Экономика

АРМЕНИЯЛЫҚ КӨЛІКТЕР ҚАЛАЙ ТІРКЕЛЕДІ?

АҚТӨБЕНІҢ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ХҚКОДА АРМЕНИЯДАН ӘКЕЛІНГЕН АВТОКӨЛІКТЕРДІ ТІРКЕУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР.
– Тіркеу басталғалы 300-ге жуық азамат кеңес алды. Осы уақытқа дейін Армения Республикасынан әкелінген 82 көлік құралы тіркелді. 1 маусымнан бастап 1 қыркүйекке дейін Үкімет қаулысына сәйкес елде ҚР азаматтарына тіркелген және Армениядан елге әкелінген және 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген рулі сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеу басталды. Автокөлікті тіркеу кезінде жеке куәлік, мемлекеттік тіркеу үшін алым және мемлекеттік баж салығы, сондай-ақ Арменияда берілген көлік тіркеу анықтамалығы және мемлекеттік тіркеу нөмірін төлеу туралы құжат қажет. Егер автокөлік оң рулді болса, онда сертификатталған орталықтан қауіпсіздік сертификаты қажет, – дейді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.
Айта кетелік, облыс тұрғындары көлікті мемлекеттік тіркеуге қою үшін 695 теңге, көлік құралына тіркеу куәлігін беру үшін 3473 теңге, ал мемлекеттік нөмір бергені үшін 7779 теңге төлейді. Бүгінгі күні Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеу ережелерін түсіндіру үшін Полиция департаментінде Call-орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар азаматтардың ыңғайлылығы үшін арнайы ХҚКО-да нотариус пен аудармашының жұмысы ұйымдастырылды.
-Армениядан Ақтөбе облысына 3 мыңнан астам көлік, ал аудан орталықтарына 500-ден астам көлік әкелінген. Қазіргі таңда учаскелік полиция инспекторлары әр көлік иесімен көлікті тіркеу бойынша жеке түсіндіру жұмысын жүргізуде. Осыған байланысты, көлік иелерінен автокөліктерін уақытылы тіркеуді сұраймыз, – дейді Атығай Арыстанов. Мамандандырылған ХҚКО жексенбі күні де жұмыс істейді. Көлік иелеріне қолайлы болу үшін бұл күні құжаттарды қабылдау сағат 13.00-ге дейін жүзеге асырылады.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ

Комментарий