанда, бізге осы «жалпақшешейлік керек пе?» деген ойда қаласың. Соңғы жылдары қазақ қоғамы Ұйғыр ауданының атын өзгерту жөнінде бастама көтерді. Елімізде «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, оңтүстіктен солтүстікке отбасылар көшірілуде. Алайда, осы бағдарламаға қазақтар ғана атсалысып, қалғандары жылы орындарынан қозғала қойған жоқ. Немесе солтүстік, шығыс облыстарда кей елдімекендер мен қала аттары орысша атаумен тұр. Қазақ белсенділері солардың тарихи атауын қайтаруға бастама көтерсе, оған қарсылар да табылып жатады. Қалай болғанда да, бұл мәселелер мемлекетшілдік тұрғыдан шешілуі керек екені анық.
Нұрболат СҰЛТАНҒАЗИЕВ,
«Заң газеті»

Комментарий