Судья мінбері | Судебная система

Тараптарды татуластырудың пайдасы зор!

Жоғарғы Сот Төрағасының бастамасымен қолға алынған “Татуласу: сотқа дейін, сотта” пилоттық жобасы бүгінгі күннің өзінде өзінің оң нәтижесін беруде. Осы жылдың бірінші тоқсанының өзінде татуластырушы-судьялар 20 мыңға жуық істі қарап, сотқа арызданып келген мыңдаған адамды татуластыруға қол жеткізген. Ісі сотқа жетіп, біршама уақыт дауласумен уақытын өткізетіндер де, ажырасып, балаларын тірі жетім етіп, шаңырақтары ортасына түсетін отбасылар да осы татуласып, бітімгерлікке қол жеткізген. Бір сөзбен айтқанда, қоғамда татулық пен ізгілік салтанат құруда!

Бүгінгі күні “Татуласу: сотқа дейін, сотта” жобасы аясында медиация институтын балама әдіс ретінде дамытудың маңызы зор. Үш-төрт айға дейін созылатын кей­бір сот талқылауларына қарап, сотқа дейін­гі татуласу тараптарға әуре-сар­саң­ға түспеуге, уақытты үнемдеуге және қорғаушы қыз­ме­ті­не төле­­нетін, соның ішінде сотқа жүгін­уге байланыс­ты шы­ғын­­дарды үнем­деуге, бастысы, тату қарым-қаты­­нас­ты сақтап қалу­ға мүм­кін­дік беретінін анық бай­қауға болады. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде екі миллиондай адам соттың әуресімен жүр. Қоғамда азаматтық істер соңғы бес жылда екі есеге көбейіп кеткен. Бұл – алаңдатарлық-ақ жағдай. Бұл мәселені шешу үшін Жоғарғы Сот тарапынан қолға алынған татуласу институттарының жұмысын жандандыру жұмыстарынан күтілер үміт көп болып отыр.

«Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жоба шеңберінде сотта татуластыру кабинеті ашылуда. Татуласу орындарының ашылуы – тараптарды бітімгершілік рәсімдерді одан әрі дамыту және дауды сотқа дейін реттеу тәртібіне ынталандыру мақсатында атқарып жатқан көптеген игілікті шаралардың бірі. Кәсіби деңгейде медиация мүмкіндіктерін түсіндіріп, тараптарға өзара тиімді шарт­тарға келуге көмек көрсететін бітімгер-судья бекітілді. Қазақ қоғамы­ның көзқарасына сай сот билігінің түпкі мақсаты – дауласушы жақтарды табыстыру, татуластыру болған. «Дау мұраты – біту» деген сөз содан қалса керек. Осы орайда аталмыш пилоттық жобаның қоғамға берері көп боларына, өміршең боларына сенеміз!

Т.А.Құдабаев, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий