Судья мінбері | Судебная система

Сот көмекшісі – қоғам сұранысы!

Қоғамымызда сот жүктемесінің ауырлығы, жыл өткен сайын сот істерінің көбейе түсуі сот көмекшісі қызметіне сұраныс тудырды. Судья қызметінің жауапкершілігі, үлкен күш жігерді талап етеді. Соған қарамастан судьяның біліктілігі жоғары, сан-салалы жаңашылдықтан, ғылымнан хабары болуы тиіс. Сонымен бірге, судьяға әр іс бойынша заңды және дұрыс шешім дайындау үшін уақыт қажет. Бұл ретте, әрине, судьяның жанында заңгерлік жоғары білімі бар көмекшінің болуы – уақыт талабы.
Осы орайда сот көмекшісі жобасының негізгі мақсаты, біріншіден, соттың жұмысының тиімділігін арттыру болса, екіншіден сот төрелігін атқарудың сапасын жетілдіру, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыру болып табылады. Өз кезегінде сот көмекшілерін сот төрелігін атқаруға тікелей қатыстыру арқылы білікті судьяларды дайындауға ықпал етеді. Сондай-ақ, олардың сот қабырғасында қызмет атқаруы жеке басының судьялыққа лайықты қасиеттерін және кәсіби біліктілігін зерттеуге мүмкіндік беретін болады. Яғни сот көмекшілері болашақ кәсіби біліктілігі қалыптасқан, дайын судьялар деуге болады.
«Судья көмекшісі» лауазымы Ресейдің соттарында бұрыннан бар. Оларда көмекшінің болуы ең алдымен судьялардың жұмысын жеңілдеткен. Қазылардың әрбір іске тыңғылықты дайындалуына ықпал еткен. Өйткені, көмекшілеріне сот процесін ұйымдастырудың көзге көрінбейтін ұсақ міндеттерін тапсырған судьяның іске қатысты заңдарды қайталауға мүмкіндігі туады. Сонымен қатар, судьялардың көмекшісі сот ісінің ыстығы мен суығын қатар көріп, қазылық жұмысқа әбден төселгендіктен, олардан кейін мықты судья шығары талассыз. Судья көмекшілерінің қызметі төрт бағытта жүзеге асуы тиіс. Яғни, көмекшілер судьяларға бірінші, құқықтық ұйымдастыруға, екінші ақпараттық бағыттағы жұмыстарды, үшінші құжаттармен қамтамасыз ету шараларын, төртінші процессуалдық бағыттағы қызметтерді жүзеге асыруға қолғабыс ететін болады. Судья көмекшісі азаматтар мен заңды тұлғалардың түрлі даулы өтініш, шағымдарын заң шеңберінде сараптау, сот отырысы хатшыларының қызметін қадағалау, сот қызметінің бағыттары бойынша аналитикалық есептерді жасау т.б қызметтерді жүзеге асырады деп күтілуде. Сондай-ақ, бұл судьялардың қағазбастылығын да айтарлықтай азайтпақ. Сондықтан еліміздегі сот жұмысы жаңа бір сапаға көтерілеріне сенім мол!
И. Бірліков, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының бас маманы

Комментарий